Мәжіліс депутаттары – Қостанайда
Мәжіліс депутаттары – Қостанайда
5,180
оқылды

Мәжіліс депутаттары Ирина Аронова, Гүлнәр Бижанова, Мұрат Теміржанов, Жәмилә Нұрманбетова, Айгүл Нұркинаның астықты аймақтағы жұмыс сапары облыс орталығында жалғасын тапты. Халық қалаулылары облыс активімен кездесіп, Елбасының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Бақытты отбасы», «Құтты мекен», «Ауыл – ел бесігі», «Халыққа көмек» жобаларының маңызын түсіндіріп, өңірдегі жұмыс­тардың жүзеге асырылу деңгейімен танысты. Кездесуде Қостанай облы­сын­дағы моноқалаларды дамытуға 10 млрд теңге бөлінетіні айтылды. Арқалық, Лисаковск, Рудный және Жітіқара қалалары Ұлттық экономика министрлігі тарапынан қаржыландырылады.

– Жыл сайын әр моноқалаға 10 млрд теңге бөлінеді. Бұл өте қо­мақты сома. Осы соманың қанша­лықты тиімді жұмсалатыны біз үшін де, халық үшін де маңызды. Ақ­шаның көп бөлігі жаңа кәсіпорындар құры­лысына, жаңа жұмыс орын­дарын ашу түріндегі бизнес-жо­баларды қаржы­ландыруға бөлінетіні белгілі, – дейді депутат Гүлнәр Бижанова.

Әлеуметтік көмек көрсету бойын­­ша критерийлердің өзгеруіне бай­ланысты бір ғана Қостанай облы­сының өзінде әлеуметтік кө­мек­ке 20 000-нан астам адам қол жет­кізген. Орта есеппен аймақта айына бір балаға көмек мөлшері 4 706 теңгеден 20 789 теңгеге дейін немесе 4,4 есеге дейін ұлғайды. «Құтты мекен» жобасы аясында 2 млрдтан астам қар­жыға 46 жобаны жүзеге асыру көзделуде. Халық қа­лау­лылары әлеу­меттің әлеуетін арт­тыруға бағыттал­ған бастамалар ал­дағы уақытта да жал­ғасатынын жеткізді.

Одан кейін, Мәжіліс депутаттары Қостанай облысындағы өндіріс орындарын аралады. Олар аграрлық салаға қатысты заң нормаларының жергілікті жерде қалай жүзеге асып жатқанына куә болды. Халық қалау­лылары сүт өнімдерінің 70-ке жуық түрін шығаратын зауыт жұмысымен танысты. Мұнда бүгінде 600-ге тар­та адам еңбек етеді. Өндіріс барысы соңғы үлгідегі «ақылды» машинамен басқарылады. Кәсіпорын бес жыл бойы тауарын Ресейге экспорттап келеді. Былтыр сыртқы нарыққа жіберілген өнімнің үлесі 12 пайызға артқан. Айта кеткен жөн, зауыт ши­кізатты жергілікті өндірушілер­ден сатып алады. Бұл сүт өндіретін шар­уа­шылықтар мен ауыл тұрғындары үшін аса тиімді.

– Жыл сайын ауылшаруашылығы саласына 600 млрд теңге бөлінеді. Соның тең жартысы субсидия, яғни, қайтарымсыз қаржы. Мұның бәрі бизнесті, соның ішінде ауылдық жер­дегі өндірісті дамыту үшін жаса­лып жатқан жұмыс, – дейді Мәжіліс депутаты Мұрат Теміржанов.

Мұнан кейін халық қалаулылары аумақтық кәсіподақ аясында жұмыс істейтін жастардың кеңейтілген отырысына қатысты. «Жастарды еңбекпен заманауи үлгіде қамту – болашақ экономиканың негізі» тақырыбында өткен жиында Jas project әлеуметтік жобасына қаты­сып, «Кішкентай» атты тігінханасын ашқан кәсіпкер Айгүл Мұстафина сөз сөйлеп, жастарға жасалып жат­қан көмектің маңыздылығына тоқталды.

– Мені Jas project жобасының не­гізгі мақсаты бізді қатты қызық­тыр­ды. Біз үш бағытта жұмыс істе­дік. Соның бірі ерекше күтімді талап ететін бал­ғындарға сауықтыру өнім­дерін шығара бастадық. Шала туған нәрес­телерге арнайы тоқылған киім­дерді тіктік. Жобаны сәтті қор­ғап шықтық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі бұл бастамаға ерекше лебізін білдірді, – дейді жас кәсіпкер.

Кездесу еркін форматта өтті. Өз жетістіктерімен бөліскен жастар өздерін толғандырған сұрақтарына мар­дымды жауап алды. Халық қа­лау­лылары ұсыныстар мен өтініш­терді алдағы Мәжіліс жиынында көтере­ті­нін жеткізді. Айта кету керек, Қос­танай облысына келген депутат­тар­дың жұмыс сапары әлі де жалғасуда.