Коронавирус мұқым әлемді алқымнан алып тұр. Медицинасы дамыған АҚШ-тың өзінде бір тәулік ішінде 1736 адам көз жұмды, деп хабарлайды «Хабар 24». АҚШ-та 400 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырған. Оның шамамен 13 мыңы көз жұмды. Көбі – Нью-Йорк штатының тұрғыны. Аурулар қатары күн санап мыңдаған адамға артып жатқандықтан, ауруханалар оларды қабылдап үлгермей жатыр. Науқастардың бір бөлігі енді шіркеуге орналастырыла бастаған. Мәселен, Нью-Йорктегі Иоанн Богослов кафедралдық шіркеуінде арнайы 9 шатыр құрылып жатыр. Оған 200 науқас сияды. Мәйіт көбейген соң Пентагон өңірге жерлеу бригадасын аттандырды. Сондай-ақ мың әскери дәрігер де келіп жетті.