Теңіз кен орнындағы вахта қалашығында науқас әйелмен байланыста болғандар карантин тәртібін бұзды. Атырау облысы бас санитар дәрігерінің айтуынша, ТШО мердігер компанияларының бірінде жұмыс істейтін қызметкер вирус жұқтырған. 50 жастағы әйел бүгінде инфекциялық стационарда ем алып жатыр. Онымен жақын қарым-қатынаста болған 9 адам коронавирусты анықтау үшін тест тапсырды. Олардың ешқайсында індет жоқ болып шықты. Әйелдер өздерінен вирус табылмаған сәттегі қуанышын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде таратып жіберген. Сондай-ақ олар изолятордан кетіп қалған. Медперсоналдың айтқанына бағынбай, карантин аясындағы талаптарды сақтамай отыр. Мұны сол әйелдер жұмыс істейтін компания басшылығы растады. Аталмыш мекеме оларға қатысты шара қолдануға уәде берді. Айта кетейік, қазіргі таңда Атырау облысында COVID-19 инфекциясы анықталған 42 адам бар.