Күн атомды алмастыра ала ма?
Күн атомды алмастыра ала ма?
253
оқылды

Соңғы жылдары күннен алынатын энергия көлемі артып келеді. Мәселен, соңғы 10 жылға жасалған сараптамаға сәйкес, жел энергетикасының әлеуеті – жылына 920 КВт/сағатты құраса, су энергетикасының әлеуеті – 620 КВт/сағат екен. Ал күн энергиясының әлеуеті оңтүстік өңірлерде 2 500-3 000 КВт/сағатқа жеткен.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәсли­хатында айтылған осы деректен кейін ойымызға атом электр стан­салары түсті. Атом электр станса­сын салу туралы бастамаға халық әу бастан қарсы. Билік АЭС энер­гияға деген сұранысты қамтамасыз ету үшін қажет дейді, халық оның радиациялық зардабына алаңдайды. Осы бір даулы мәселені күн энергиясын көптеп өндіру арқылы шешсе қайтер еді?

Энергетика министрлігі жаңғырмалы энергия көздері департаментінің басқарма басшысы Абай Құланбайдың айтуынша, Қа­зақстан Париж келісімі бо­йынша ауаға таралатын парник газдың мөлшерін төмендетуге міндеттеме алған. Оның үстіне, еліміздегі ірі отын-энергетикалық ресурстарды болашақ ұрпаққа сақтап қалу міндеті тағы бар. Бағымызға қарай, жаңартылатын энергия көздерінің еліміздегі әлеуеті өте жоғары. Демек, балама энергия көзін өндіруге мүмкіндік тапсақ, нәтиже болары анық. Сөзіміз дәлелді болу үшін Абай Құланбайдың дерегін келтірсек, еліміздегі жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін энергияның мөлшері соңғы 10 жылда 8 есе өскен. Мәселен, 2009 жылы 140 КВт/сағаттық 8 су электр стан­сасы болған екен, ал 2019 жылы жалпы мөлшері 680 МГВт қуаты бар ірі нысандар жұмыс істеп тұр. Соңғы 10 жылда сөз басында айтқанымыздай, су электр стансаларының әлеуетін күн электр стансалары басып озған.

«Қазіргі таңда күн, су және жел энергетикасы саласындағы 72 ны­сан жылына 1,3 млрд КВт/сағаттық энергияны өндіріп отыр. Түсінікті болу үшін айта кетейін: 1,3 млрд КВт/сағат дегеніміз – жалпы Қызылорда облысының бір жыл тұтынатын электр энергиясына немесе еліміздегі ең өнеркәсіпті өңір Қарағандының бір ай тұты­натын энергиясына тең», – дейді А.Құланбай.

Қазақстандық күн энергетикасы қауымдастығы директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Қапеновтің дерегінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша әлемдік күн энергетикасының белгіленген қуаты 500 ГВт-тан асыпты. Бір ғана 2018 жылдың ішінде 100 ГВт-дан астам фотоэлек­трлік стансалар салынған. Ғаламшарда электр энергиясын өндіру үшін күн энергиясын пайдаланатын 90 ел бар, ал 32 елде 1 ГВт-тан астам күн электр стансалары орнатылған.

«Күн сәулелік электр станса­сы белгіленген қуатын 300-ден 500 ГВт-ге дейін арттыру үшін 2 жыл ғана жеткілікті болды. Салыстыру үшін, әлемдегі АЭС-тің белгіленген қуаты шамамен 400 ГВт-ты құ­райды. Беделді әлемдік сарапшылар 2019 жылы бүкіл әлемде 129 ГВт фотоэлектрлік күн электр стансалары орнатылатынын болжап отыр, яғни 2018 жылмен салыс­тыр­ғанда күн электр стансалары өндіретін энергия 29 ГВт-қа артық деген сөз» дейді.

Оның айтуынша, Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін соңғы жылдары энергетикалық кешенді (ЖЭК) дамыту векторларының бірі ретінде қарастырып отыр. Бұл ретте елімізде ЖЭК секторын дамытудың нақты нысаналы индикаторлары қабылданған. Осылайша, электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі ЖЭК-тің үлесі 2020 жылға қарай – 3 пайызға, 2025 жылға қарай – 6 пайыз­ға жеткізу жоспарда бар. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 10 пайызға жеткізілуі тиіс. 2050 жылға қарай елімізде өндірілетін жиынтық энергияның, кем дегенде, тең жартысын жаңғырмалы энергия құрауы тиіс. Егер сол межеге жетер болса, онда елімізге АЭС салудың қажеті болмас деген дәмеміз де жоқ емес.

Ал оған қол жеткізу үшін жаңғырмалы энергия көзін өндіруге баса назар аударылуы тиіс. Бұл орайда Энергетика министрлігі биыл 250 МВт энергияны аукцион­ға қоймақ. Себебі, аукцион механизмі арқылы бұл салаға инвес­торлар тартуға болады.

«Осы жылы 250 МВт энергияны аукционға қою жоспарланып отыр. Аукцион алаңы Түркістан қаласының маңында орналасады. Бұл – күн энергиясына қатысты жоба­ларды жүзеге асыруда таптырмас жер», – дейді Энергетика министр­лігінің жаңғырмалы энергия көз­дері департаментінің директоры Айнұр Соспанова. Аукцион алдағы қыркүйек немесе қараша айында өткізілмек. Аукционда жеңіске жеткен инвесторлар жобаны Түркістан облысында жүзеге асырады. Алдын ала болжам бойынша биыл аукционға 9 мемлекеттен инвестор қатысады.

Жаңғырмалы энергия саласын қолдаудың тағы бір жолы ретінде Қазақстандық күн энергетикасы қауымдастығы Үкімет жетекшісіне 4 шілдені «ЖЭК қызметкерлері күні» етіп белгілеу туралы ұсыныс жасап жатыр.

«Он жыл бұрын, яғни 2009 жылдың 4 шілдесінде «ЖЭК пайдалануды қолдау туралы» заң қабылданған болатын. Одан бері Қазақстанда осы салада еңбек ететін маман саны мыңнан асты. Олардың бәрі де еліміздегі жаңартылатын қуат көздерінің басталуы мен дамуына бір кісідей атсалысып жүр. Бұл бастаманы бүгінде саладағы қоғамдық бірлестіктер қолдады. Енді ел Үкіметі бастамамызға қолдау білдірер деген сенімдеміз. Кәсіби мереке сала мамандарына жігер берер еді», – дейді қауымдастықтың басқарма төрағасы Калия Хисамидинова.

Оның айтуынша, алдағы 4-5 шілдеде Бурабай курорт аймағында энергетика саласының барлық мүдделі қатысушысының басын қосатын Solar Fest Qazaqstan іскерлік фестивалі өтеді. Іскерлік қарым-қатынас форма­тындағы шара Rixos Borovoe шипажайында галстуксыз кездесу түрінде өткізілмек. Фестиваль соңында салалық қауымдастық атынан Үкіметке үнде қабылданады. Ол құжатта сарапшылар мен нарық қатысушыларының қазіргі ұстанымы мен еліміздегі ЖЭК-ті дамыту жөніндегі ұсыныстар енгізіледі.