Қырыққа келдің, қор болдың...
Қырыққа келдің, қор болдың...
219
оқылды

Жұмыс күшіне зәру қызмет түрі көп елімізде қылшылдаған қырық жасыңда жұмыссыз қалуың мүмкін бе? Әбден мүмкін. Оған дәлел – қазіргі қоғамдағы «керексіз» адамның көбейіп кеткендігі. Жекеменшік түгілі, мемлекеттік мекеменің есігінен сығалай алмай жүргендердің қатары азаймай тұр. «Жалақысы жоғары жұмысқа 40 жасқа дейінгі қызметкерлер қабылданады» деген хабарландырулардан көз тұнады. Мұның себебі неде? Бұған бұқара не дейді? Жауап іздеп көрдік.

Жарты миллион адам жұмыссыз жүр


Халықаралық еңбек ұйымының мәліметі бойынша былтыр жұмыссыздар саны 201 миллион болса, биыл 212 миллионнан асуы мүмкін. Осыған орай, жаһандағы барлық мемлекет халқын тұрақты жұмыспен қамту үшін түрлі шаралар жасап жатыр. Қазақстан да еңбек нарығындағы мәселелерді заман талабына сай реттеуге басымдық беруде. Өйткені бізде соңғы жылдары жұмыспен қамту қызметіне тіркелген жұмыссыздардың саны екі есеге дейін артты. Биыл елдегі жұмыссыздар саны 442,5 мың адамды құрап, жалпы жұмыс күшінің 4,8 пайызын құрады. Сала мамандарының айтуынша, жұрт ресми тіркелуге асықпайды. Сондықтан қаламыз бойынша ғана емес, еліміз бойынша жұмыссыз жүргендердің санын тап басып айту қиын болып тұр. Демек, еш жерге тіркелмей өзінің күнін өзі көріп жүрген «жұмыссыз-жұмысшының» қатары көп деген сөз.


Статистикаға кірмейтін жұмыссыздар


Finprom агенттігінің ақпаратына сенсек, еліміз бойынша жалдамалы жұмысшы саны да жылдан-жылға көбейіп отырады. Олардың дені – әңгіме еткелі отырған орта буындағы азаматтар. Психологтар болса, 40-тан ас­қан көп адамның басында «Ор­та жастағы тоқырау» кезеңі басталады дегенді айтады. Яғни, өмірін өзгертіп, бәрін қайтадан бастауға ниет танытып, жұмысқа деген құлшынысы артады екен. Ал Батыста жұмысқа тұруға үміткерлер­дің жас шамасына шектеу қойып хабарландыру берген жұмыс берушілердің ісі сотта қаралады екен. Бізде мұндай талап жоқ.
Жыл сайын біздің статистика «жұмыссыздық осынша пайызға төмендеді» деп көрсетуден жалықпайды. Лайым, солай-ақ болсын. Бірақ тұрақты жұмысы жоқ азаматтар кездейсоқ тапқан табысын есептеп, жұмыспен қамту орталықтарына үш ай са­йын тіркелуге бара бермейді. Оған уақыттары да жоқ. Барғанмен мардымсыз жалақыға тауы ша­ғылып, кері қайтқандары қаншама?! Міне, осы мәселенің астарында қаншама бағдарламаның, жарылқаушы жобаның жұмыс барысын жіктеп жазуға да болар еді. Дегенмен бүгін қара базардың маңын жағалаған жалдамалы жұмысшыларды мысалға ала отырып, өзін-өзі жұмыспен қам­тушылардың күнделікті тірлігін баяндағалы отырмыз.



Бұлар да бір ұжым


Қазір қолында қолақпандай дипломы бар, бірақ, жұмыс таппай сенделіп жүрген адамдар жетерлік. Сарапшылардың пайымдауынша, олардың көбісі креслоны көздеп, кеңсе қызметіне келетін мамандықты меңгергендер. Солардың бірсыпырасы халық арасында «пятак» аталып кеткен бұрыштарда жүреді. Елорданың да бірнеше жерінде кез келген қара жұмыс қолынан келетін әмбебап маманнан тұратын топтар бар. Әсіресе, олар базардың маңында жиі тұрады. Нұр-Сұлтандықтар мұндай жұмысшыларды көбіне «Лұқман» сауда үйінің жанынан табады. Таңғы 8 жарымда барғанымызда, олардың қарасы көп, шамамен 30-40 адамның тұрғанын көрдік. Құдды, бір ұжым сияқты.

