Ашық дереккөзден алынған мәліметке сүйенсек, елімізде 23 мыңнан астам өңдеуші кәсіпорын тіркелген. Алайда оның 15 мыңға жуығы ғана жұмыс істейді екен. Жұмыс істеп тұрғандарының ішіндегі белсенділерінің саны 8 мыңның шамасында. Көріп отырғанымыздай, кәсіпорын көп болғанымен, белсенділері өте аз. Осы сала үшін Үкімет индустриалды-инновациялық қолдау шарасының оннан астам түрін жасаған. Алайда кепілді тапсырыс, қаржы институттары арқылы несие беру, инвестиция тарту, ішкі нарықты қолдау, мамандармен қамтамасыз ету, қарызын қайта құрылымдау сияқты маңызды қолдау түрлері жұмыс істемейтін көрінеді.
Бұл мәліметті «Өнеркәсіп» ақпараттық жүйесінен алдық. Аталған жүйеде 2015-2018 жылдар арасында өңдеу өнеркәсібіне 2,3 трлн теңге көлемінде қолдау жасалғаны, мұны 13 мыңнан астам субъектінің алғаны айтылады. Бұл аз қаржы ма, әлде көп қаржы ма, оны төмендегі пайымымыздан білесіз. Бизнестің бағын ашты деген жарнамасы басым болған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасында жалпы ішкі өнімдегі өңдеуші өнеркәсіптің үлесі биыл, яғни 2020 жылы, кем дегенде 12,5 пайызға жетуі тиіс еді. Бұл цифр бағдарламаның индикаторлық көрсеткішінде жазулы тұр. Алайда бюджет қаражатын аямай салсақ та ол мақсат орындалған жоқ. Керісінше, көрсеткіш 2010 жылғы 11,3 пайыздан 2014 жылы 10,3 пайызға дейін төмендеген. 2018 жылға қарай ғана 11, 5 пайызға өсім көрсеткен.
«Өңдеу өнеркәсібі экономикалық өсудің негізгі қозғаушысы саналады. Бұл табысты кіріс әкелетін, жоғары еңбек өнімділігін қамтамасыз ететін, жұмыс орындарын ашатын сектор. Күнделікті тұтынатын заттардың көп бөлігі дәл осы салада шығарылады. Өңдеу өнеркәсібі әлемдік жалпы ішкі өнімнің 15-16 пайызын құрайды. Ал біздің елде бұл көрсеткіш жылына баяу өсіп жатыр», – дейді Президент жанындағы ҚСЗИ өкілдігінің жетекшісі Әсел Әбен.
Оның айтуынша, біздің елде өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесінің баяу өсуі елдегі технологиялық дамудың кемшіндігінен. Соның салдарынан ел экспортының жалпы көлемінде өңделген тауарлар (30 пайыз) мен шикізаттың (70 пайыз) арақатынасы өте алшақ.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы билік тарапынан тиімді деп бағаланып, 2025 жылға дейін ұзартылғаны белгілі. Міне, осы бағдарламада ЖІӨ құрылымындағы өңдеуші өнеркәсіптің үлесін кемінде 13,4 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Бұл межеге қазіргі төтенше жағдай кезеңінде қол жеткізу мүмкін болар ма екен? Себебі бұған дейін де қолдауға зәруміз деп келген өңдеуші сектордың жағдайын коронавирус пен мұнай бағасының құбылуы қиындатып отыр. Сондықтан бұл салаға қолдау қажет-ақ. Әйтпесе, бұл салада да қысқарту болуы мүмкін екен.
Қазақстан қаптамашылар қауымдастығының төрағасы Батырбек Әубәкіровтің айтуынша, еліміздің қағаз өнеркәсібі мен қаптама өндірісіндегі жағдай күн сайын нашарлап барады.
«Егер Үкімет шешуші шара қабылдамаса, кәсіпорындар жабылып, шамамен бір ай ішінде 6 мыңнан астам адам жұмыссыз қалуы мүмкін», – дейді ол.
