Тұңғыш Президент қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласына орай өз пікірін айтты. -Мақала Елбасының «Тәуелсіздік жылдары ел өмірінің ең қиын да күрделі кезеңдерінде мен кез келген мәселені қадірменді отандастарыммен бірге бүкпесіз, ашық талқыға салып, туған халқыммен үнемі ой бөлісіп келемін. Бүгінгідей бүкіл әлем алаң күй кешіп, ұлт саулығы сынға түскен қазіргі сәтте де баршаны сабырға, байсалдылыққа шақырып, тағы да жұртыма ақ тілеулі сөзімді арнағалы отырмын» деген сөздерімен басталған. Осы жолдардан-ақ Ұлт көшбасшысының халыққа не айтпақ болғанын айғаруға болады. Коронавирус індеті жайлаған мынадай қиын қыстау кезеңде Тұңғыш Президент халықты дүрбелеңге салынбай, сабырлы болып, бар қиындықты сабыр мен төзім арқылы жеңуге шақырған. Біріншіден, мақаланың мақсаты қоғамдық пікірді бітұтастандыру. Пандемия салдарынан туындаған дағдарыс жағдайында ішкі саяси тұрақтылық өте маңызды. Жобалар мен жоспарларды жүзеге асыру үшін азаматтар тарапынан қолдау керек. Сондықтан, Елбасы бұл үндеуінде қазақстандықтар бір адамдай жұмылса, бірліктің арқасында қиындықтарды еңсеретінін айтқан. Екіншіден, соңғы кезде Тұңғыш Президенттің денсаулығы туралы қауесет әңгімелер көбейіп кеткені белгілі. Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкімет басшысы Асқар Маминмен кездесуі және осы жарияланған мақаласы сол сөздерді жоққа шығарады десек те болады. Үшіншіден, Елбасы мақаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты аузына алып, оның таяуда халыққа жасаған мәлімдемесіне тоқталған. Ел азаматтарын осындай қиын жағдайда қолдау тетіктерін ұсынған Президенттің бастамасына қолдау білдіріп, халықты оның айтқан ақыл-кеңесіне құлақ асуға шақырады. Тұңғыш Президент Мемлекет басшысының барлық қадамын қолдайды. Бұл жерде президенттердің өзара әрекеттестігі көрінеді. Бұдан Елбасының жол көрсетіп, жөн сілтейтін баяғы ақылгөй, дана ұлт көшбасшысы екенін байқауға болады, - деді сарапшы.