Жаһандық пандемияны жеңу, әлемдік экономикалық дағдарыстан абыроймен шығу арқылы Қазақстан халықаралық қауымдастыққа әлеуеті зор екенін көрсетпек. Ал халқымыздың келісімі, күш-жігерін жұмылдыруы – бұл іске берік ұстын. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бері ел өмірінің ең күрделі кезеңдерінде туған халқымен үнемі ой бөлісіп келе жатқан Елбасының «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы қоғамда үлкен қолдау тауып отыр.
Бақытбек СМАҒҰЛ,
Мәжіліс депутаты:
– Қазіргі кезде халқымыз біраз қиналып қалғаны байқалады. Мұндай сәтте ел рухын көтерер, еңсесін тіктер қуатты сөздердің қадірі зор. Сондықтан Елбасының «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты үндеуі, ақ тілеулі сөзі аса құнды. Қазақ елі бұдан да алапат нәубеттерді, тар жол, тайғақ кешкен замандарды бастан кешті. Ғасырлар зарықтырып, азаттық таңы атқан тұста қазақ ұлты өз жерінде азшылыққа айналып, жойылудың аз-ақ алдында тұрғанын білеміз. Бүгінде үлесіміз басым, қатарымыз қалың. Тек біріксек, келісіммен қимылдасақ, бізді ешбір жау алмайды.
Тіпті 90-жылдары жағдай мүшкіл, мемлекет мүскін халде еді. Үйлердің жарықсыз қалғаны, отбасылардың жалақы, жәрдемақы, зейнетақысыз күнелтуге тура келгені есте. Тәуелсіз мемлекетті басқарудың төл тәжірибесі де болмады. Сонда жаңа қазақстандық мемлекеттіліктің негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаев өзі асқақ шыңдарды бағындыра отырып, елді де асу-биіктерге көтерді. Тұңғыш Президентіміз ғасырлар бойы еңсесі езілген, отаршылдық тұсында ұлттық арман-аңсар атаулыдан ада бола бастаған халқымызда қайтадан ұлы мұраттарға деген ұмтылыс туғызды әрі биік мақсаттарға жетуге үйретті.
Қоры жоқ елдің соры көп. Бүгінде Қазақстанның Ұлттық қоры, мол алтын-валюталық резерві бар. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет жәрдемақыларды, зейнетақыны, басқа да әлеуметтік төлемдерді уақытылы төлеп қана қоймай, сондай-ақ мөлшерін де ұлғайтуда. Елде азық-түлік қоры жеткілікті. Үйлерде жарық бар.
– Мемлекет бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды және тиісті шараның барлығын атқарады. Бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды, – деді Н.Назарбаев. Ол қиындыққа қайыспай, белді бекем буып, береке-бірлігімізден айырылмауға шақырды. Кезінде татулығы арқылы тыныштық орнатып, бейбіт пейілі арқасында берекесін бекемдеген Қазақстан жасампаз жолға түсті, бақуатты болашағының іргетасын қалады, тәуелсіздікті ұлық тұтып, тұрақтылықты дәріптейтін, өзге елдер санасатын іргелі, ырысты мемлекет құрды. Барды бағалай білгеніміз жөн. Әр жаққа тартып, кері кетпеу керек, бірліктің бесігін тербету керек. Заманмен бірге ер жету керек. Ояну керек, мына жағдайдан ой алу керек.
Елбасы халқының бойына сенім құйып отыр. Бұл ретте ел үміті үзілмеуі, сенімі жоғалмауы, сағы сынбауы үшін еңбек етіп, заманның сын-қатерін еңсеріп, ілгері ұмтылған қазақстандықтарға зор алғыс. Адалдық, адамдық, азаматтық таныту кез келген тұлғаны өр етеді. Қара бастың емес, халықтың қажетіне жарасақ, сонда жүрек шуаққа, жан рахатқа, көз нұрға, кеуде жырға бөленбек. Ал бұл ағзаның кез келген індетке қарсы тұруының басты шарты болса керек.
Әлімжан ҚҰРТАЕВ,
Сенат депутаты:
– Халқымызда «Көргені жақсы көш бастайды» деген қанатты сөз бар. Қазақ көшін 30 жылдан астам уақыт бойы бастап келген Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың бұл үндеуі халқымызды бірлік пен ынтымаққа шақырады. Төтеннен келген нәубетпен күресуде ел Президенті, Үкімет және жергілікті атқарушы органдардың қойып отырған қатаң талаптарын сақтауға үндейді. Қытай елі қатаң тәртіптің арқасында бұл індетті ауыздықтады. Елбасы аға ұрпақ өкілдеріне сөз арнап, оларды бір болуға, ынтымақты болуға, игілікті істердің басында тұруға, салауатты өмір салтын ұстауға шақырды. Елбасы жас ұрпақ өкілдеріне арнаған сөзінде аға ұрпақ өкілдері ел үшін қолдан келгеннің барлығын жасағанын, енді кезек жастарда екенін айтып, сенім артты.
