Елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік: нан, ұн, сиыр еті, қарақұмық және басқа да өнімге шекті баға енгізілді. Төтенше жағдай кезінде «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бөлшек сауда бағаларын енгізу туралы» бірлескен бұйрықты Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика, Сауда және интеграция министрлігі қабылдады. 4 сәуірден бастап күшіне енген норманы бұзған сауда орындары айыппұл төлейді. 7 сәуір күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел астанасы мен өңірлерге азық-түлік жеткізетін Continental Logistics ЖШС көлік-логистика орталығына арнайы барып, 6 мың тоннадан астам өнім сақталған қойманы аралап көрді. Президент Үкіметке облыстар мен қалалардың әкімдерімен бірлесіп, күнделікті ішіп-жеуге арналған азық бағасының қымбаттауына жол бермеуді тапсырды. Яғни, атқарушы органдар ендігі жерде алып-сату фактілерінің алдын алуға, сондай-ақ өңірлердегі тұрақтандыру қорын толықтыруға айрықша көңіл бөлуі тиіс. «Бұл – өте маңызды жұмыс. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі – басты міндет. Осы бағытта дұрыс жұмыс жүргізу керек», – деді Қ.Тоқаев. Осылайша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының тоғыз түрі бойынша бағаны қатаң қадағалау жүктелді. Ол қандай өнімдер? Ең алдымен, бірінші сұрыпты ұн, бірінші сұрыпты ұннан пісірілген нан, макарон өнімі (өлшеп сатылатын рожки), қарақұмық жармасы, күріш, сиыр еті, жұмыртқа (І санат), өсімдік майы және ас тұзы («Экстрадан» басқасы). Үкіметтің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ішінен аталған тоғыз түрін таңдап алуына соңғы айда қазақстандықтардың осы азықты көп тұтынуы себеп болған. Соған сай, 2020 жылдың басынан бері бұл өнімдердің бағасы айтарлықтай өскені анықталып отыр. Бір жағынан, әлемдік пандемияның әсерінен туған дағдарыс Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін бағалауға да жақсы себеп. Егер астық дақылдарының жан басына шаққандағы көлемі мен калориясы бойынша алып қарасақ, қазақ елі импорттаушы емес, экспорттаушы мемлекетке жатады. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл тұрғыда қазақ елі Орталық Азия мемлекеттері жәрдем сұрай қалса, белгілі бір азық түрінен жәрдем беруге дайын екенін де мәлімдеген. Рас, астық экспорты жөнінен Қазақстан – аймақтағы көшбасшы республика. Біздің бидай мен ұнды сатып алушылар да – оңтүстігіміздегі бауырлас елдер. Сондықтан қиын-қыстау кезде көмек беріп, қолұшын созу екінші жағынан нарықтағы тұтынушыдан айырылып қалмау мүддесін білдіреді. Алайда халықаралық статистикадағы негізгі өнім бидайдан бөлек, басқа да өнімдер бары рас. Оған қоса, азық-түлік тауарларының экспорты көлемінде шикізаттың үлесі көп. Яғни, дайын тамақ өнімдері тұрғысынан айтсақ, еліміздің қауіпсіздігі әлі де төмен деңгейде. Мәселен, сүт және сүт өнімдері (құрғақ сүт ұнтағы) бойынша негізгі көлем Ресей мен Беларусь мемлекетінен импортталады. Сондай-ақ ел тұрғындарын балық, көкөніс, жеміс-жидекпен қамтамасыз ету жеткіліксіз. Бір сөзбен айтқанда, азық-түлік өнімінің әртүрлілігі жөнінен импортқа тәуелдіміз. Ал коронавирус індетінің таралуын тежейтін шектеулер сырттан келетін азық бағасының өсуіне әсер ететіні анық. Сондықтан эпидемия басылғанша импорттық өнімге деген тәбетті тежеп, күнделікті тағам мәзірін өзімізде өндірілетін өніммен шектеуге тура келеді.
ӨҢІРЛЕР БОЙЫНША ШЕКТІ БАҒА ҚАНДАЙ?
