Жамбыл облысы Шу ауданының 29 жасар тұрғыны коронавирустан сауығып шықты. Қырғыз Республикасынан оралғаннан кейін 24 наурызда одан алынған талдаулар қорытындысы оң нәтиже көрсеткен болатын. Екі апта ішінде ол инфекциялық стационарда жатып, қажетті ем-дом шараларын қабылдады. Тұрғыннан екі рет талдау алынып, инфекцияның жоқтығы расталды. Он енді алдағы екі апта бойы дәрігерлердің бақылауымен үй карантинінде болады. Сондай-ақ, бұған дейін ауруы анықталған жүк тасымалын жүзеге асыратын 1958, 1975, 1984 жылдары туған қырғызстандық үш азамат өз Отанына жіберілді. Олардан мемлекеттік шекараны өту кезіндегі тексеріс барысында коронавирус анықталған. Арнайы автокөліктермен олар шекара маңындағы өткізу пунктіне жеткізіліп, ары қарай Қырғыз Республикасының медициналық қызметтері алып кетті. Бүгінгі таңда Жамбыл облысында жұқпалы аурулар стационарында барлығы 41 науқас жатыр. Олардың жағдайы қанағаттанарлық.
Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы.