Бүгінде, бүкіл әлем, оның ішінде біздің ел де аса күрделі жағдайды бастан кешіріп және қауіпті індетпен жан аямай күресіп келеді. Мұндай жағдайда мемлекеттік сарабдал саясаттың орны бөлек. Сондықтан да еліміздің тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бүгінгі мақаласы – халыққа үндеуін үлкен ықыласпен оқып шықтым. Үндеу Елбасымыздың, халықпен қашанда бірге екенін көрсетеді және халыққа үлкен сенім береді. Еліміздің сындарлы саясаты және оның бүгінгі жемістерінің бірі – Қазақстанның әлемдік қауымдастықтың лайықты мүшесіне айналғаны қауіпті індетпен күрес барысында да көрініп отыр. Бүгінгі аса күрделі ахуал – бүкіл әлемге, біздің халықтың басына да түскен үлкен сын. Осындай сын сағатта мемлекет болып, халық болып бірлігімізді танытуымыз керек. Елбасы үндеуінде ұлт денсаулығы мен мемлекет қауіпсіздігі бір-бірімен етене, егіз ұғымдар екені, мемлекет бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтыны және тиісті шараның барлығын атқаратыны айтылған. «Бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды», – деді Елбасы. Бұл – аса ізгі сөз. Індетпен күресуге мемлекетіміздің қауқар-қуаты жеткілікті, қаржылық жағдайы, тиісті қоры бар, экономикамыздың орнықты екені айтылды. Ал осындай сын сағатта үлкен рухани күш – халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі. Елбасының аға ұрпаққа, зиялы қауымға қарата айтқан сөздері бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Бізге бірлік керек, «төртеу түгел болса төбедегі келеді» дейді халқымыз. Бұл күндер – әрбір азаматтың жеке жауапкершілігін талап ететін күндер. «Жақсы сөз – арым ырыс» дейді халқымыз. Сондықтан да алыпқашпа сөздерден, жаман ниетті ақпараттардан алыс болайық. Қауіпті дертпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлер, ел қорғаушылар, өзге де тиісті жұмыстарын атқарып жүрген азаматтарға күш-қажыр, төзім тілейік. Мемлекетіміздің осы сын сәтте жүргізіп отырған саясатын орталықтарда, жер-жерде жүзеге асырып отырған басшы азаматтарға үлкен біліктілік, анттарына адалдық тілейік. «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» дейді Елбасы. Бұл аталы сөзге мен де қосыламын. Осындай сын сағатта бәріміз бірге, сабырлы және аса жауапкершілікте болайық.