Сонымен жергілікті әкімдіктер жіберген есеп бойынша жауапты министрліктердің әр өңірге қолайлы баға бекіткені белгілі болды. Демек, әр облыстағы азық-түлік қоры мен сатып алу мүмкіндігі, тұтыну нарығының көлемі тағы басқа критерийлер бойынша шекті баға ұсынылуда. Айта кетейік, әлеуметтік маңызы бар тоғыз түрлі азық бойынша барлық баға килограмға негізделген, ал жұмыртқаның шекті құны – 10 дана үшін деп есептелген. Мысалы, Нұр-Сұлтанда І сұрыпты ұннан дайындалған 1 келі нанның бағасы 150 теңгеден аспауы тиіс болса, Алматы мен Шымкентте 146 теңге деп бекітіліп отыр. Ең қымбат шекті құн – Маңғыстау мен Атырау облыстарында (164 теңге) болса, арзаны – Жамбыл облысы (138 теңге). Бұл тұрғыда бір келі нанның бағасы Ақтөбе облысында – 147 теңге деп көрсетілсе, Ақмола және Батыс Қазақстанда – 160, Қызылорда облысында – 139, ШҚО-да – 150, Павлодарда – 161, Алматы облысында – 144, Түркістан облысында 148 теңге. Ал Қарағанды облысы бойынша шекті баға елді мекендердің сұранысына қарай 142-160 теңге аралығында деп белгіленген.БАҒА ҚАЛАЙ БАҚЫЛАНАДЫ?
Иә, бағаның қымбаттап кетпеуіне жергілікті әкімдер жауапты. Әсіресе, Үкімет бекіткен жоғарыдағы тоғыз тауардың құнын қолдан өсірген дүкендер мен сауда иелеріне айыппұл салынады. Оның көлемі 265 100 теңгеден 530 200 теңге аралығында. Оған қоса, ел тұрғындары да төтенше жағдай кезінде күнделікті ішіп-жеуге арналған отандық өнімді қадағалай алады. Ол үшін арнайы www.dosmart.kz веб-платформасы дайындалды. Яғни, азаматтардың аталған сайтқа кіріп, арыз-шағым қалдыруына мүмкіндік жасалған. Бағаны себепсіз көтерген сауда нүктесінің атын, мекенжайын және сатып алушы ретінде телефон нөміріңізді көрсетсеңіз болғаны, жауапты мекемелер сол бойынша жұмыс істейді. Айтқандай, платформа азық-түліктің тоғыз түрінен бөлек, барлық әлеуметтік маңызы бар 19 түріне бағаның негізсіз көтерілуін онлайн бақылауға мүмкіндік береді. Оған картоп, сәбіз, қант, тауық еті, айран және тағы басқа өнімдер кіреді. Сондықтан азық бағасын тұрақтандыруға арналған жүйенің дұрыс жұмыс істеуі тұтынушының белсенділігіне де байланысты. Мақсұт БАҚТЫБАЕВ, Қазақстан Ет одағының басшысы: – Еліміздегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына мал шаруашылығы өнімдері де кіреді. Яғни, халықтың күнделікті ішіп-жеуіне қажетті тағам өндірісінде ет пен сүт өнімдерінің, жұмыртқаның маңызы жоғары. Сондықтан бағаны тұрақтандырудың бір жолы – өнімді алдын ала (форвардтық) сатып алу, өндірушіге тікелей қаражат беру арқылы ықпал ету. Екіншіден, барлық азық-түлік тауарларының 25%-ы супермаркеттерде, 25%-ы үй маңындағы дүкендерде, 50%-ы базарларда сатылатыны белгілі. Демек, бағаны реттеу үшін базардағы сауда жолдарымен жұмыс істеу қажет. Өйткені көбінесе дистрибьюторлар дефицит жасап, бағаны қолдан өсіреді. Ол үшін баламалы сату жолдары (нарықтың 25%-нан кем емес) болу керек – фермерлік базарлар, жәрмеңкелер, павильондар. Фермерлер өз тарапынан тек жалдау құны мен тікелей шығынды өтейді. Мұндай пилоттық жоба қазір Нұр-Сұлтан қаласында жұмысын бастады. Енді осыны барлық облыс орталығы мен тұрғын саны көп қалаларға енгізген жөн. Бұл бір жағынан халыққа қажетті өнім бағасын арзандатады және отандық өндірушілер өнім көлемін ұлғайтып, импортқа тәуелділіктен құтқарады.