Алматыда жатқан пациенттердің бірінің жағдайы аса ауыр. «Қазір стационарлық емді 712 пациент қабылдап жатыр. Алматыда жатқан пациенттердің бірінің жағдайы аса ауыр. 17 науқастың жағдайы ауыр. 107 науқас ауырлығы орташа деңгейде жатыр. Бірақ коронавирус жұқтыру жағдайларының 80 пайызында – 587 науқас симптомсыз немесе ауруды жеңіл көтергендер», - деді Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Ботагөз Жақселекова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. Министрлік өкілінің айтуына қарағанда, осыған дейін коронавирус инфекциясын жұқтырған азаматтармен байланыста болған 21 мыңға тарта азамат анықталған. «Олардың 99 пайызы анықталып, табылып, оқшауланды. Аурудың тіркелу қарқыны бүкіл елде карантин тәртібі енгізілгелі бері 29 наурыздағы 29 пайыздық деңгейдегі жағдаймен салыстырғанда 7 пайызға дейін төмендеді. Бұл жағдай қатаң карантин шараларының тиімділігін көрсетеді», - деді ол. Ботагөз Жақселекова кейінгі күндері Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында коронавирус жұқтыру жағдайларының айтарлықтай төмендегенін жеткізді. Бұл да шектеу шараларының күшейтілуімен тікелей байланысты болып отыр.