Арнаулы әскери жиынға әйелдер қатыса ала ма? Бұл сұраққа Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы басшысының орынбасары Серік Боранбаев жауап берді.
– Бұл жағдайда алға қойылған міндеттерге байланысты әкімдіктердің өзі шешім қабылдайды. Меніңше, мұнда ешқандай шектеу жоқ. Әкімдіктерге айрықша құзырет пен шешім қабылдау құқығы берілген. Егер сәйкес мамандықтар бойынша қыздар қажет болса, шақырту жібере алады, – деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.Боранбаевтың айтуынша, республика бойынша 473 әскери міндетті азамат арнаулы жиынға шақырылған. Оның ішінде 71 офицер мен 402 сержант және запастағы сарбаздар бар. Басым көпшілігі – еріктілер. Қорғаныс министрлігі мен Қарулы Күштер Бас штабының басшылығы әскери міндеттілерді шақыру барысында санитарлық-гигиеналық талаптар мен темірдей тәртіптің сақталуына жүйелі бақылау ұйымдастырған. Ал жергілікті әкімдіктер шақырылған азаматтарды киім-кешекпен, тамақпен, қорғаныс құралдарымен, жатын орынмен қамтуға міндетті.
– Арнаулы жиынға шақыру ережелерін халыққа жедел түсіндіру үшін Қорғаныс министрлігі мен Қорғаныс істері департаменттері 4 сәуірден бастап 18 Call-орталық ұйымдастырды. Тәулік бойы жұмыс істейтін бұл орталықтарға мыңнан астам адам хабарласты, – дейді Серік Боранбаев.Еске сала кетейік, 2 сәуір күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери міндеттілерді арнаулы жиынға шақыру туралы Жарлық шығарған еді. Қазір Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және Алматы, Қызылорда, Павлодар, Ақмола облыстарында арнаулы жиын бөлімшелері құрылды. Ақтөбе, Атырау облыстарында әскери міндеттілерді шақыру жұмысы жалғасып жатыр. 13 сәуірде Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында, 14 сәуірде СҚО, 15 сәуірде Жамбыл, 17 сәуірде Түркістан облысында шақыру басталады. Ал БҚО, ШҚО, Қостанай және Маңғыстау облыстарында арнаулы жиын өткізу мәселесі қарастырылмаған.
Айдар ДӘУІТҰЛЫ