Топ-клубтар бәс тігіп отырған ойыншының бірі һәм бірегейі – Маттейс де Лигт
Голландиялық «Аякстың» биылғы қарқыны керемет. Клуб ел чемпионатында да, Чемпиондар лигасында да үздік қалпынан танбай келе жатыр. Алда – «Тотенхэммен» болатын жауапты ойын. Егер осы матчтан сүрінбесе Эрик тен Хаг баптайтын жас перілер Еуропадағы ең үздік турнирдің финалына шығады.
Дегенмен клубтың ойыншыларына, тіпті бас бапкеріне де көз тігіп отырған топ-ұжымдар аз емес.
Бас бапкер Эрик тен Хаг та маусым біткен соң де Лигттің клубта қалмайтынын айтыпты. «Оның «Аякста» қалу мүмкіндігі нөлге тең. Оған қызығып отырған клубтар өте көп. Жазда командасын ауыстырады. Бірақ ол «Барселона» ма, әлде «Бавария» ма, нақты айта алмаймын» депті ол.
Ал «Тоттенхэм» қақпасына гол соққан Донни ван де Бек өз карьерасын Испанияда жалғастырмақ. Оның трансферіне «Реал» мүдделі болып отыр. Егер «Реал» француз футболшысы Поль Погбаға қол жеткізе алмаса онда ван де Бекті сатып алуға бар ықыласымен кіріспек. Бұл ретте корольдік клуб «Аяксқа» төленетін ақы 60 млн еуродан аспауы керек деп есептейді.
Шын мәнінде «Аякс» Еуропадағы бай клубтар санатынан емес. Негізінен жас, талантты, трансферлік құны арзан ойыншыларға, өз тәрбиеленушілеріне иек артады. Мәселен, қазір күллі әлемді тәнті етіп жүрген ойыншылардың әу бастағы бағасын есепке алар болсақ, небәрі 87 млн еуроны құрайды.
Мәселен, Дейли Блинд былтыр жазда «МЮ»-ден 18 млн еуроға қайтарып алды. Ал Давид Нерес 12 млн еуроға «Сан-Паулудан» келген. Ағылшын премьер-лигасында жарқылдап ойнаған Душан Тадич 11,4 млн еуроға «Саутгемптоннан» ауысып келді. Қазір ол «Аякс» сапындағы нағыз снайперге, нәтижелі пас шығаратын бірегей ассистентке айналған. «Твентенің» намысын қорғаған Хаким Зийечтің 2016 жылдың жазындағы бағасы 11 млн еуро еді. Қазір 35 млн еуроға қымбаттаған. Ал Френк де Йонг болса бірер жыл бұрын 10 млн еуроға ғана бағаланушы еді.
Өзге ойыншылардың тізімі былай өріледі (бұрынғы трансферлік бағалары көрсетілген):
Сондай-ақ клуб өзі тәрбиелеп шығарып, негізгі сапқа қосқан – Нуссайр Мазрауи, Йоэл Велтман, Карел Эйтинг, Юрген Эккеленками секілді ойыншылар бар.
Клубтың бас директоры Эдвин ван дер Сар ойыншылардың клуб ауыстыруына қатысты пікірін білдірген.
«Біз ойыншыларға: «Егер сендер «Аякстың» аңызына айналғыларың келсе онда маңызды жүлде жеңіп алуларың керек» деп айттық. Олар осы сенімді ақтайды деп ойлаймын. Егер олар бізде жақсы 3-4 жыл өткізіп, титулдар жеңіп, ғажайып футбол көрсетсе – бұл қуаныш. Сосын олар қалаған клубына кете алады. Себебі академиядан келетін жастарға да орын босатуы керек. Осы құрамнан мынша ойыншыны сата саламыз деп кесіп айтпаймын. Бәсеке қай кезде бар нәрсені өзі анықтайды» дейді ол.