Кезінде Тұңғыш Президент бастамасымен құрылған түрлі бағдарламалар негізінде өз ісін дөңгелеткен кәсіпкерлер осындай қиын кезеңде елге пайдасын тигізетін уақыт келді. Елбасы кәсіпкерлерге сөз арнады. «Қазақстан – 2050» стратегиясы аясындағы индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының арқасында елімізде көптеген жаңа кәсіпорын ашылды. Ұлттық бизнес аяғына тік тұрды, енді олар еліне қамқор болғаны жөн. Кәсіпкерлер Н.Назарбаев бастамасымен құрылған Birgemiz қорына 14 млрд теңгеден астам қаржы құйды. Бұл игі іс әрі қарай жалғасын табады деген сенімдеміз.
Қиын кезде белді бекем буып, ынтымақ, бірлікті берік ұстап, Президенттің, Үкіметтің талаптарын орындасақ, бұл қиындықтан да шығамыз. Өйткені Елбасымыз Қазақстанды мәңгілік ел болуға бастайтын басты бағыттарды белгілеп берді.
Дүйсенғазы МУСИН,
сенатор:
– Әлемді шарпыған коронавирус пандемиясы ешбір елге оңайға тиген жоқ. Осындай жағдайда алдымен береке-бірлік керек. Ел басына күн туғанда Елбасы Н.Назарбаев өз үндеуін жолдады. Ол айтқандай, бұдан да қиын талай заманды бастан кешірдік. Одақ ыдырап, тәуелсіз ел болған жылдары талай қиындық бастан өтті. Бірақ Елбасының салиқалы саясатының арқасында бүгінгідей даму деңгейіне жеттік.
Әлемге қауіп төнген сын сағатында халықтың ішкі ынтымағы берік болуы тиіс. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ел амандығы мен экономикасын сақтау мақсатында шұғыл шаралар қабылданып жатыр. Оның ішінде шағын және орта бизнес пен ауыл шаруашылығы саласына баса назар аударылып, қолдау көрсетілуде. Бізде ауыл шаруашылығына қажетті ресурстардың бәрі бар. Президент таяуда ғана өз үндеуінде жанар-жағармай бағасын төмендету, ауыл шаруашылығына қосымша қаржы бөлу жұмыстарын Үкіметке нақты тапсырды. Биылғы егістік шығымдылығы ойдағыдай болады деген сенімдеміз. Бұл дегеніміз ертеңгі азық-түлік қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету деген сөз.
Елбасы өз үндеуі арқылы еліне одан әрі даму бағытын көрсетіп отыр. Ол халқына батасын берді, жол көрсетіп, бізде бар мүмкіндіктерге баса назар аударды. Ел экономикасын құлдыратпаудың, халық әлеуетін көтерудің негізгі тетіктерін атап өтті.
Дмитрий ОСТАНЬКОВИЧ,
ҚХА өкілі, «Радима» белорус
мәдени орталығының төрағасы:
– Тәуелсіздіктің қалыптасуының ең күрделі уақытында да, сындарлы кезеңдерде де Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым халықтың арасынан табылып, демеу жасап, үміт беріп келеді. Елбасының даналығы мен көрегендігі арқасында біз күшті мемлекет, бәсекеге қабілетті экономика және жаңа, біртұтас қоғам құрдық. Халқымыздың тәуелсіз мемлекет болуға деген көпғасырлық арманын шынайылыққа айналдырдық. Содан бері қазақстандықтар көптеген дағдарысты, нардың белі қайысар ауыртпалықтарды еңсерді. Барлық кезде де біз Тұңғыш Президентіміздің қиындықтан жол табарына сендік.
Бүгінде коронавирус пандемиясы жаңа сынақ туындатты. Оған да бірлесе тосқауыл қоя аларымыз сөзсіз. Мемлекетіміз қиыншылықты еңсеруге қажетті барлық шараны қолға алуда. Әрбір азамат қолдаусыз қалмайтынын Елбасы айтты. Өз кезегінде біз де қайсарлық пен тағат-төзім танытып, карантинді сақтағанымыз, бір-бірімізге көмек қолын созғанымыз жөн. Қазақстан – ортақ үйіміз. Бірлігіміз берік болса, кез келген қиындықты еңсеріп, жақсы, дана әрі күшті бола түсеміз.
Ғалым АХМЕДЬЯРОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Astana Opera МОБТ директоры:
– Елбасы коронавирусқа қатысты жағдайдың қауіптілігін атап өтіп, басымдықтарды айқындады, экономикалық дағдарыстан шығу мүмкіндіктерін түсіндірді. Н.Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында Қазақстан ілгері нық қадам басып келді. Реформаларға едәуір күш пен қаражат жұмсалды, олар елімізді болашақтағы күтпеген күйзеліс пен кері серпілістерден сақтау үшін жасалып жатыр. Бүгінде барша әлем экономикалық дағдарыс алдында тұр, алайда Қазақстанның «қауіпсіздік қоры» бар. Ендеше ретімен, үнемді пайдаланар болсақ, ол қор тарих сынынан еңсемізді тік ұстап өтуімізге мол мүмкіндік береді.
Театр ұжымы Тұңғыш Президентіміздің бастамаларын тұтастай қолдады, әрбір әртіс карантин жағдайында өз шығармашылығымен жарқын болашаққа деген сенім отын жағып, халықты бірлесуге насихаттауда. Опера әншілері, оркестр музыканттары онлайн режимде адамның өз-өзіне, өз елі мен бірліктің еңсерілмейтін күшіне деген үмітін оятатын әлемдік әрі ұлттық классика жауһарларын орындайды.
Елдос СЕНБАЙ