Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы осынау қиын-қыстау сәтте баршаның көңіліне үміт ұялатып, жігерлендіргені сөзсіз. Әрі мақала елдің стратегиялық қадамдарының қандай болмағын көрсетіп тұр. Елбасы «Халыққа қызмет етуден өзге, менің басқа тағдырым жоқ» деген болатын. Оның осы сөздерімен үндесіп жатқан істері оның бүкіл Қазақстанға шексіз қызмет етуінің жоғары дәлелі. COVID-19 вирусының кесірінен жаһан елдері әбігерге түсіп отырған аса қиын шақта Елбасымыз ұлт саулығы, оның бүгіні мен келешегі жайында ерекше алаңдаушылық білдіріп, әрқашанда және бұл жолы да халқымен бірге екенін дәлелдеді. Расында да, бүгін коронавирус індеті әлем жұртшылығын тығырыққа тіреп отыр. Жаһандық, оның ішінде отандық экономика да дағдарысты күй кешуде. Еліміз бойынша кәсіпорындар, зауыттар, шағын және орта кәсіпкерлік қызметтері мәжбүрлі түрде тоқтады. Мұнайдың бағасы да бұрын-соңды болмаған ең төменгі деңгейге құлдырады. Өзге елдермен шекаралар жабылып, сауда-экономикалық қарым-қатынастар тыйылды. Барлық елдерде жұмыссыздық деңгейі артып келеді. Осынау қиын сәтте Елбасы халық арасындағы ынтымақ-бірлікке, достыққа ерекше мән беріп отыр. Өйткені жұрт көңілі уайым мен алаңдаушылыққа салынған осы сәтті өз мүддесі үшін пайдаланғысы келетін арандатушылар жоқ емес. Сол себептен де, Елбасы халықты арзан, азғырынды әңгімелерге еруден аулақ болуға, керісінше ғылым-біліммен айналысуға, әрбір адамды өз отбасына, ата-анасына, балаларына, туған-туысқанына қамқор болуға, олардың өмірі мен денсаулығын қорғауға шақырып отыр. Ата заңымыздың бірінші бабында: «Қазақстанның ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі» деп нақты жазылғанын айтқан Елбасы тәуелсіздік жылдары денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында жүзеге асырылған ауқымды жұмыстардың арқасында бұл саланың қарыштап дамығанын айтты. Мамандарымыз әлемнің ең дамыған елдерінде тәжірибеден өткен, «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелдерде оқып, шыңдалып келген. Дәрігерлеріміздің кәсіби деңгейі жоғары. Демек, Елбасы айтқандай індетпен күресте жетістіктеріміз аз емес. Сонымен қатар Елбасы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тарапынан қалыптасқан ахуалға байланысты нақты шаралар қабылдағанын да айтты. Бұл шаралар коронавирус індетінің таралуын болдырмауға, ауыр экономикалық жағдайда халықтың аса мұқтаж топтарына, уақытша жұмыссыз отырған азаматтарға, көпбалалы отбасыларға, кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы саласына алуан түрлі көмектің көрсетілуіне бағытталған. Елбасы бүгінгі Қазақстанды Кеңес Одағы ыдыраған өткен ғасырдың 90 жылдарындағы Қазақстанмен салыстыруға болмайтынын атап өтті. «Бізде осындай қиындық туғанда ешкімге алақан жаймау үшін, ұрпақ қамы, ел болашағы үшін жинақталған Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ доллары бар. Ретімен, үнемді пайдаланар болсақ, ол бүгін басымызға түскен тағдыр мен тарих сынынан еңсемізді тік ұстап өтуімізге мол мүмкіндік береді», – деді ол. Осы тұста Елбасы Үкіметке, барлық жергілікті атқарушы органдарға сол қаржыны үнемді, орнықты пайдалану қажетін, Nur Otan партиясы мүшелерінің де осы бір сауапты істің алдыңғы қатарынан табылуға тиіс екенін баса айтты. Өз мақаласында Елбасы қазақтың зиялы қауымын халықты ынтымаққа шақыруға, өскелең ұрпақты ізгілікке тәрбиелеуге, ал жастарды Отанға