Мажарстанда жыл сайын өтіп тұратын MITEM (Madach International Theatre Meeting), яғни Мадач халықаралық театр кездесуі деп аталатын кәсіби шараға Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы театр ұжымы арнайы шақырылды. Мадиярлардың аттай қалап отырғаны – Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» туындысының Ионас Вайткус сахналаған нұсқасы. Осы орайда Мажарстан Ұлттық театрының Сценариум журналына көрнекті ақын, драматург Иран-Ғайып арнайы сұхбат берген еді. Драматургтың сұхбатын қаз-қалпында жариялауды жөн көрдік.
– Есіміңіз турасында бұл әдебиеттегі псевдоним деп қабылдауға бола ма?
– Менің әу баста азан шақырып қойған есімім – Иран-Ғайып екен. Алайда кәмелеттік аттестат алатын кезде туу куәлігінде Иранбек Әбітайұлы Оразбаев екені белгілі болды. Университеттен бастап әдебиетте осы атпен жүрдім. Кейін ілкі есіміме қайта оралдым. Ерен ғайып қырық шілтен, қоңыр аңдар мен төрт түліктің желеп жебеушісі ерен, көрініп, ғайып болатын қырық әулие (шілтен – парсыша 40) бейнесінде Ғайып пен Ерендi қазақ егіз періште дейді (гороскоптағы жұлдызым да – егіздер). Әкем 44 жасында көрген тұңғышына осындай атты лайық деп тапса керек.
– Сіз алғаш рет драматургиямен айналысуға қай кезден қалай келдіңіз?
– Менің драматургияға қандай қатысым болуы мүмкін еді деп қазір ойлаймын. 1970 жылы Политехникалық институттың Тау-кен факультетін үздік бітірдім. Дипломдық тақырыбымды африкалық Замбия елінің геологиясы турасында үздік қорғадым және мамандығым бойынша сегіз жыл қызмет атқардым... Алайда…
Бала кезден драматургиямен «айналыстым» десем артық емес. Себебі, тағдыр пешенеме соны жазыпты. Әкем Әбітай соғыстан қайтқан соң ел қыдырып, етігін шеңгел сыдырып жүріп төрт қатын алған екен. Оның зарлы кезінде көрген алғашқы перзенті болғандықтан, ес білгелі мені қасынан бір елі тастамады, елдің қошеметі мен қазақы ортаның мәйегіне терең сусындап өстім. Төрт жасымнан атқа міндім, бәйгеге шаптым. Жаз жайлауының салтанаты менің өміріме үлкен сабақ болды. Себебі, Бұғылы-Тағылы тауларынан бастау алатын Сарысу өзені алқабы 100 км жайылған қызылсудан, жазда көкмайса шалғынға айналатын. Сол жайлауға 4 облыстың малшылары 400 км-ден көшіп келіп жайлайтын. Тарихи жағдай, көшпелі тірліктің соңғы бұлқынысы іспетті еді. Сонда әкемнің жанында ақсақалдардың сан тақырыптағы қайнаған әңгімелерін тыңдап, тереңіне бойлап өстім. Менің шығармама Сыр бойында айтылатын ауызекі әңгіме, дастандар, ән-күй мен халықтың пайымы мен бағасы арқау болды. Сондықтан бала кезден дала сахнасына бейім болдым, бар білімім мен пайымымның, драматург болуымның негізі сонда қаланды деп айта аламын.
Сөз киесі қонған ақынжанды мәрт халық өкілі ретінде өнер атаулы қанымда болды, жас кезімнен өлеңдерім шығып тұрды. Өмір сүрген қоғамыма ылғи да тың, соны жақтан қарауға тырыстым, яғни Қорқытша… 1976 жылы сол кездегі партия көсемінің мерейтойына елдегі бас газет бір санында «Қойылмайтын сұрақ» деген поэмамнан үзінді жарияланды. Онда «Біз осы дұрыс жүріп келеміз бе?» деген сауалмен аяқталатын. Газеттің поэзия бөлімінің жетекшісі Кеншілік Мырзабек дейтін торғайлық ақын еді, жұмыстан кетті сол үшін. Содан бері қайда барсам да, алдымнан – «Қорқыттың көрі» шықты да тұрды.
