Маңғыстау өңіріндегі «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС ұжымы бас қосты. Отырыста алда өтетін кезектен тыс президент сайлауы туралы сөз қозғалып, бұған дейін елордада өткен Nur Otan партиясының кезектен тыс ХІХ съезінде президенттікке ұсынылған үміткерді қолдау мәселесі қаралды.
Алдымен сөз алған кәсіпорынның бас директоры Қайрат Әбдірасылов, жуырда ғана Нұр-Сұлтан шаһарында Nur Otan партиясының кезектен тысХІХ съезінде айтылған ұсыныстарға «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС ұжымы қолдау білдіретінін жеткізді.
Қазіргі уақытта мемлекет тарапынан елімізде электроэнергияны дамытуға көп көңіл бөлінуде. Сондай-ақ елімізде 2030 жылға дейін электроэнергетика саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бекітілген. Бүгінгі таңда МАЭК компаниясы – бәсекеге қабілетті, алға қойған мақсаты айқын және Маңғыстау өңірінің дамуына өзіндік үлесін қосып отырған алдыңғы кәсіпорын.
– Бұл ретте Елбасы Н.Назарбаевтың еңбегі орасан екенін айта кеткім келеді. Осы уақытқа дейін елімізде халықтар достастығын сақтап, этникааралық және дінаралық қақтығыстарға жол берілген емес. Жалпы, елдің қарыштап дамуы өз қолымызда екенін ескеретін болсақ, татулық пен сыйластықты сақтап қалу үшін таңдауымызды жасауымыз қажет, – деді Қайрат Абдрасилов.
Сонымен қатар өзінің ойын ортаға салып, пікір білдіргендер қатарында БН – 350 реакторлық қондырғысының директоры Марат Молдағұлов, «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС жанындағы Nur Otan партиясы бастауыш партия ұйымының төрағасы Андрей Могилин, ТЭЦ – 1 электр жабдықтарының маманы Сірімбек Мыңжасов болды.
«МАЭК-Қазатомпром» ЖШС ұжымы 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына барлық қазақстандықтарды белсенді қатысуға шақырды. Себебі, бұл – әрбір азаматтың борышы және елдің ертеңі үшін қажетті қадам.
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