«Маска тігуге мәжбүрлеген» – дәрігері коронавирусқа шалдыққан аурухананы тексеру басталды
«Маска тігуге мәжбүрлеген» – дәрігері коронавирусқа шалдыққан аурухананы тексеру басталды
Фото: Интернеттен алынды
2,155
оқылды
Жамбыл облысы Меркі аудандық ауруханасы дәрігерінің әлеуметтік желідегі шағымы бойынша қызметтік тексеру басталды. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұған дейін коронавирус инфекциясын жұқтырып алған аталған аудандық аурухананың инфекционист дәрігері Толқынай Ордабаева әлеуметтік желіде өзі қызмет ететін ауруханаға қатысты шағымдарын жеткізген болатын. Ол емдеу мекемесінің медицина қызметкерлерін маска тігуге мәжбүрлегенін, жұмыста ешқандай маска мен қорғаныш құралдары берілмейтінін, мұның барлығы иммунитеттің әлсіреуіне алып келгенін айтып, наразылығын білдірген еді. Ал, облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінде денсаулық сақтау басқармасы және тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің департаментімен бірлесе отырып, Меркі аудандық орталық ауруханасының дәрігері Т.Ордабаеваның әлеуметтік желілерде жарияланған шағымы бойынша қызметтік тексеру басталған.
«Дәрігер-инфекционист Т. Ордабаева 1,75 штаттық бірлікке (сағат 9-дан 18.00-ге дейін) сәйкес лауазымдық жалақымен жұмыс істеген. Оның ішінде-0,25 штаттық бірлік оның өз келісімі бойынша денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыздығына қатысты әріптесінің уақытша міндетін атқарған. Биыл 3 сәуірде Т. Ордабаева дене қызуының жоғарылауына шағымданған. Одан зертханалық талдаулар (ПТР) алынып, қорытындысына сәйкес коронавирустық инфекцияны жұқтырғандығы расталған. Эпидемиологиялық тексерулер жүргізіліп, вирус жұқтырған дәрігермен жақын байланыста болған 5 адам анықталып, карантинге орналастырылды. Науқас инфекциялық стационардың екі орындық боксында осындай диагнозы бар басқа пациентпен бірге жатқызылған. Бұл санитарлық-эпидемиология талаптарына қайшы келмейді. Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен емдеу хаттамасына сәйкес, Алувия препаратын қабылдаған» делінген ведомство хабарламасында.
Сондай-ақ осы айда науқас дәрігерге сыйақы төленбек.
«Бүгінгі күні аудандық аурухананың медицина қызметкерлері толық көлемде жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. 1000 - нан астам медициналық бір реттік медицианалық бетперделер, көп рет қолданылатын маскалар – 1600, бір рет қолданылатын костюмдер – 1200 бірлік, дезинфекциялық құралдар-40 мың «Диахлора» таблеткасы, 15 литр антисептиктер бар. Ағымдағы жылы аурухана 3 миллион 468 мың теңгеге ЖҚҚ және дезинфекциялық құралдарды сатып алған. Қосымша 6 миллион теңгеге сатып алулар жоспарлануда. Осы айда коронавирусты инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша іс-шараларға тартылған осы аудандық аурухананың 20 медицина қызметкері, соның ішінде дәрігер Т.Ордабаеваға да сыйақы төлеу жоспарлануда. Ол айтқан барлық фактілер қызметтік тергеу барысында тексерілетін болады» делінген баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.
Жалпы, коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі іс-шараларға облысқа республикалық бюджеттен 576 миллион теңге және жергілікті бюджеттен 281 миллион теңге бөлінген. Қазіргі таңда 4,1 мың дана бір реттік костюмдер, 276 мың дана бір реттік бетперделер, 17,8 мың дана респираторлар, 4,8 мың литр дезинфекциялық құралдар мен антисептиктер және басқа да медициналық бұйымдар мен препараттар қоры бар.