Қазақстан Президенттігіне үміткер Жұматай Әлиев мемлекеттік тілден тапсырған емтиханнан сүрінді. Орталық сайлау комиссиясы жанынан құрылған ҚР Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын лингвистикалық комиссия 13 сөйлемнен 19 қате жіберген кандидатқа мемлекеттік тілді еркін меңгермеген деген баға берді.
«Бүгін «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінен президенттікке үміткер ретінде ұсынылған Жұматай Әлиев емтиханға берілген уақытын толық пайдаланды. Комиссия барлық кезеңдерді жан-жақты талқылады. Үміткер бірінші кезеңде «Мемлекет және дін» деген тақырыбында шығарма жазды. Тақырып мүлдем ашылмаған, сөйлемдерінің барлығы жүйесіз. Дін мәселесі де мүлдем ашылмады деуге болады, үстірт. Екінші кезеңде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының 2-томынан үзінді оқыды. М.Әуезовтің сөзі «қыздың жиған жүгіндей» ғой. Мәтіннің өз әуезі бар. Бұл жерде де өзінің шорқақтығын байқатты», – деді лингвистикалық комиссияның мүшесі, академик Әділ Ахметов.
Оның айтуынша, Ж.Әлиев үшінші кезеңде «Ырыс алды – ынтымақ» тақырыбында баяндама жасаған. Бұл тапсырманы да үстірт орындаған.
«Сауатсыз болды. Мәселен, бірінші кезеңдегі шығармада бас-аяғы 13 сөйлемде 19 қате. Өздеріңізге белгілі, 8 қатеден асса ол шығарма теріс бағаланады. Сондықтан президенттікке үміткер Жұматай Әлиев мемлекеттік тілді еркін меңгермеген деген комиссия қорытындысы шықты», – деді ол.
Жұматай Әлиевтің мемлекеттік тілді еркін меңгермегені туралы емтихан нәтижесін ескере отырып, Конституция мен Сайлау туралы конституциялық заңда Президенттікке кандидатқа қойылатын талаптарға сәйкес еместігі туралы хаттама қабылданды. Осыған байланысты Ортсайлауком қаулысы қабылданды. Қаулыда ҚР Президенттігіне кандидат Жұматай Әлиевтің ҚР Конституциясының және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңының талаптарына сәйкес емес екені, оны ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тартылатын айтылған.
Осылайша Ж.Әлиев қазақ тілі емтиханынан сүрінген алғашқы кандидат атанды.