Экологиялық апат тақырыбын арқау еткен алғашқы туындым – «Тың құрбаны» драмасының премьерасы Алматыда 1979 жылдың 30 желтоқсанында өтті. Небәрі 3 рет қойылғаннан кейін идеологиялық машина тарапынан тоқталды.
– Шығармашылығыңызда арқау еткен тақырыптарға орта әсер етті ме?
– Менің өскен жерім Сыр бойы – Қорқыттың елі. Әулиенің зираты сонда тұр. Ел аузындағы қария сөзде бұл мекенді – Жердің кіндігі деп санайды. Онда жұлдыздар жерге жақын, қолмен үзіп алардай көзге шалынады. «Жердің кіндігі» себепті атақты Төретам космодромын (Байқоңыр) осында салды, өйткені жер орбитасына енуіне өте қолайлы, Америкадағы космодром да сондай проекцияда тұруы бекер емес. Бұл жерде мыңдаған ғасырдың куәсі басын тәжік, қырғыз жерінен бастау алатын Сырдария Аралға келіп құяды. Үлкен жайындар болушы еді, сондықтан ел Нәхан-дария деп те атайтын халық.
Менің қаламымнан қазірге дейін 60-тан астам шығарма туды, оның 40 шақтысы театр сахнасында қойылды. 13 том шығармалар жинағым жарыққа шықты. Енді осындай бір бөлігі басылымға дайын тұр. 60 жасқа толғанымда туған қалам Қызылордада үлкен театр фестивалі өтті. 70-ке толған құрметіме Орал қаласында 9 театр менің 12 туындымды алып келіп, көрерменге тарту етті. Ал, Атырау қаласында өткен 2017 жылғы театр фестиваліне республиканың 6 театры 10 қойылымымды көрсетті.
Драмалық жанрда Шыңғыс хан, Ақсақ Темір, Жалаңтөс Баһадүр, Абылайхан, Тұрмағанбет, Баймұрат, Махамбет, Шоқан, Абай, Естай, Сүйінбай, Жамбыл, Мұхтар, Фатима т.б. сияқты тұлғаларға қатысты қалам тербедім, бірақ оларым жалаң тарихи туынды емес, толыққанды көркем шығарма. Онда замана сазы, дәуір ырғағына көркемдікпен жауап іздедім. Достоевский айтқан «көркемдік әлемді құтқарады» дегені – менің бір ұстанымым.
Шығармашылығымдағы бір ерекшелік деуге болады: драмаларымды да тек өлеңмен жазатын адаммын. Өлең – әдебиет атаулының анасы. Драматургияның өзі бертінде ғана қара сөзге көшті. Бірнеше республикалық поэзия мүшайраларында Гран-при алдым.
Шығармашылығыма ұстаздарым әсер етті. Менің өмірде үш ұстазды пір тұттым: бірі – Әкем Әбітай, екіншісі – ұлы Абай, үшіншісі – Мәскеудегі әдебиет институтының ардагер-абызы – Александр Межиров. Сол ұстазымның тәржімасымен Шыңғыс Хаған туралы «Хайуандық комедия» («Зверская комедия») атты туындым «Новый мир» журналында орысша жарық көретін кезде Одақ (Кеңес үкіметі) ыдырады… Яки, тағы да «Қорқыттың көрі» қазылды мен үшін, сөйтіп ол – «под нож» кетті. Сонымен, халықаралық деңгейде насихатталуым тосыннан тамам болды.
– Әлем әдебиеті институтының жоғары курсы сізге не берді?
– Горький атындағы әлемдік деңгейдегі ақыл-ой мен өнердің озық ұстаханасы маған көп дүние берді. 43 тыңдаушы едік: барлық соцлагерь мен одақтық республикалардың әрқайсысынан 2-2-ден. Алғаш оқуды бастағаннан миымыз шайқала бастады. Бір ай өтпей-ақ түнде бағдарламадан тыс жасырын лекциялар тыңдауға мүмкіндік туды, алғашқысының бірі «ССРО тарайды» деген тақырыпта. Ол кезде оған ешкім сенбеді. «Лекция оқушылар», антикадан бастап империяның тарау, құлдырау себептерін тереңдеп талдайтын. Онан кейін «АҚШ ыдырайды» деп еді, осыдан 40 жыл бұрын себебін сұрағанымызда, өйткені ондай ұлт жоқ, жердің иесі, киесі жоқ, басқа топыраққа отырғызылған жеміс ағашы да жарты ғасыр ғана өмір сүре алады деді. Әрі әр штаттың негізгі заңында шығу еркі туралы жазылғандығы да себеп деген сыңайда...
