Ел үшін қызмет
Ел үшін қызмет
Ел үшін еңбек етіп, Отанға адал қызмет етсең, жаман атты болмассың. Елімізде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, мәселен қыс айларында боран, өрт оқиғалары жиі тіркелетін болса, көктем шыға қар суының еруінен болатын су тасқыны жиі орын алып жатады. автобус Ал жазда дала өрті көп тіркелуде. Көп жағдайда бұл климаттың өзгеруімен және өзге жағдайлармен байланыстырылып жатады. Десек те, жасыратыны жоқ, халқымыз қауіпсіздік ережесіне, төтенше жағдай орын ала қалса, алдын ала сақтандыруға аса мән бермейді. Қауіпсіздік ережесіне мән бермеумен қоса, апатқа алып келер жағдайларды жеңіл жолмен айналып өтуге әрекет жасайды. Жаһанға жайылған коронавирус індеті бүкіл елдің үрейін ұшыруда деуге болады. Бұл да елімізге төтенше жағдай жариялауға дейін жеткізді. ұлан Карантин жарияланғалы полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан жауынгерлері бірлесе қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тәулік бойы қызмет атқарып жатыр. Ұландықтар республика бойынша мемлекеттік маңызды мекемелер мен стратегиялық нысандарды ерекше бақылауға алды. Бүгінгі таңда құқықтық тәртіп әскерінің жеке құрамы төтенше жағдай мен карантинге байланысты барлық шараларға жұмылдырылды.  width= Нұр-Сұлтанда күнделікті тәртіпті күзетуге 1200 әскери қызметші бөлінеді. Олар полиция қызметкерлерімен бірге 600 бағытта жаяу патрульдеу ұйымдастырады. Сонымен қатар, түнгі қызметке 7 автопатруль Ұлттық ұланнан бөлінген. Біз солардың қызметіне барып көрдік...  width= Жағалаудың жағасында жүрген жаяу патрульге кездестік. Полиция қызметкері қатардағы Арнат Аманов пен ұландық жауынгерлер қатардағы Өмірзақ Сәрсен мен Марат Айткен қызметте жүр екен. Жақынырақ қызметтерімен таныстық.  width= – Біздің міндетіміз елордадағы төтенше жағдайға байланысты карантин кезінде көшеде кездескен адамдардың құжаттарын тексере отырып, олардың үйден шығу себебін анықтау. Олардың қауіпсіздік шараларын орындамауы, бетпердесіз көшеде жүруі бойынша бірінші түсіндіру ережелері жүргізіледі. Егерде жұмыс бабымен болса, қызмет орнынан арнайы таңба басылған құжат болуы керек. Барлығы ережеге сай болатын болса, жібереміз. Сонымен қатар көліктерді де тоқтатып, түсіндіру жұмыстарын жасаймыз. Елордамызда көпшілік жиналатын орындар, саябақтарда қыдыруға тыйым салынғандықтан бос жүргендерге тиісті шаралар қолданамыз. Ережені екінші мәрте бұзушыларға белгіленген мөлшерде айыппұл салынатын болады – дейді Арнат Жалғасбекұлы. Сондай-ақ, өздерінің бір күндік кезекшілік қызметтерімен толығырақ таныстырып өтті.  width= – Біздің кезекшілігімізде кездескен адамдар түсіністік танытып, вирустың таралып кетпеуіне қарсы арнайы қолғап пен бетперделерін киюде. 24 сағат бойы үйде отыру қиын екенін білеміз. Олар да зерігеді, сыртқа серуендегісі келеді. Сондай қала тұрғындарымен де кездесеміз. Біздің тарапымыздан ешқандайда күш қолдану әдістері жасалмайды. Ал көшеде ішімдік ішкен, я болмаса тәртіп бұзғандарды кездестірсек, сол ауданға қарасты полиция бөлімшелеріне апарамыз, – дейді қатардағы полиция қызметкері Арнат Аманов.  width= Ұлттық ұланның жауынгерлерімен де сұхбат жүргізіп көрдік. Ефрейтор Ұлан Бөрібаевтың қызмет барысында өрескел тәртіп бұзу оқиғалары болмаған екен. Күн сайын 600 бағыт бойынша 1200 ұландық әскери қызметкерлер жұмылдырылды десек, олар екі ауысым бойынша ел тыныштығы мен қауіпсіздігін күзетеді.  width= – Таңғы 09:00-дан кешкі 16:00-ге дейін бірінші ауысым болса, кешкі 16:00-ден бастап түнгі 23:00-ге дейін екінші ауысым жұмыс жасайды. Одан кейін түнгі уақытта 7 автопатруль қала көшелерін бақылайды. Біздің міндетіміз – қала тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Рұқсаттама құжаттарын тексеру, тыныштықты күзету. Кейбір адамдар карантинге байланысты қауіпсіздік шараларын қолданбайды. Беймезгіл уақытта көшеде жүреді. Бетпердесіз де адамдарды жиілеп кездестіреміз. Оларға ескерту жұмыстарын жүргізіп, арнайы базаға тіркеп қоямыз. Сол тәртіп бұзушы тағы бір мәрте кездессе, айыппұл салынады. Бір кісілер болады «бізде бетперде жоқ, барлық дәріханаларға бардық, ол жерлерде де сатылымда табылмады», – дейді. «Тіркелу орындарына байланысты әкімшілік орындарына барсаңыздар, белгілі бір құжат толтыру арқылы вирусқа қарсы жабдықтар беріледі», деп түсіндіреміз, – дейді ефрейтор Ұлан Бөрібаев.  width= Елімізде төтенше жағдай енгізілгенге дейін де қала күзетінде адал қызмет атқарып жүрген қатардағы Мейрамбек Жексенбай мен Қанапия Сейітұлы да біздің бір-екі сұрағымызға жауап берді. – Біз Отан алдындағы азаматтық борышымызды адал атқару үшін ант бергенбіз. Сондықтан да болар, біз үшін күнделікті жауынгерлік қызмет пен карантин кезіндегі қызметтің аса айырмашылығы жоқ. Тек қызметке түсу уақыты өзгерді демесеңіз. Бастысы, халыққа адал қызмет ету. Елімізге әлемге таралған індет келгелі шамалы үрей орын алғандай. Десе де, қала тұрғындарынан карантин уақытында үйде болуларын сұраймыз. Арнайы мамандардың айтқандарына құлақ асып, сабырлық танытса, еліміз бұл күндерді де артта қалдырады деп сенеміз, – дейді ұландық сарбаздар.  width= Қала көшелерін аралау барысында байқағанымыз, қозғалыс барынша саябырсыған. Кешкі уақытта қалада қыбыр еткен жан жоқ деуге де болады. Ол да дұрыс шығар. Бауыржан Момышұлы айтқандай, «тәртіпке бағынған құл болмайды». Бүкіл ел болып жансақ ақпараттарға сүйенбей, елімізге төнген індетті жұмыла көтерсек, біз жеңіп шығамыз. Біз біргеміз! Есенбол ИМАНҒАЗЫ