Төбеден төнген қауіп
Төбеден төнген қауіп
170
оқылды
Көкшетау бір-ақ сәт­те астан-кестен болды. COVID-19 індетінен қор­қып, үрейленіп отырған жұрт­тың одан сайын зәре-құты қашты. Дүлей дауыл тұр­ғын үйлер мен ны­сан­дар­дың шатырын жұлып әке­тіп, аялдамаларды ауда­рып тастады. Осыдан бірнеше күн бұрын «Айқынның» №47 санында Әде­биет Белгібайұлының «Шатыры ұшқан үйлер» атты мақаласы жа­рық көрген болатын. Артынша дәл осындай келеңсіз оқиға қай­таланды. Сәйкестік пе дерсің. Бірақ бұл елімізде бірінші рет болып тұрған жағдай емес. Жыл сайын боран соқса, қатты жел тұрса болды, аймақтарда үйдің ша­тыры ұшады. Сапасыз салын­ған құрылыс нысандары қирап, тұрғындардың мазасы қашады. Өңірлерде апатты жағдайлар, оқыс оқиғалар тіркеліп, адам шығыны болмайынша аймақ басшылары да жайбарақат жүре береді. Қанша рет айтылса да мұндай оқиғалар жыл сайын қай­таланып отыратыны өкінішті. Жалпы, Қазақстанда дүлей дауылдың салдарынан 160-тан астам ғимараттың шатыры бүлін­ді. Бұл туралы ТЖ комитеті дағ­да­рысты ахуалдарды басқару ор­та­лығының басшысы Рус­тамбек Амрин хабарлады. Атап айтқанда, қатты желдің салда­рынан Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақ­стан облыс­тарының 22 ауданы мен 2 қ­а­ла­сында 160-тан астам ғи­мараттың шатыры жұлынып кеткен. Ақ­мола мен Қостанай об­лыс­та­рының 9 ауданында электр желілері зақымданды. Қазір қи­раған нысандар мен материалдық шығындар көлемі анықталып жатыр. Сонымен қатар ауа ра­йының қолай­сыздығына байла­нысты Ақмола мен Қостанай об­лыстарындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолда­рының 9 учас­кесі және Қостанай облысындағы облыстық маңызы бар авто­мо­биль жолдарының 20 учаскесі жабылды. Оқыс оқиға кезінде 2 адам көз жұмды. Бұл туралы Өңірлік ком­муникациялар қызметінің баспа­сөз отырысында қала әкімі Аман­гелді Смайылов мәлімдеді. Оның бірі 1996 жылы туған жас жігіт. Оған Әуелбеков көшесіндегі ғи­мараттың шатыры құлап кет­кен. Салдарынан ол бассүйек-ми жа­рақатын алған. Көпсалалы облыстық ауру­хана­дағылар да бұл ақпаратты рас­тады. «Науқас бізге ауыр бас­сүйек-ми жарақатымен түсті. Сағат 12.30-да қайтыс болды», – деді бас дәрігердің орынбасары Алма Раева. Екінші апатты жағдай Ақмола облысы Бурабай ауданының Ұрымқай ауылында тіркелді. 28 м/с дейін қатты жел соғып, көлік сарайының шатырын құлатқан. Өкінішке қарай, 1980 жылы туған күзетші оқиға орнында көз жұмды. Қатты дауылдың салдарынан облыс бойынша 21 адам түрлі деңгейдегі жарақат алған. Зардап шегушілердің барлығына көмек көрсетілген. Ауруханаларға бас жарақаттарымен – 8, аяқ, кеуде және басқа да түрлі дене жара­қаттармен 19 адам амбулатория­лық ем қабылдаған. Сандықтау аудандық ауруханасына бассүйек-миына зақым келген 7 жастағы бала түскен. Зеренді ауданында – 1, Есіл ауданында 2 адам аурухана­ға жатқызылды.
Төтенше жағдай департаменті де Ақмола облысындағы дауылдан кейінгі жағдай туралы мәлімет берді. Ведомстваның хабарла­уынша, Көкшетау қаласында да­уыл кезінде 4 тұрғын үй мен әкім­шілік ғимараттардың шатыры ұшқан, 10 аялдама павильоны мен 4 жарнама құрылымы құлаған. Краснояр селосында 1 тұрғын үйдің шатыры ұшып, Станцион­ный кентінде 1 автобус аялдамасы аударылып түскен. Желдің күш­тілігінен Шевченко, Темірбеков, Әуезов көшелері, Бармашино ауданынан көз орталығына де­йінгі аумақта электр желілеріне үл­кен зақым келген. Дауылдың сал­дарынан «Аққу» балабақшасы, «Триатлон» спорт кешені, «Дос­тық» үйі, қан орталығы, «Меди­кус» медициналық орталығы, «Көктем» балабақшасы сияқты қоғамдық нысандардың да жа­рығы өшкен. Назарбаев даңғылы­нан Медикус орталығына дейінгі 25 көпқабатты тұрғын үйлердің де уақытша электр энергиясы ажы­ратылды. Қалалық электр желісі­нің хабарлауынша, жалпы 2 600 абонент жарықсыз қалды. Электр жарығының сөндірілуі қаланың осы аудандарында жер қазу жұ­мыстарын жүргізуге байла­нысты болған. Аталған нысанның бәрін­де электр энергиясы қайта қал­пы­на келтіріліп, жарық қосылды.
Қазіргі кезде қалалық ком­муналдық қызметтер, Көкшетау ТЖБ қызметкерлері табиғат апа­тының зардаптарын жоюға кірісті. Бұған қалалық қызметтерден 181 адам, 8 арнайы техника, Көкшетау қалалық ТЖБ жеке құрамынан 20 адам және 3 арнайы техника жұмылдырылған. Бір айта кетерлігі, дауылдан ұшып кеткен көпқабатты тұрғын үйлердің шатырлары Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының тұрғын үйлерді жаңғырту бағдар­ламасы бойынша кейінгі жылдары салынған. Қала тұрғындарының сапасыз жұмыс істеген құрылыс­шыларға өкпесі қара қазандай. – Тапсырыс беруші мен мер­дігер жұмысты сапалы орындаса мұндай жағдай болмас еді. Желдің добы сияқты біресе олай, біресе былай ұшып, көшедегі дөңгелеп жатқан аялдамаларды көргенде еріксіз күледі екенсің. Содан соң «Ертеде салынған аялдамалар неге былқ етпеді» деп ойлайсың. «Мүмкін көңіл қойып, бар тиесілі қаражат дұрыс жұмсалып са­лынғандықтан болар» дейсің дәр­менсіз күбірлеп. Енді бәрін қа­лыпқа келтіреді, жөндейді, дұрыс­тайды. Тек табиғат жарықтық былықтырып, бетін жаба салған­дардың қақпағын қаңғырлатып, құрылыс нысандарының шынайы бейнесін ашып беріп жатыр, – дейді жергілікті тілші Майра Қуанышқызы. Қорыта айтқанда, табиғи апаттан зардап шеккен 3 өңірде 395 нысанға зақым келген. Нақ­тырақ айтар болсақ, Ақмола облы­сында – 210 нысан, Қостанай облысында – 92 нысан, Солтүстік Қазақстан облысында 93 нысан. Бұл аталған 3 аймақ үшін төтенше жағдай кезінде ауыр соққы болды. Облыс аумағында зақымданған ғимараттың көптігі соншалық, шығынды есептеу жұмыстарына бір апта керек екенін айтады жауаптылар. Ал қалпына келтіру жұмыстарына қаражаттың қайдан алынатыны әзірге белгісіз.  

 width=    Абылайхан ЖҰМАШ