Ал орыс ақыны, курстасым астрахандық Леонид елден диссиденттер кетіп жатқанын, орыс тілі мен ұлты құлдырап бара жатқанын айтып налитын да, оны кеме апаты кезінде егеуқұйрықтардың палубаға шығатын тылсымымен байланыстыратын. Бұл жайттар өмірлік мұратымды нақтылауға әсер етті. Ылғи да классикалық өнер туындылары мен фольклорлық мотив, тарихи тұлғалар өмірін арқау ете отырып, замана, қоғам тынысын тап басып, өзімше (Қорқытша) ой тастауды ұстандым.
…Бөлмемде Айвазовскийдің «Тоғыз балл» деген әйгілі картинасы ілулі тұратын, бір әйел, үш ер адам… Кеме батарда егеуқұйрықтар палубаға қарай өрмелейтін тылсымды арқау етіп «Батқан кеменің бейбақтары» деген пьеса жаздым. Оны Қызылорда театрында Қазақстанның халық артисі, режиссер Ерғали Оразымбетов сахналады. 1990 жылдан кейін. Өте сәтті шықты. Теңіздегі алып кеме суасты шөңгесіне соғылғанда, кеме капитаны егеуқұйырықтардың әлгіндей әрекетіне қарап амал жасайды. «Дұрыс өмір сүре алмадық, енді адамша өлейік» деген капитан жалғыз қайықты төрт жасқа береді, өздері құрбан болады. Оқиға (тірі қалған қыз, екі жігіт, бір мылқау) символдық бейнелер арқылы өрбиді. Режиссер шешім ретінде ең соңында сол кезде ыдыраған одақтас республикалардың гимндерінен үзік-үзік ноталар берді…
– Бүгінгі Қазақстанда қазіргі заманғы қаламгердің дәрежесі мен жай-күйі қандай? Тәуелсіздік алғанға дейін қандай еді?
– Бұл турасында қазақтың «бір апам бір апамнан сорақы» деген мақалдың кері болып тұр. Өткен күнге зар болып отырмын десем, артық айтқандық емес. Менің өмірім – «тырнақша ішінде». Мен үшін тәуелсіздіктен бұрын және кейін дейтін ұғымның парқы онша мәнді емес, сол тақырып, сол гөй-гөй...
Қаламгердің дәрежесі бар дегенді кім айтты? Ол қандай қоғамда болады?.. Коммунистік заманда қаламгердің қоғамдық орны, салмағы ептеп болды, шындықты айтудан, «домокль гүрзісі» барын сезінетін сияқты еді. Бүгінгі қоғамның идеологиясына қызмет істейтін жеке қаламгерлерге – «қаратабан-жалаңаяқтарға» бәрібір. Адамнан да, Құдайдан да қорықпайды. Оны осы «Қорқыттың көрінен» іздемей-ақ табуға болады.
– Көңіліңіз тола ма?
– Ол маған байланысты емес, басқа мәселе. Маңдай тер, табан ақыммен екі оқу орнын жетеріне жете оқыған адаммын дей аламын, Аштан өліп, көштен қала қоймаспын. Жалпы халықтың жайы толғандырады. Замандас қаламгерлер бір қаптан (бір саптан) шыққан жандармыз, жағдайымыз да ұқсас, бірақ айла-шарғымыз әртүрлі, тазы болып шалуға, оңалып-ақ кеткіміз келеді, жұрттың істегенін істеп дегендей…
Қазір халық ақын-жазушыны оқымайды, хадисте жазылғандай: ақырзаман жақындағанда, елде ұялмайтын әншілер мен ерінбеген етікшілер қаптады. Ақын да – солар, Айтқыштар да – солар. Үрген иті мен көрпесіндегі битіне дейін – Аңыз!
– Сіз драма жанры мен театрды маңызды деп санайсыз ба?
– Бұл мен жауап беретін дүние емес, маған дейінгілер жетесіне жеткізіп айтып кеткен тарихи дәлелденген жайт, адамзат тарихындағы Эзоптан Шекспирге дейінгі аралықта айтылған тәмсіл. Қалай туындады, оны сахнаға шығарудың қажеті неде деген сауалдар, мен тумай тұрып қалыптасқан, маңыздығы әлдеқашан шешілген дүние.
Театр сахнасындағы өткен қоғамда әлаулайым болса, бүгін қалаулайым. Адамзат жер бетінен жоғалғанша осылай бола беретін шығар. Қазіргі ғаламдану деген тренд маған онша әсер етпейді. Барлығының артында да Жаратушы тұрған жоқ па, адам өмірі, ақыл-ойымыз, табиғатымыз да шектеулі. Айтатын ойымыз, жазатын тақырыбымыз барлығы бір шеңберде әрі шектеулі, онан шығуға болмайды. Онан шыға алмаймыз! Шықсақ, «Қорқыттың көрден сыртқа шығып қалған» аяғы сияқты болатын тәріздіміз.
Театр ахуалына келсек, соңғы кезде көрерменге жан кірді, әсіресе, жастар қатары молайғаны, оянғаны қуантады. Жақсылыққа балаймын, оянсын, өнерге деген көзқарасы артсын, ойлансын. Себебін білмеймін, әлеуметтік жайт па, қоғам ба, заман ба, қаны қайнаудан ба, әйтеуір ояну бар…
– Бұл мифтік тақырыпқа қол созуыңыздың басқалай жеке себебі бар ма?
– Әдебиет әлемінде белгілі болғандай, небәрі 33 тақырып бар. Ақ пен қара, бар мен жоқ, махаббаттың үш тағаны, білдіртпей істеген жақсылық және т.с.с. Барлығының негізін атақы Шекспир туындыларына арқау еткен, соған бағдар етеміз. Мен де осындай ізденістен қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовке арналған «Киелі күнә» пьесасында 3 түрлі күнә бар дегенді айттым: біріншісі – анадан туып, ауамен тыныстауым, ол кейін аран мен ындынның ашылуына жол берді; екіншісі – таза тәніме иткөйлек кигенім, ақыры ол дүниеқұмарлыққа бастады; үшінші күнәм – жар төсегінде жарымды пәктігінен айырғаным, оның ақыры «бартөсекке» нәпсіқұмарлыққа бастады. Осыдан бар күнә, бар үйлесімсіздік туындайды…
1986 жылы совет империясына қарсы Алматыда ірі қарсылық болды, 1956 жылғы мадияр төңкерісі сияқты. Жастарды аяусыз жаныштап, қазақы рухын өшіруге әрекет жасады. Мен сондағы қойылған талап, шовинистік биліктің аяусыз рахымын, жастарды ұрып-соғып жазалаған әрекетін «Мен ішпеген у бар ма?» деген шығармама арқау еттім. Яки тақырып – елдің мұңын жоқтаған отаршылық заманның Қорқытына айналған ұлы Абайдың айналасындағы кейіпкерлердің аузына салдым. Осы туындымнан кейін «Қорқыттың көрін» жазуға отырдым. Оның тууына себепкер сол өскен Сыр бойындағы аңыз бен әкемнің налуы әсер етті, әрине, заманның азуы мен қоғамдағы тығырық, құндылықтардың кері кету мәселесі толғандырды.
– «Қорқыттың көрі» туындысының неше нұсқасы бар және қанша мәрте сахналанғанын білеміз. Олардың арасындағы айырмашылық қандай? Литвалық шығармашылық ұжым қалай келді?
– «Қорқыттың көрі» тоқырау кезеңінде жазылды. Оның бір ғана нұсқасы бар. Ол туындым үшін 2001 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болдым. «Қорқыттың көрі» Қазақстанның 4 бірдей театрында сахналанды. Тақырып бір болғанмен режиссердің көркемдік шешімі, сахна декорациясы, костюм, актерлердің бере білуіне қарай бір-біріне ұқсамай, өзгеше жағдайда өрбіп отырды.
