«Кемедегінің жаны бір» екені белгілі. Әлем елдері бір-біріне гуманитарлық көмек көрсетіп, қолдау білдіріп жатыр. Жер шары тұрғындарының ойында індеттің беті қайтса деген бір тілек бар. Сол үшін қолдан келгенін істеп әлек. COVID-19 індетімен күресте озық тәжірибе көрсеткен Қытай елімізге бір топ дәрігерін жіберіп, алдын алу жолдарын үйретпек. Қытай елімізге коронавируспен күреске көмек ретінде дәрігерлерін жіберді. Білікті мамандардың алғашқы легі 9 сәуір күні Нұр-Сұлтан әуежайына арнайы рейспен ұшып келді. Індетпен күресте нәтижелі жұмыс істеп жатқан елден тәжірибе алмасуды сұраған – өзіміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзипиньмен телефон арқылы сұхбаттасып, індетпен күресте бірге амалдауға келіскен. Нәтижесінде, Қытай медицина мамандарымен бірге гуманитарлық көмектің екінші бөлігін жіберді. Елге келетін делегация құрамында қандай мамандар бар? Пульмонология, инфекция, шұғыл терапия, эпидемиология, қоғамдық денсаулық сақтау саласы мамандары елге келеді. Яғни, олар инфекцияның алдын алу, бақылау, оқшаулау тетігін жетік біледі және аталған тақырыпта тренинг өткізуге дайын. Президент ортада дәнекер болған келісім нәтижесін берері анық. Өйткені 7 сәуір күні Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаеваның төрағалығымен Денсаулық сақтау комитеті өкілдері мен қытайлық дәрігерлер онлайн кездесу өткізді. Қос тарап сапар бағдарламасын жасап, басым бағыттарды анықтады. Иә, гуманитарлық көмектің алғашқы партиясын Алматы қаласындағы СІМ өкілдігі, «Фармация» мен ҚХР Бас консулдығы өкілдері күтіп алды. Оның ішінде тепловизор, тест жиынтығы, медициналық бахила, қолғап, көзілдіріктер мен медициналық киімдер бар. Аталған көмектің екінші бөлігі де осындай жабдықтардан тұруы мүмкін. «Жақсылық иесін табады» дегендей, бұл Қытайдың «сыйға – сый» ұсынғаны. Өйткені ақпан айында UNICEF бас болған 11 ел Қытайға коронавируспен күресу үшін гуманитарлық көмек жіберді. Ішінде Қазақстан да бар. Мемлекетіміз Қытайға 13,6 тоннаға жуық медициналық бұйым түрінде көмек берді. Сонда қытайлық елші нағыз достың қиындықта сыналатынын айтқан. Дегеніндей көрші басына күн туғанда құралақан қалмайтынын дәлелдеп отыр. Біріккен Араб Әмірліктері де елімізге медициналық қорғаныс құралдарын жіберді. Олар жіберген бетперде, қолғап, бахила, антисептик сияқты медициналық құралдардың салмағы – 13 тонна. Мемлекетімізге БАӘ-мен қатар АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия мен Израиль көмек қолын созды. Жалпы, гуманитарлық көмек – ынтымақ пен ықыластың көрінісі. Әрі сенің әлемдік деңгейдегі беделіңді айшықтай түсетін амал. Сондықтан қолдан келсе, қоржындағыны бөліскенге не жетсін?! Осындай оймен Қытай бірқатар елге көмек жіберді. Әсіресе, медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге тырысты. Иран, Пәкістан, Лаос, Таиланд, Жапония, Оңтүстік Корея мен Африка елдерімен барымен бөлісті. