Алматыдағы Ұлттық кітапханада белгілі айтыскер, айтулы ақын Есенқұл Жақыпбекті еске алуға арналған әдеби кеш болып өтті. Кешті «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан тізгіндеп, ақынның өмірі, өлеңі жайлы толғанысын жеткізді. Сондай-ақ кеш басталмай тұрып сахна төріне ақынның жары Меңсұлу Нағашбекованы шақырып, төрден орын берді.
– Бүгін бәріміз толқып отырмыз. Мен де Есенқұлмен қайта жүздесетіндей болып толқып келдім. Жасы кіші болғанына қарамастан оны «Есаға» деп айтатынмын. Есенқұлдың аты ерте танылды. Оның поэзиясындағы ерекшелігі – өлеңдерінен қазақ даласының иісі аңқып, бұрқырап шыға келетін.
«Өтті жаз,
Кетті алыстап жұмақ көктем.
Күз келді,
Қайтты құстар шұбап көкпен.
Дауысы қайтқан құстың
Неткен мұңлы!
Қыздай боп ұзатылған,
Жылап кеткен» дейді.
Көкейдегі ойды, көркемдікті жеткізу үшін ақындар әртүрлі теңеу, әртүрлі тәсіл қолдана береді ғой. Бірақ Есенқұлдың осы теңеуі өте сәтті, өзгеден ерекше шыққан. Кей-кейде көк жүзінде самғап бара жатқан құс көрсем Есенқұлдың осынау өлең жолдары еске түседі, – деді ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин.
Кеште ақынның поэзия және айтыстағы өлеңдерін жинақтаған кітаптарының тұсауы кесілді. «Ұлы өлең құйылып тұр өзегіме» атты кітапқа оның әр жылдары айтыс сахнасында айтқан жырлары енген. Ал «Есаға» атты толымды кітаптың ішінде поэзия туындылары топтасыпты.
– Есенқұл Жаратқан ие жағына салған киелі сөзді ұлттық бояуын жоғалтпастан халқына ұсынды. Іргетасы халық ауыз әдебиетінен қаланған, қабырғасында Мұқағали дәуірінің өрнегі бар ақсарайдың шаңырағы уақыт өте келе Жақыпбеков шешіміне ұласты. Жамбылды пір, Мұқағалиды ұстаз тұтқан Есағаңның сезімге толы сұрапыл жырлары әрқайсымыздың жүрек тұсымыздан сөйлейтін себебі де сол қарапайым қалыбында, туған топырағынан жаралғандығында болса керек. Есенқұл дәуірі құланиектеніп атып келеді, – деп пікір білдірді Жанарбек Әшімжан.
Ақынның сөзіне, танымал композитор Жәкен Омаровтың әніне жазылған «Біздің елдің жігіттері» атты ән ел арасында кеңінен таралды. Бұл ән қазір де үлкен сұранысқа ие. Әдеби кешке ән авторы да келіп, Есенқұл ақын туралы жүрекжарды сөзін арнады. «Қазіргінің жігіттері қандай болуы керек?» деген сұрақ жиі қойылады. Көбі «Біздің елдің жігіттеріндегі» жігіттерді аңсайтындай. Оларды көргіңіз келсе қазір ән біткен соң жәймендеп залдың артына көз салыңыздар. Әнге кейіпкер болған біраз жігіт бүгінгі кешке де қатысып отыр» деп жұртшылықты бір желпінтіп қойды.
Сонымен қатар жиында Бекжан Тұрыс, Қадырғали Көбентай, Алма Аманжолова, Ербол Спанәлиев, Гүлшат Тәкежанова секілді елге танымал өнерпаздар жылы лебізін арнап, өнер көрсетті.