Ауылдастар тірлігіне риза
Ауылдастар  тірлігіне риза

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ауылдағы ағайынға, елден түлеп ұшқан түлектерге үлкен қозғау болды. Бүгінде әр ауылдан «Туған жерге туың тік!» ұранымен туған елге, ауылға қарайласып, ерте көктемде сенбілік ұйымдастырып, туған өлкенің көркеюіне мұрындық болып отырған бауырлардың тірлігін естіп, біліп, қуанып қаласың. Осындайда ағайынның үлкендері бас болып, інілеріне жөн көрсете біледі. Тіпті ешкімді ешкім қинамай, мәжбүрлемей, көпшілік игілікті іске жұмыла кететінін көріп, тағы бір мерейің тасып қалады.

Өткен жылы Талас ауданы Ойық ауылдық округіне қарасты Сейілбек ауылының маңында шоғырланған Қарақожа мешіті, Бөлтірік шешен кесенесі, Ілебай датқан кесенесі, Қызыл қорған тарихи қалашық орны, осында жатқан Тұрар Рысқұловтың әкесі Жылқайдар қорымының аумағын абаттандыру шаралары басталған еді. Сол жолы ауыл түлектері бес жүз түп тал-дарақ отырғызып, сен­бі­лік өткен-ді. Биыл сол дәс­түр­ді үзбей, жоғарыда атап кеткен ау­мақ­қа 1 000 дана жас дарақ егілді, жасы үлкен-кіші сенбілікке қаты­сып қайтты. Ағайынды ортақ іске жұмылдыра алатын ағалар аман болсын! Үлкендердің сөзіне жығы­ла­тын бауырлар аман бол­сын!

– Амандық болса, алдағы төрт-бес жылда бұл маң адам таны­мастай болып өзгеретініне сенімдімін! Бастысы бауырлар­дың, ағайындардың ынтасы зор. Бір қуанарлығы – бұл іске жастар да тартылып отыр, – дейді осы істің басы-қасында жүрген Қибат Асқарбеков.

Мұндай игі іс осы ауданның Сәду Шәкіров ауылында да жалға­сып отыр. Ерте көктемде ауылдағы ағайын жазғы және күзгі тірлігіне ерте қамданып жатады. Алайда кейде қолда барды ұқсата алмай, қала берді техника жетпей, бір істің қиуы кетіп жататыны тағы анық. Ал мұндайда төмендегі жігіт­тердің ісіне тіпті риза болып, «Әй, бәрекелді!» дейсің. Сәду Шәкіров ауылының 1973-1993 жылы туған түлектері игі істі қолға алып отыр. Бірнеше жыл бойы таза­ланбай, арнасы біткен «Қазақ­бай» каналын тазалап, көзін ашып шаруа мен диқанға ағынсудың кедергісіз жетуіне мұрындық бол­ды. Каналдың бойы тазаланды. Суды реттейтін бөгет салынып, жағасы бектілді. Күндіз-түні ка­нал басында жүрген жігіттер канал арқылы суды ауылға жет­кі­зе­міз деп отыр. Каналға су Талас өзені­нен келеді. Мұнда он­шақ­ты тех­ни­­ка жұмысқа жегілген. Шама­мен жігіттер екі миллионға жуық қар­жы жинап, елдік шараны бастап кеткен. Сондай-ақ ауыл ішіндегі арық көздері тазаланып, көшелер де ретке келтіріліп отыр екен. Жігіт­тер осындай іске қолдау көрсе­тіп, басы-қасында жүрген алматылық ауылдастары Ғалым Асқаров пен Шариф Назархан арнайы техникалармен көмек көр­сеткенін де айтады. Рас, бүгін­де бұл бастама көрші жатқан ауыл ағайындарына да үлгі болып отыр.

– Бір қызығы, осы істі бастар тұс­та ауыл түлектерінің басын қосып жиған болатынбыз. Сонда бәрі бірауыздан келісті және тағы бір ескерер жағдай – ауылда ұр­лық, қылмыс деген азайды. Өйт­ке­ні қазір ауылда болып жатқан жаңа­лықтарды ортақ «чат» арқы­лы естіп отыратын болдық. Оның үстіне ауылдағы учаскелік инспек­тор ауылдағы жағдайды бізге жет­кі­зіп отырады. Елді біріктіруге, ауыл жастарының үлкендерге қа­рап бой түзеуіне аз да болса себеп­­ші бола­тын іс болды, – дейді Шариф Назар­­хан. 

Ал осы ауылмен көрші жатқан Аққұм ауылында да ауыл тұрғындарының ауызбіршілі­гін, ынтымағын және жарасымын көрсетсе берекелі іс жалғасын тауып­ты. Міне, жақсы бастама, жақ­сы іс жалғасын тапты деген осы. Аққұм ауылының 1977-1994 жы­лы туған түлектері ортадан 1 800000 теңге қаржы жинап, ауыл­ды абат­тан­дыру шарасын қолға алыпты.

 

Ерман ӘБДИЕВ, Жамбыл облысы