Әзірге аталған салаға жасалатын қолдаудың нақты шарасы қабылданған жоқ. Әлі талқылау деңгейінде екен. Мұны «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Өңдеу өнеркәсібі комитетінің онлайн режимдегі кеңейтілген отырысында білдік. Ұлттық палата, мемлекеттік органдар, сондай-ақ салалық қауымдастықтар (одақтар) мен өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының өкілдері қатысқан отырыста бизнес ұсыныстардың материалдар пакеті таныстырылды.
Ұлттық палатаның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтің айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасымен дағдарысқа қарсы шаралардың екінші пакеті, соның ішінде ШОБ субъектілерін қолдау шаралары қабылданды. Ал өңдеу саласына қатысты «Өнеркәсіп» ақпараттық жүйесі сайтына келген сауалнамаларға талдау негізінде түйткілді мәселелерді палата Президент Әкімшілігі мен Үкіметке дейін жеткізеді, аталған мәселелер, сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасарлары деңгейінде қаралады.
Онлайн-талқылаудан кейін бұл саланың басты мәселесі не деген сұрақтың жауабы табылғандай болды. Оны Кәсіпкерлер палатасының Өңдеу өнеркәсібі комитетінің департамент директоры Арман Мәмбетаевтың сөзімен берсек, шикізат жеткізу, құрамдас бөлшектердің қымбаттауы, мемлекеттік сатып алу порталының, жер қойнауын пайдаланушылар мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының сатып алуларында сұраныстың азаюы, тауарлар жеткізудегі шектеу, теңге бағамының құбылуынан айналымдағы қаржының азайып кетуі өңдеуші сектор үшін үлкен проблема болып отыр.
«Осыған байланысты кәсіпкерлер дағдарысқа қарсы қолдау шарасы ретінде өнімді өткізу, кеден салығынан, құрамдас бөлшектерді сырттан әкелетін отандық өндірушілерді қосымша құн салығынан босатуды сұрап отыр. Бірқатар кәсіпорын қорғау шарасы қатарында қазақстандық тауарларға баж салығын енгізуді де ұсынды. Салыққа демалыс алсақ дейді, айналымға салу үшін арзан несие беруді сұрап отыр. Кәсіпкерлердің басым бөлігі банктер мен басқа да қаржы институттары алдындағы қаржылық міндеттемесінің қайта қаралғанын қалайды», – дейді ол.
Сонымен бірге өндіріс саласының өкілдері жабдық сатып алуға, экспортқа кеткен шығындарын өтеп беру туралы да өтініш айтыпты. Бөлшек сауда алаңын жалға алуға субсидия беруді сұрапты. Электр энергиясы мен басқа да коммуналдық төлемдердің тарифтерін уақытша төмендету мәселесін көтерді. Жеке кәсіпорындар шикізат импортын субсидиялауды, 2019 жылға корпоративті табыс салығынан босатуды, отандық кәсіпорындардың мемлекеттік сатып алу мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу саласындағы басымдылығын қамтамасыз етуді, сатып алу, реттелетін сатып алулар аясында ұзақмерзімді келісімшарттар жасау туралы ұсыныс жасады.
Онлайн отырысқа қатысушылар бизнес-ұсыныстарды жинақтап, талқылауға, содан кейін келісілген, негізделген ұсыныстарды Ұлттық палата арқылы Үкіметке жіберу туралы шешім қабылдады. Себебі талқылауға қатысқан қауымдастықтар басшылары кей мәселені әлі де пысықтап алу керек екенін айтады. Пысықтаған дұрыс, әрине, бірақ талқылауды созып жіберуге тағы болмайтынын ұмытпай керек-ау. Өйткені нақты қолдау шаралары бекітілгенге дейін уақыттан ұтылуымыз әбден мүмкін ғой...
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