«Тараз қаласында бір подъездің тұрғындары қамауға алыныпты» деген ақпар осыдан бірер күн бұрын әлеуметтік желілерде желдей ескен болатын. Алайда жергілікті билік бұл ақпарды барынша жоққа шығарып, жасыруға тырысты. Дегенмен, Қарасу тұрғын алқабындағы көпқабатты үйде таныстары тұрып жатқан тұрғындар бұны жарыса жазып, биліктен ақ-қарасын айтуды талап етті. Осыған орай бүгін Жамбыл облысы әкімдігі ресми мәлімдеме жасады. «Таразда бұған дейін коронавирус ауруына шалдыққан 86 жастағы әйел анықталған Қарасу тұрғын алқабындағы көппәтерлі тұрғын үйдің кіреберісі карантинге жабылды. Қазір анықталған науқас инфекциялық стационарда ем алуда. Эпидемиологиялық тексеру барысында азаматша 17 наурызда Алматыдан келген жақын туысымен байланыста болғаны белгілі болды. Байланыста болған 5 азамат карантинге орналастырылды. Подъезде және тұрғылықты жері бойынша дезинфекциялық өңдеу шаралары жүргізілді. Осы подъездегі пәтерлердің 27 тұрғынынына 14 күнге оқшауланып, өз пәтерлерінен шығуға тыйым салынды. Олармен тиісті мамандар әңгімелесулер жүргізіліп, өзін-өзі оқшаулаудың маңыздылығын түсіндірді. Подъезде полиция қызметкерлері кезекшілік етеуде. Тұрғындарды Тараз қаласының әкімдігі қажетті азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуде», – делінген ресми мәлімдемеде. Осылайша көптің көкейіне үрей мен күдік ұялатқан жайтқа қатысты жергілікті билік ашық ақпар берді. Десе де, бірер күн бұрын-ақ түрлі әңгімеден жүрегі шайлығып қалған жұрт бұл маңды айналып өтуге тырысуда.
Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы.