Нұр-Сұлтанда ақша айырбастау орнынан 12 миллион теңгені ұрлап кеткен ер адам ұсталды
Нұр-Сұлтанда ақша айырбастау орнынан 12 миллион теңгені ұрлап кеткен ер адам ұсталды
Нұр-Сұлтанда ақша айырбастау орындарының бірін тонап кеткен ер адам ұсталды, - деп хабарлайды қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі. "Криминалдық полиция қызметкерлері осыған дейін бірнеше рет сотты болған елордалық 37 жастағы ер адамды ұстады. Ол бұл қылмыстық әрекетін алдын ала ойластырған. Қылмысқа бару алдында ер адам көлігінің нөмірін ұрланған нөмірге ауыстырған. Содан ақша айырбастау орны мен дүкен орналасқан ғимараттың есігін бұзып ашқан. Бірнеше метр жерді тізерлеп өткен", - дейді полицейлер. Cондай-ақ, құқық қорғау органдарының мәліметінше, ер адам видеобақылау камерасының объективін жауып, ғимаратқа кірген. Артынша сейфті ашып, онда түрлі валютада сақталған 12 миллиион теңгені алып кеткен. Ұрлаған ақшасының жартысын жаратып үлгерген екен. Полиция мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.