Ерлан Мадиев: Бірлігіміз мықты болса, қиындықтан қиналмай өтеміз
Ерлан Мадиев: Бірлігіміз мықты болса, қиындықтан қиналмай өтеміз
Фото: Интернеттен алынды
302
оқылды
«Айқын» респбликалық қоғамдық-саяси газетінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел жеңеді» атты мақаласы  жарық көрді. Осы мақалада айтылған мәселелерге байланысты Тұңғыш Президент қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Ерлан Мадиевтің пікірін білген едік. – Қазіргі дағдарыс кезінде қоғам моральдік тұрғыдан қолдауға мұқтаж. Ел басына ауыртпалық түскен кезеңде Елбасы халыққа үндеу жолдап отыр. «Бірлесе білген ел жеңеді» атты мақаласында Елбасы қоғамның стратегиялық бағыттарын айқындап берді. Халқымызды төтенше жағдай кезінде ауызбіршілік танытып, сабырлы болуға шақырып отыр. Тұңғыш Президентіміз Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан атқарылып жатқан шұғыл іс-әрекеттер мен жұмыстарға оң бағасын берді. Ол шаралардың халыққа дұрыс жеткізілуінің маңызын да ерекше атап өтті. Тәуелсіздік алғаннан бүгінгі күнге дейін талай дағдарысты өткердік. Дегенмен сол кезеңдердегі қиындықты бүгінгі болып жатқан пандемиямен салыстыруға келмейді. Яғни, бүгінгі таңда әлем экономикасы тығырыққа тірелді. Елдің мұндай дағдарыстарға төтеп беруі қажет. Себебі, бұған дейін елімізде түрлі мемлекеттік  бағдарламалар жүзеге асырылған болатын. Қаншама істер атқарылды, әлі де жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, экономиканы әртараптандыру болсын, адам капиталын дамыту бағытында жасалған «Болашақ» бағдарламасы сияқты бірқатар іс-шаралар да, еліміздің әлеуметтік жүйесін нығайтуға септігін тигізіп жатыр. Демек, Қазақстан бұл дағдарысты  осындай стратегиялық маңызды бағыттармен, айқын мақсаттарымен  мейлінше үлкен дайындықпен қарсы ала білді. Ең бастысы, Елбасы айтқандай, дәл бүгінгі қиын-қыстау кезеңдерде ынтымақ ауадай қажет. Әрбір азамат осы күрделі кезеңнен ел-жұртымыздың аман-есен шығуына өз үлесін қосуы аса маңызды. Осынау қиындықта әлеуметтік аз қамтамасыз етілген көмекке мұқтаж жандарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Сондықтан Елбасының мақаласы идеологиялық, стратегиялық жағынан да аса зор маңызға ие.