Онлайн оқуда сұранысқа ие Zoom қосымшасы қара тізімге енді
Онлайн оқуда сұранысқа ие Zoom қосымшасы қара тізімге енді
Фото: Интернеттен алынды
Reuters-тің жазуынша, АҚШ сенаты қызметкерлеріне қауіпсіздік мәселесіне байланысты Zoom-мен видеоконференция өткізуге тыйым салды. BuzzFeed порталы Google корпорациясы да өз компьютерлерінде Zoom бағдарламасын бұғаттады деп жазды. Олар өткен аптада Google-дың компьютерлерінде Zoom орнатылған қызметкерлеріне жіберген хаттамасына сілтеме жасаған. Басты себеп бағдарламаның қауіпсіздік сақтаудағы осалдығы болып отыр. «Біз ұзақ уақыт бойы корпоративтік желіден тыс қызметкерлерге бекітілмеген қосымшалармен жұмыс істеуге тыйым салатын саясатты ұстанып келеміз», – деп мәлімдеді Google өкілі Хосе Кастанеда. Басқа да бірқатар алып корпорациялар бұл қосымшаны пайдаланудан бас тартты. Қызметкерлерге сервисті пайдалануға тыйым салған алғашқы компаниялардың бірі – SpaceX. Олар байланыс үшін балама ретінде электрон пошта мен смартфондағы бейнеқоңырауларды қолданады. SpaceX ғарыш компаниясынан кейін ZOOM-ды пайдалануға NASA да тыйым салды. Мұның алдында қызметкерлер жаппай қашықтан жұмыс істеуге көшкеннен кейін қосымшаны қолдаланушылар саны үш айда 20 есеге өскені мәлім болған. Күн сайын Zoom-ды 200 миллион адам пайдаланады. Ал компания басшысы Эрик Юань негізгі ресурстарды тұрақты жұмыс үшін жұмсағанымен, Zoom қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ете алмағанын мойындап отыр.