Әлемде болып жатқан қиын-қыстау дүрбелең кезеңді Қазақ елі де бастан өткізуде. Осындай қарбалас сәтте тәуелсіз елімізді 30 жыл басқарған көшбасшы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, «Nur Otan» партиясының төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та бұл жағдайға бей-жай қарамай, мемлекетіміздің болашағы үшін «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласын жариялады. Бұл үндеу арқылы Елбасының жүрегінде үнемі халқы тұратынын, қуаныш пен қиындықта бізбен бірге екенін байқауға болады. Ол кез келген қиындықты бірлесе жұмылып жеңіп, татулық пен ынтымақтың, береке мен бірліктің, сабырлық пен төзімділіктің арқасында болашақ мақсатымызға, арман-мұратымызға нық қадам басып, бәрімізді «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» қауіпті індетпен күресуге және дені сау біртұтас ұлт болуға шақырады. Қазіргі сәтте бірлігі ажырамаған, ынтымағы жарасқан еліміздің тыныштығы үшін жұқпалы індетпен алдыңғы шепте күресіп жатқан барша қайсар, батыл мінезді қызметкерлер үшін, оның ішінде алтын ұя отбасынан алшақ жүрген, ауруды жұқтырып алу қаупінен емес, халқымыздың амандығы, болашағы үшін, адамзаттың алдында өз борышын, міндетті парызын атқарып жүрген ақ халатты мейірімді абзал жандар үшін, олардың жұмсаған күш-қайраты мен ерен еңбектерін ескеріп, барлығымыз бірге жеңіске жету үшін жұмыла күш жұмсауымыз керек. Елбасының «Мәңгілік ел боламыз» деген биік мұрат-мақсатына біз де бірге ұмтылуымыз керек. Біздің болашағымыз өз қолымызда. Біз бәріміз біргеміз!
Алмат ҚОДАСБАЕВ, Алматы қалалық кардиологиялық орталығының бас дәрігері