шексіз қызмет етуге үндеді. Елбасы: «Кәсіпкерлерге де арнайы айтарым бар: сіздер тәуелсіздіктің арқасында өз істеріңізді қалыптастырып, аяқтарыңызға нық тұрдыңыздар, мол дәулетке кенелдіңіздер. Енді «Мен еліме не беремін?» дейтін кездеріңіз де келді», – деді. Айта кетуіміз қажет, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев коронавирусқа байланысты наурыз айында халыққа жолдаған үндеуінде осындай қиын шақта елге көмектескісі келетін және жәрдем бере алатын адамдардың қаржысы жинақталатын республикалық қор құруды ұсынған болатын. Бүгінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің басшылығымен облыста дағдарысты еңсеру, халықтың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған екпінді шаралар қабылданып, жүзеге асырылуда. Өз тұсында Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары да індетті бүкіл қоғам болып жеңу, дағдарысты жағдайда халықтың ауызбіршілігі мен ынтымағын арттыру мақсатын көздеген белсенді істерді жүзеге асыруда. Елбасымыздың республикалық қор құру тұрғысындағы ұсынысын жүзеге асыру аясында Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары облыс аумағындағы барша іскер азаматқа, кәсіпкерге, ірі кәсіпорындар басшыларына үндеу жариялап, ел басына осындай күн туғанда аянып қалмастан қатерлі індетті жеңуде иық тіресіп, бар күш-жігерді бір арнаға тоғыстырып, қолдан келген көмекті көрсетуде шетте қалмауға шақырды. Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары аталған республикалық қорға 147,5 млн теңге аударды. Сонымен қатар облыстық мәслихат депутаттары аз қамтылған отбасыларға азық-түлік, гигиеналық құралдар түрінде 8,5 млн теңгенің көмегін көрсетті. Аталған республикалық қорға депутаттар тарапынан алдағы уақытта тағы да қаражат аударылатын болады. Сондай-ақ бүгінгі таңда жүргізіліп отырған #BizBirgemiz акциясына да Nur Otan партиясының Түркістан облыстық мәслихатындағы фракциясының мүшелері белсенді түрде атсалысуда. Бүгінде кәсіпкерлердің қорға аударған қаражаты мен заттай көмектері арқылы Түркістан облысы бойынша 2 мыңнан астам отбасыға 60 тоннадай азық-түлік, гигиеналық заттар топтамасы жеткізілді. Оны партия өкілдері, Jas Otan жастар қанатының мүшелері мен ерікті жастар жүзеге асыруда. Бұл жердегі мақсат – көмекке зәру, жүріп-тұруы қиын тұрғындарды үйінен шығармай, көмекті жеткізу. Сондай-ақ ерікті түрде мемлекеттік қызметкерлер де бір күндік жалақыларын аударды. Жергілікті депутаттар тек қаржылай, заттай көмектесіп қана қоймай, халық арасында санитарлық-гигиеналық, дезинфекциялық шараларды қатаң ұстану тұрғысында түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуде. Төтенше жағдай кезінде жұмыссыз қалған азаматтарға қолдау ретінде ең төменгі жалақы мөлшерінде (42500 теңге) әлеуметтік төлемдер туралы Түркістан облыстық мәслихаты депутаттары барлық аудан, қалаларда түсіндіру, насихаттау жұмыстарын жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тұрақты түрде жүргізуде. Еліміздегі ауыр індет жағдайында қалыптастып отырған бүгінгі экономикалық дағдарыстың өткінші жағдай екенін түсінуіміз қажет. Мемлекет бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап отыр және жасайды да. Қазақ елі небір қиын-қыстау замандарды, сан алуан дағдарысты бастан өткерген. Бұл сынақтан да біздің аман шығатынымызға күмән жоқ.
Қайрат БАЛАБИЕВ, Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы