Алматы ақынын еске алды
Алматы ақынын еске алды

Алматыдағы Ұлттық кітапханада белгілі айтыскер, айтулы ақын Есенқұл Жақыпбекті еске алуға арналған әдеби кеш болып өтті. Кешті «Ана тілі» газетінің бас редак­торы Жанарбек Әшімжан тізгіндеп, ақынның өмірі, өлеңі жайлы толғанысын жеткізді. Сондай-ақ кеш басталмай тұрып сахна төріне ақынның жары Меңсұлу Нағашбекованы шақырып, төрден орын берді.

– Бүгін бәріміз толқып отыр­мыз. Мен де Есенқұлмен қайта жүздесетіндей болып тол­қып келдім. Жасы кіші бол­ға­нына қарамастан оны «Еса­ға» деп айтатынмын. Есенқұл­дың аты ерте танылды. Оның поэзиясындағы ерекше­лігі – өлеңдерінен қазақ даласының иісі аңқып, бұрқырап шыға келе­тін.

«Өтті жаз,

Кетті алыстап жұмақ көктем.

Күз келді,

Қайтты құстар шұбап көкпен.

Дауысы қайтқан құстың

Неткен мұңлы!

Қыздай боп ұзатылған,

Жылап кеткен» дейді.

Көкейдегі ойды, көркемдікті жеткізу үшін ақындар әртүрлі теңеу, әртүрлі тәсіл қолдана бере­ді ғой. Бірақ Есенқұлдың осы теңеуі өте сәтті, өзгеден ерекше шыққан. Кей-кейде көк жүзінде самғап бара жатқан құс көрсем Есенқұлдың осынау өлең жолдары еске түседі, – деді ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин.

Кеште ақынның поэзия және айтыстағы өлеңдерін жи­нақ­таған кітаптарының тұсауы кесілді. «Ұлы өлең құйылып тұр өзегіме» атты кітапқа оның әр жылдары айтыс сахнасында айтқан жырлары енген. Ал «Еса­ға» атты толымды кітаптың ішін­де поэзия туындылары топ­тасыпты.

– Есенқұл Жаратқан ие жағы­на салған киелі сөзді ұлт­тық бояуын жоғалтпастан хал­қы­на ұсынды. Іргетасы халық ауыз әдебиетінен қаланған, қабыр­ғасында Мұқағали дәуірі­нің өрнегі бар ақсарайдың ша­ңы­рағы уақыт өте келе Жақып­бе­­ков шешіміне ұласты. Жам­был­ды пір, Мұқағалиды ұстаз тұтқан Есағаңның сезімге толы сұрапыл жырлары әрқайсы­мыз­дың жүрек тұсымыздан сөй­лей­тін себебі де сол қарапайым қалы­бында, туған топырағынан жаралғандығында болса керек. Есенқұл дәуірі құланиектеніп атып келеді, – деп пікір білдірді Жанарбек Әшімжан.

Ақынның сөзіне, танымал композитор Жәкен Омаровтың әніне жазылған «Біздің елдің жігіттері» атты ән ел арасында кеңінен таралды. Бұл ән қазір де үлкен сұранысқа ие. Әдеби кеш­ке ән авторы да келіп, Есен­құл ақын туралы жүрек­жар­ды сөзін арнады. «Қазіргінің жігіттері қан­дай болуы керек?» деген сұ­рақ жиі қойылады. Көбі «Біз­дің елдің жігіттеріндегі» жігіттерді аң­сайтындай. Оларды көргіңіз кел­се қазір ән біткен соң жәй­мен­­деп залдың артына көз салы­ңыз­дар. Әнге кейіпкер бол­ған біраз жігіт бүгінгі кешке де қаты­сып отыр» деп жұрт­шы­лықты бір желпінтіп қойды.

Сонымен қатар жиында Бек­жан Тұрыс, Қадырғали Көбен­тай, Алма Аманжолова, Ербол Спанәлиев, Гүлшат Тәкежа­нова секілді елге таны­мал өнерпаздар жылы лебізін арнап, өнер көрсетті.