Алматы облысының Жамбыл ауданында 80 жылқы ұрлаған барымташы құрықталды. Бір апта бұрын Жамбыл ауданының полициясына 38 жастағы жергілікті тұрғын арызданып, өзіне тиесілі шаруа қожалығынан 80 жылқының жоғалғанын және 40 миллион теңгеге жуық материалдық шығын келгенін айтып арызданған. Қылмысты ашуға бағытталған жедел-іздестіру шаралары кезінде күдікке ілінген екі азамат ұсталған. Оның бірі – 29 жастағы Өзбекстан азаматы. Ол зардап шегушінің шаруа қожалығында малшы болып жұмыс істеген. Екінші күдікті Жамбыл ауданы Көкдала ауылының 39 жастағы тұрғыны, жақын маңдағы өзге шаруа қожалығының иесі болып шықты. Күдіктілер бұлтартпас айғақтардың арқасында осы қылмысқа қатысы барын мойындаған. Тәртіп сақшылары қолды болған малды іздестіру барысында 36 жылқыны тауып, заңды иесіне қайтарды. Қалған жылқылар сойылған. Тергеу барысында күдіктілер шаруа қожалығынан жылқыларды ұзақ уақыт бойы ұрлап келгені және мал иесінің полицияға арызданбағанын оңтайлы пайдаланғаны белгілі болған. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, барымташылар әуел баста 2-3 жылқыдан ұрлаған. Соңғы ретте қалған қырық жылқыны үйірімен айдап кеткен. Қолды болған малды жақын елді мекендегі мал базарында меншікті малы ретінде саудалаған. Олар жалпы саны 80 жылқы сатса, оның 35-і құлынды бие екен. Екі күдікті Жамбыл ауданы полициясының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Аталған дерек бойынша қолданыстағы қылмыстық заңнаманың 188-1-бабы 4-бөлігінің 2-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Шұғыла БАҚЫТ