Түркістан облысы Кентау қаласына қарасты Нұртас ауылының тұрғындарына Nur Otan партиясы көмек көрсетті. Өйткені Түркістан облысы Үшқайық ауылдық округі Нұртас елді мекені толықтай карантинге жабылып, бүгінде ауылға залалсыздандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Қатаң бақылау іс-шарасы аясында ауылдағы пост-бекет тексерілді. Ауылдың 4 тұрғыны COVID-19 індетін жұқтырғаны анықталып, қазіргі кезде қажетті ем алуда. Ол кісілермен жақын байланыста болған жандар оқшауланып, тиісті шара қабылданды. Аталған тұрғындарды Кентау қалалық емхана дәрігерлері бақылауға алды. Уақытша карантинге алынған ауыл тұрғындарына облыстық мәслихаттың депутаты, Nur Otan партиясы Кентау қалалық филиалы және «Шорнақ» бастауыш партия ұйымының төрағасы Баймахан Сүлейменов пен Кентау қаласы Кірістер басқармасының қызметкерлері көмек қолдарын созып, 30-ға жуық отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етті. Нұртас елді мекеніне осы уақытқа дейін кентаулық жаны жомарт жандардың атынан көкөністер беріліп, ауылдың белсенділері залалсыздандыру жұмысына өз үлесін қосып жатыр. Қала әкімі Даурен Махажановтың тапсырмасымен ауыл толықтай бақылауға алынды. Залалсыздандыру жұмысы мен тұрғындарға көмек көрсету шаралары атқарылуда. Қазіргі уақытта ауылдың тыныс-тіршілігі тікелей қала әкімінің бақылауына алынды.
А.ЖАСАНҰЛЫ