«Келесі жылы елуге толамын. Өзім құралпы замандасым баршылық. Осы жерде бір ұжымбыз. Сырттан келген адамға нанымызды тартып алардай аларып қараймыз. Егер олардың мінездері жайлы, бізге ортаға сіңіп кетсе, онда сөз жоқ» деді өзін Амандық деп таныстырған ағай. «Сонда қалай?» дедім түк түсінбегендей қалып танытып. «Ой, бұл жерде бәріміз бір-бірімізді танимыз. Кім­нің қолынан не келетінін жақ­сы білеміз. Мәселен, үйдің тө­бесін жабу керек болса – Жәкең­ді, ыдыс, кір жуу машиналарын орнатуға – Асхатты, әжетханаларды қазуға – Шәкеңді.. осылай бөліп отырамыз. Таксистер де өз кезегімен жүреді ғой. Міне, сол сияқ­ты. Өзімнің осы жерде жүргеніме үш-төрт жылдың жүзі бол­ды. Күннің суығында аздап то­ңа­ты­нымыз болмаса, былай ор­та­мыз, ұжымымыз өзімізге ұнай­­ды. Қауқылдасып, мынау тұр­­ған дүңгіршектерден тамақтанып аламыз. Суықтасақ, бойымызды жылы­тып шай ішіп аламыз. Өмір керемет, қызым, үкі­мет­ті кінәлап отырғаннан не ұта­мыз? Әркімнің еңбегімен ­тапқан наны тәтті ғой» дейді риза кейіпте.
Бұрын осындай тұрмыс жағдайындағы түрлі еңбекке жегілетін жұмысшыларды елдер аз-маз ақшаға жалдап, олар тап­қандарын ащы суға жұмсайды деген ойда жүретін пікірімнің тас-талқаны шықты. Мұнда қарасаң – расында да бір орталық, бір еңбек ұжымы жұмыс істеп тұр. Киімдері тап-тұйнақтай. Әңгімелері әсерлі. Ең бастысы, билікке өкпесі жоқ. Өз қамдарын өздері жасап, күндерін өздері көрген тәубешіл жандар. Тек олардың көңіл-күйлерін күннің суық күндері ғана бұзуы мүмкіндей. Бәлкім, бұл топқа да арнайы орын ұйымдастыруға болатын шығар? Біздің аяулы қоғамда иттер мен мысықтардың да орталықтары бар емес пе?…


Еңбек нарығын кім есептейді?


Нұр-Сұлтандағы Жұмыспен қамту орталығына былтыр 20 мың­нан астам адам жұмыс сұ­рап келген. Олардың басы көбі заңгер, қаржыгер, есепші сияқты мамандық игергендер және 2-3 жылдың көлемінде тұрақты жұмысқа орналаса алмағандар. Мұның себебін көп жағдайда жалақының аздығымен түсіндіреді екен. 
«Біз ұсынған жұмыстардың жалақысы аз деп барғылары келмейді. Сөйтіп жүріп өзін-өзі қамтыған азаматтардың қатарына қосылады. Соңғы жылдары еліміздің еңбек нарығы трансформацияға ұшырауда. Қызмет түрлерінің сандық форматқа ауысуы, кәсіпорындардың автоматтандырылуы, IT технологияның пәрменді даму процесі жүріп жатыр. Нәтижесінде, кейбір мамандықтарға сұраныс жоғалып, орнына мүлде жаңа мамандықтар пайда болуда. Салдарынан сан мыңдаған адамның бірнеше жыл бұрын алған дипломы «сандықтың» түбінде сарғаюда. Жоғары білімге барлық азаматтың ұмтылуы да кешегі күннің еншісінде қалды. Қазір қарапайым мамандықтарға сұраныс жоға­ры», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Жұмыспен қамту орталығының директоры Абай Баймолдин. Сө­зі­нің жаны бар. Біздіңше, жұмыссыздық деген мәселе жоқ, мамандық таңдау мәселесі ғана бар сияқты. Іс жү­зінде, еңбек нарығында жоғары білімі бар мамандар талап етілетін тек 15 пайыз жұмыс орны ғана бар екен. Жұмыс орындарының 85 пайызын орта арнайы білім иелері алып отыр. Ал бізде жоғары оқу орындарына өз еркімен оқуға түсіп, төрт жылдан соң өзін жұмыссыздықпен қамтитын жағдай жиі кездеседі. «Қайда барсаң, алдыңнан жұмыс іздеген адам шығады. Бұл – бүгінгі қоғам­ның көрінісі. Ең алдымен, еңбек нарығын есептеп, әртүрлі салаға қанша маман дайындау керек, осыны зерттеп алу керек. Бізде жүйеленген мемлекеттік жоспар жоқ. Әр министрлік, қай салаға қанша маман керек соның бәрін есептеу керек. Жастардың өздеріне екі қолға бір жұмыс табылмай жүргенде, жасы қырықтан асқан адамды кім керек етеді? Содан кейін де, «жасы 35-ке дейін» деген жарнаманы ашық жазып қояды. Содан кейін әр жерде жалдамалы жұмыс істегісі келетін топтар тұра береді. Бұл орындар болашақта да бола береді...», – дейді социолог Алма Тағанова. 


Тақырыптың тоқетері


Осыдан он жыл бұрын көтерілген мәселе әлі де маңызын жойған жоқ. Өкінішті, әрине. Қоғамға өте көп кәсіби жұмысшы керек. Солай бола тұра жұмыссыз­дардың саны кемімей отыр. Бір-біріне кереғар жүйенің жұмыс істеп отырғандығының көрінісі – бұл. Жұмыссыздық жастардың арасын жайлағанда, қырықтың қырқасына шыққандардың қамын ойлайтын жағдайымыз бар ма?