Шымкентте мас жүргізуші полицейді сүйреп алып кетіп, жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Бұл туралы Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Жуырда алкагольдік ішімдік ішкен шымкенттік азамат көпқабатты үйдің жанында тазалық жұмыстарын жүргізіп жатқандарға кедергі келтіріп былапыт сөздермен мазасын алған. Осы кезде жанына келген учаскелік полицей Ерхан Абдрайымов әлгі азаматтың құжаттарын сұрап, өзімен бірге бөлімшеге жүруін өтінеді. Алайда, полицейдің талабына бағынғысы келмеген ол көлігіне мініп, ізін жасырғысы келеді. Ал, бұл бассыздыққа шыдамаған учаскелік полицей көліктің капотына секіріп мініп, оны көлікті тоқтатпақ болады. Алайда капоттағы учаскелік инспектор 800 метрдей жерге барғанда сырғып түсіп қалады да, жүргізуші жаяу жүргіншілер жолында өтіп бара жатқан қарияны қағып кетеді. Шымкенттік патрульдік полицей қызметкерлері заңбұзушылыққа жол берген жүргізушіні ұстады. Ол 54 жастағы Жамбыл облысының тұрғыны екен. Уақытша тергеу изоляторына қамалған азаматтың үстінен ҚР ҚК-нің 380-бабы бойынша іс қозғалды. Ал, денсаулығына зақым келген қария ауруханаға жеткізілді.
Н. Назарбек.