Қазақстан Жазушылар одағының «Простор» әдеби журналының 2012 жылдың №2 санында «Заклятие Коркута» деген атпен Валерий Михайлов есімді қаламгердің аударуымен орыс тілінде жарық көрген-тін. Осымен танысқан литвандық режиссер Ионас Вайткус халықаралық бір фестивальда қазақ әріптестерінен сұраған, оны қойғысы келетінін айтқан. Олар Алматыдағыларға нұсқаған, сөйтіп, М.Әуезов атындағы театрдың басшысы Еркін Жуасбеков тарапынан қолдау тапқан, арнайы жоба аясында қойылды. Вайткуспен бірлесе жұмыс істедік. Ол театр өнеріндегі әлемдік деңгейдегі тұлға, әсіресе, сахнадағы қимыл-қозғалыс (өзі тағы да би маманы) декор, костюм мәселесін жете меңгерген. Кейбір тұста көркемдік шешім үшін қос экранды пайдалануды да қарастырды. Өзгеше шықты өзіндік нұсқа...
Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы жастар мен балалардың академиялық театрында Жанат Хаджиев қойды, ұзақ жылдан бері сахнада. Ол Вайткустың қойылымынан осал деп айта алмаймын, деңгейлес, ол да солай жауап береді заман сауалына.
Қуандық Қасымов қойған Қорқыт өкінішке қарай, Орал театрынан ұзап шыға алмады. Өкініштісі сол, әйтпегенде Ионастың «Қорқыты» қандай жетістіккке кенелсе, ол да сондай биіктен көрінер еді. Менің туған жерімде Қорқыт 40 жыл өмір сүргені айтылады: «Жаратылыс заңы – ең қатал, қайырымсыз, қатігез әділ заң. Тумауыңа қалай шараң жоқ болса, өлмеуіңе сондай дәрменсізсің».
– Бұл туындыны отандық және шетелдік кәсіби мамандар мен жалпы жұртшылықты қалай қабылдады?
– Бірнеше жыл бұрын денсаулығым сыр беріп (инсульт болып) құлағанда, жұбайым Дариға менің бүкіл архивімді ортаға тастап, сауал қойды: не істейміз, қалай игереміз деп? Бұрыннан менің шығармашылығым туралы жазып жүреді екен, білдірмей. Екеуара сұхбат түрінде өмірім мен шығармашылығым туралы жазамыз деп келістік. Оны «Мың бір түн» сюжеті сияқты сұрақ-жауап түрінде өрбіттік. 1 450 беттік «Бұл дүние ғайыбы» деген қостомдық шығардық. Биобиблиография десем де болады. Кітапта талдау, талғау, мақтау, даттау, өмір, өнер, жалпы шығармашылық... барлығы тұр. Сонан қарап отырсам, «Қорқыттың көрінің» табысы мол болған екен. Бірнеше театрда қойылды, ұзақ жылдар бойы сахнадан түспей келеді. Жұртшылық жылы қабылдады. Халықаралық деңгейде танылды.
Қазақ театр сыншысы марқұм Әшірбек Сығай былай депті: «Қорқыттың көрі» өлеңмен жазылған ұйқасқа құрылған. Гюго «драма-поэзияның шыңы» деп айтқан ғой. Таза поэтикалық рухта жазылған қойылым кейіпкерлерінің санына қарамастан, мұны моноспектакль дер ем. Яғни, Қорқыттың басындағы трагедия... Оның монологы жер басып жүрген адамды ойға қалдырады... Қаны тамып тұрған бүгінгі күн. Қойылымның философиялық өресі өте биік».
Кесек тұлғалы өнертанушы Таласбек Әсемқұлов « ... автор бүгінгі проблемаға табан тіреген, көне архаикалық сюжетке құрылған драмада аллюзия бар, бүгінгі көкейкесті мәселелер көрініс тапқан. Яғни, сюжет шартты. Көрермен ықылымға кеткен, аңызға айналған оқиғаны зерделей отырып, бүгінгі тіршілік тынысын танығандай болады. Сөз жоқ, бұл – автордың табысы».
2002 жылы түркітілдес елдердің халықаралық VI театр фестивалінде Қазанда жүлде алды. 16 елдің театры қатысқан жарыста бас рольді сомдаған Б.Сейітмамытов үздік орындаушы жүлдесін алған кезде кәсіби сыншылар не дегенін театртанушы Әшірбек Сығай жариялаған еді. Сонда бүй депті түркиялық Р.Эйджин ханым «Әдетте дастандар халықтың өміршеңдігі жайлы толғайды. Ал бұл ретте басқаша… Бұл қойылымда әлемдік таным, пенделік, түйсік сиқырлы күшпен мейлінше көрініс тапқан».
Ал башқұрт театр сыншысы Сүйіндік Саитов: «Қорқыт – экзотикалық өте көне кейіпкер, Қорқыт – классикалық мифологиялық қайнар көзі, бастау тумасы, Қорқыт жайлы жазылған аңыз-дастандар жетерлік. Біздің айтқалы отырғанымыз басқа, мүлдем бөлек қазақ аңызы, қазақ халқының абызы. Барлық халықтардың драмалық шығармаларынан бек хабардар ізденімпаз адамның – тынымсыз ақынның – Иран-Ғайыптың қолымен, поэзия тілімен жазылған... «Қорқыттың көрі» – тұнып тұрған поэзия! Поэзия болғанда, түркітектес халықтардың әдеттегі силлабикалық (буын саны тұрақты) өлең жүйесіедегі поэзия емес. Басқа, жаңаша, ХХ ғасырда өте үлкен төңкеріс жасаған әлем халықтарының силлобо-тоникалық (екпінді және екпінсіз буындардың кезектесіп келуі) өлең жүйесіндегі ерекше сазды, әртүрлі, әртүсті әрекетті, күрделі полифоникалы, көпқабатты пәлсапалы соны поэзия! Мен Иран-Ғайып шығармашалығын осылай түсіндім. Қойылымның айтары – шындықтың хақ әрі жалғыз екені! Қорқыттың Құдай емесі! Дей тұрғанмен, аңдай білгенге Құдай болмаған Қорқыт Құдайдан былай да емес! Ол да Тәңір тектес жаратады! Жаратқаны – қобыз. Қобыз үні – құбылыс!».
Ал тағы да сол Қазанда ХІІ фестивальде Латын Америка, АҚШ, Еуропа және ТМД елдерінен келген театр сыншылары Ионас Вайткус қойған «Қорқыт» ең үздік спектакль деген баға алды. Оны талқылау кезінде Кристина Матвиенко театртанушы-сарапшы былай баға берді: «Жаратушы Құдай туралы түсінігі әртүрлі, бірінен бірі тым алшақ, әр алуан мәдениеттің, соның ішінде театр өнерінің тап осы «Қорқыттың көрі» спектаклінде тұтастыққа айналғанын көріп, бас шайқап отырмыз. Біздің бағзы замандар қойнауында қалып қойған тарих-тамырымыз, ол тамырға қатысымыздың бар-жоғы, өткенімізді біліп-білмейтініміз, осының бәрін Вайткус өз ділі мен дініне ұқсамайтын басқа бір мәдениет арқылы түсіндірмек болған». Алексей Бартошевич профессор «Режиссер мен актерлердің ішкі энергиясы бір-біріне жан-тәнімен беруге ғана құрылған екен. Өнердің мазмұны әлемді өзгеруге, дүниені жаңғыртуға діттейді. Суреткер үшін бастысы осы болмақ».
Қазақтың атақты актері, театр қайраткері Асанәлі Әшімов: «Спектакльдің қарымды тұстарын тап басып тани алған сіздерге рақмет. Мистикалық геройдың зираты Қазақстанда жатқанын мақтан тұтамыз».
Қорқыт туралы мамандар мен жұрттың пікірі осындай. Мадияр көрермені мен мамандары тарапынан жақсы қабылдайды деп сенемін.
– Әңгімеңізге рақмет,сізге денсаулық һәм шығармашылық табыс тілеймін!
Сұхбаттасқан
Бабақұмар ХИНАЯТ