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымына 20 млн доллар қаржы аударды. Мұнымен тоқтамай Италия, Франция, Грекия, Испания, Сербия, Камбоджа, Филиппин, Египет, Ирак, ОАР, Эфиопия, Беларусь, Чили мен Кубаға гуманитарлық көмек көрсетуге дайындалып жатыр. Әрине, Қытайдың бұл ісіне күдікпен қарағандар да табылды. Мәселен, Франция басылымдары Қытай осынысымен «істегенін мойнымен көтеріп жатыр» десті. Алайда Қытай тарапы «өзгеге көмектесу – өзіне көмектесу» екенін мәлімдеді. Індет төңірегінде бар әлем біртұрас екенін алға тартты. Расымен де, біріккенде ғана коронавирусқа қарсы тұруға болады. Мұны ДСҰ әр мәлімдемесінде тайға таңба басқандай етіп көрсетеді. Содан болар, Ресей АҚШ-қа медициналық жабдық тиелген ұшақ жіберуге қамданып, Трамп Эрдоғанмен телефонмен сөйлесіп, індетке қарсы күресте тізе қосудың маңызды екеніне тоқталған. БҰҰ да қарап қалмады. Ұйымның бас хатшысы Антониу Гутерриш оқшауланудан бұрын мәрттік танытатын уақыт жеткенін айтты. Бұл коронавирусқа қарсы әлемдік антивирус қуатына тең екен. Солай деді де үлкен жиырмалыққа кіретін елдерден жоспарды жүзеге асыру үшін 2 млрд доллар сұрады. Олар жоспар бойынша 80 мемлекетке індетпен күресте қолдау көрсетпек. Әсіресе, Ауғанстан, Иран, Ирак, Венесуэла, Сирия, Ливия, Мали мен Эфиопияға қараспақ. Иә, жоғарыда аталған елдердегі жағдай мәз емес. Әлеуметтік желіде Африка тұрғындарының «бізде қол жуатын сабын, киетін бетперде жоқ» дегені жүректі елжіретеді. Мұндай елден күрес жүргізуге қам жаса деп қалай сұрайсың?! Сондықтан БҰҰ бірігіп, Африка, Азия мен Латын Америкасындағы жағдайы төмен елге гуманитарлық көмек жібереді. Көмектің ішіне не кірмек? Арнайы лагерь ашылады, онда қол жуатын орын, қорғану құралдары мен сақтық шараларын үйрететін мамандар барады. Ал әлем елдерінің көмек дәптерін ашып көрсек, әртүрлі эпидемиямен күресте адамзатқа қолұшын созуға АҚШ әуес екен. Олар 2009 жылдан бері жәрдемге 90 млрд доллар жұмсапты. Коронавируспен күреске келсек, Ақ үй 100 млн долларды қайырымдылыққа жұмсауды көздеп отыр. Мәселен, 37 млн долларды індет өршіп жатқан 25 елге бөліп бермек. Оның ішінде Ауғанстан, Ирак, Пәкістан, Тәжікстан, Қырғыз Республикасы, Вьетнам мен Таиланд та бар. Одан бөлек, Ресей Италияға 15 әскери-транспорт ұшағын жіберді. Олар Италияға дезинфекция жұмысына көмектесіп, лабораториялық тәжірибеге атсалысты. Түркия, Қытай, Жапония мен АҚШ қырғыз еліне демеу көрсетті. Мысалы, бір ғана Вашингтоннан Бішкекке 10 мың хирургиялық маска, 10 мың қолғап, 1,4 мың халат пен 200 көзілдірік жеткізілді. Тізе берсең, бір-біріне қолдау білдіріп жатқан ел көп. Барлығы індеттің беті қайтқанын қалайды. Беделді ұйымдар да «қолыңнан келсе, бөліс» деп дабыл қағуда. Әзірге карантин мерзімін тоқтатқан Ухань ғана. Бірақ Қытай коронавирустың екінші толқынынан қауіптеніп отыр. Дегенмен Еуропа елдерінде жағдай біршама жақсарған. Бастысы, үміт үзбеу керек. Ал адамзат қолда барымен бөлісуге дайын. Мұны жоғарыдағы дәйектер дәлелдеп тұр.