Үйдей іс үйде біте ме?
Үйдей іс үйде біте ме?
285
оқылды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының ХVІІІ съезінде азаматтарға әлеуметтік қолдауды күшейту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында бірқатар тапсырма берген болатын.

Кеше Ақмола облысында іссапарда жүрген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев көпбалалы аналарға үйде отырып табыс табуға көмектесу қажеттігін айтты. Елімізде әлеуметтік сала қыз­меткерлерінің, оның ішінде бі­лім беру мен денсаулық сақтау са­ласында жұмыс істейтін адам­дар­дың жалақысы көтерілетіндігі жағымды хабар болды. 2019 жыл­­­­дың 1 маусымынан бастап білім беру саласындағы қызмет­кер­лердің табысын 30 пайызға дейін көбейту көзделген. Мек­теп­ке дейінгі ұйымдардың және ин­тернат мекемелерінің тәр­биешілері, олардың көмекшілері, әдіскерлер, балабақшалар мен колледждердің әлеуметтік педа­гогтері, психологтар, қосымша білім беру ұйымдарының қыз­меткерлері, техникалық персо­налдың жалақылары сол мөл­шерде көтерілетін болады. Ден­саулық сақтау ұйымдары қыз­меткерлерінің де жалақысы 30 пайызға көтеріледі. Бұл – үлкен әлеуметтік қолдау. «Көпбалалы аналар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналар үшін үйде әлеу­меттік жұмыс орындарын ашу ұйымдастырылады. Бұл орайда жергілікті әкімдіктермен жұмыс жүргізудеміз. Үйде отырып-ақ қар­жы табуға болады. Ол үшін әлеу­меттік жұмыс орындарын ашу­мен бірге, сұранысқа ие кәсіп­­терге қысқа мерзімде оқы­тып үйрететін курстар ұйымдас­тырылуы керек», – дейді министр. Жақсы ниет. Дұрыс ұсыныс секілді. Әлеуметтік жұмыс орны деген не? Қазақстанда сұранысқа ие болып тұрған қандай кәсіп бар? Аспаз, шаштараз, тігінші…Тағы не бар? Көпбалалы аналар баласын баға ма, «сұранысқа ие кәсіп» таба ма? Баласы мүгедек аналар не істейді сонда? Олардың үйде отырып-ақ белгілі бір кәсіпті меңгеруі қаншалықты мүмкін? Шамалары келе ме? Мұршалары жете ме? Осы әлеуметтік жәрдемақы төлеуге келгенде түрлі сылтау та­былатыны несі екен? Біресе қорадағы малдың саны, біресе ауладағы тауықтың жұмыртқасы дегенді санап, атаулы көмектің жүнін жұлып, жұрқасын қалдыр­ған едік. Енді жергілікті әкім­діктер көпбалалы аналарды ал­даусыратып, табысын қолдан көбейтуге ұмтылып жүрмей ме деген алаң көңіл бар жұртта. Жалпы, мүгедек балалары бар аналарды табыс табуға көмек­тесеміз деп алдарқатудың қажеті жоқ. Оларды «оқытамыз-бүй­теміз» деген мақсатта жұм­салатын қаржыны атаулы көмекке қосып берсе бір жөн. Мемлекет қамқорлығы нақты әрі нысаналы болуы тиіс. Осы жағын жоғары шенділердің ескергені абзал.