Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен «Жас Отан» Жастар қанаты Орталық кеңесінің отырысы өтті. Күн тәртібінде ұйымның жаңа төрағасын сайлау мәселесі қаралды.
Отырысты ашқан Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары «Жас Отан» Жастар қанатын партияның негізгі тірегі деп атады.
– Қазақстанның барша жастарымен жұмыс істеуде, оларға Елбасы саясатын түсіндіруде, жас буынды қоғамдық іс-шараларға жұмылдырып, игі істерге бағыттауда «Жас Отанның» атқарар рөлі зор. Сондықтан жасотандықтарды Елбасының сенімді көмекшілері деп айтуға толық негіз бар, – деді Мәулен Сағатханұлы.
Сондай-ақ ол Тұңғыш Президент бастамасымен биыл Жастар жылы деп жарияланғанына назар аударып, осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыруға «Жас Отан» Жастар қанатының белсенді үлес қосатынына сенім білдірді.
Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев осы уақытқа дейін «Жас Отанның» төрағасы болып келген Данияр Сүндетбаевқа нәтижелі еңбегі үшін барша жасотандықтар атынан алғыс білдірді.
– Данияр Сүндетбаевтың төрағалығы кезінде «Жас Отан» жаңа биікке көтеріліп, бірқатар тың жобалар қолға алынды. Жастар қанатының жаңа, заманауи форматтағы IV съезі ұйымдастырылды. Сондықтан Данияр бауырымызға атқарған қызметі үшін алғыс білдіріп, алдағы істеріне сәттілік тілейміз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетейік, соңғы екі жыл бойы еліміздегі жасотандықтардың басшысы болып келген Данияр Сүндетбаев шетелде білімін жалғастыру туралы шешім қабылдап, өз еркімен қызметінен босатылды. Соған байланысты «Жас Отан» Жастар қанатының Орталық кеңесі Данияр Сүндетбаевтың өкілеттігін тоқтату туралы шешімді қолдап дауыс берді.
– Бұл жерде «Жас Отан» Жастар қанатының үлкен республикалық командасы отыр. Сіздерге алғысымды жеткізгім келеді. Екі жыл ішінде көптеген жобаларды жүзеге асырдық. Біз ұйымдастырған іс-шаралар жоғары деңгейде өтті. Ауызбіршілігі жарасқан ұйымшыл отбасы болып «Жас Отан» мектебін жалғастыра берейік, – деді Данияр Манарбекұлы.
Осыған орай Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары «Жас Отан» Жастар қанатының төрағалығына бүгінге дейін осы ұйымның атқарушы хатшысы болып еңбек етіп келген Дәулет Кәрібектің кандидатурасын ұсынды. Орталық кеңес мүшелері бұл ұсынысты талқыға салып, нәтижесінде бірауыздан қолдау білдірді. Соған сәйкес Дәулет Кәрібек «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы болып сайланды.
– Дәулет Кәрібек 2017 жылдан бері «Жас Отан» Жастар қанатының атқарушы хатшысы болып қызмет атқарып келеді. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, табандылығымен танылған ол жастар саясатына қатысты көптеген тың ұсыныстарымен де көзге түсті. Соның нәтижесінде «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің мүшесі болып сайланды. Сондықтан Дәулет бұл қызметті нәтижелі атқарады деп сенемін, – деген Мәулен Әшімбаев «Жас Отанның» жаңа төрағасына алдағы қызметінде табыс тіледі.
Өз кезегінде Дәулет Кәрібек партия басшылығына білдірген сенім үшін ризашылығын жеткізіп, өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындауға уәде берді.
Отырыс соңында Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары еліміздің алдында үлкен саяси науқан тұрғанына назар аударды.
– Алдымызда Президент сайлауы тұр. Елбасының тапсырмасымен партиямыздың бұл науқанға белсене қатысатыны белгілі. Бүгін Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат ретінде ресми түрде тіркеді. Енді санаулы күндерден кейін үгіт-насихат жұмыстары басталады. Осындай ауқымды жұмыстарда жасотандықтардан белсенділік күтеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Нұржан ЖЕТПІСБАЕВ,
«Жас Отан» Жастар қанатының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы:
– «Жас Отанның» жаңа төрағасын сайлауға әр өңірден ұйым мүшелері келді. Біз Қарағанды жастарының және жасотандықтардың атынан Даниярға атқарған жұмысы үшін алғыс айтамыз. Екі жыл басшылық қызметінде командамызбен көптеген жетістіктерге жеттік. Оның шетелде білімін жалғастыру туралы шешімін, біз, жасотандықтар, қолдаймыз. Сапарың оң болсын дейміз. Жаңа басшымыз Дәулет Кәрібек те «Жас Отанға» жаңа леп әкеледі деп сенеміз!
Асылжан БҮРКІТАЛИН,
«Жас Отан» Жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының атқарушы хатшысы:
– Данияр Манарбекұлымен жұмыс істеген 2 жылдың ішінде ол өзін білікті басшы дәрежесінде көрсете білді. Жаңа жобаларды жүзеге асырдық. Жаңа форматқа көштік. Біз, жасотандықтар, Даниярға сәт-сапар тілейміз! Сенің әр қадамыңа үлкен қуанышпен, сеніммен қараймыз. Ал жаңадан басшылыққа сайланған Дәулет Жұмабайұлын төрағалық қызметімен құттықтаймыз. Оның еңбекқорлығын, білімпаздығын, көрегендігін жақсы білеміз. «Жас Отанның» жайын бес саусағындай білетін маманның төраға болуы – біз үшін үлкен мәртебе. Жаңа басшымен жаңа деңгейге көтерілетінімізге бек сенімдімін.
Мади АХМЕТОВ,
«Жас Отан» Жастар қанатының Алматы қалалық филиалының төрағасы:
– Даниярмен ҚазҰУ-да оқып жүрген жылдары қызметтес болдық. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Жастар ұйымдары комитетін басқарды. Екі жыл ішінде Алматы қаласында «Жас Отанның» бастамасымен атқарылған жобаларды жүзеге асырдық. Алдағы уақытта біз Даниярды тек биіктерден көреміз деп ойлаймын.
Бұған дейін «Жас Отан» Жастар қанатының атқарушы хатшысы болған Дәулет Кәрібекті жаңа қызметімен құттықтаймыз. Ұйымшыл ұжыммен жаңа жетістіктерге жетіп, әр істе табысқа кенелетінімізге сенемін. Алдымызда үлкен сынақ тұр. Бәріміз сайлауда біріге жұмыс істеуге дайынбыз. Алматы жастарының атынан, Алматыдағы жасотандықтар атынан жиында қабылданған шешімді қолдайтынымызды жеткізгім келеді.