Алматы облысын газдандыруда үлкен іс атқарып жүрген, қайырымдылығымен, меценаттығымен жұртқа жақсы танымал азамат, «Тәуекел Газ Құбыры» ЖШС басшысы, Алматы облыстық мәслихат депутаты Данияр Нұрбаев Жамбыл аудандағы 25 тұрмысы төмен және көпбалалы отбасына көмек жасады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуін нақты іспен қолдаған кәсіпкер жергілікті атқарушы органның есебінде тұрған көмекке мұқтаж жандарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қапшығын таратты. Олардың біразы Ұзынағаш ауылының тұрғындары және аталған мекемеде жұмыс істейтін тұрмысы төмен қызметкерлер.
– Бүкіл әлемді әбігерге салған індет бірінші кезекте халықтың әлжуаз топтарына салмақ салды. Елімізде қолға алынған #BizBirgemiz акциясына еліміздің белгілі азаматтары атсалысуда. Осындай қиын шақта мен де жұртыма қолдан келгенше демеу болсам деген ниеттемін. Мұның алдында Талғар ауданындағы 30 тұрмысы төмен және көпбалалы отбасына көмек көрсеттік, – дейді «Тәуекел Газ Құбыры» ЖШС қожайыны Данияр Молдиярұлы.Кеңсесі Ұзынағаш ауылында орналасқан аталған жекеменшік кәсіпорын өңірдің Жамбыл және Талғар ауданындағы елді мекендеріне табиғи газ құбырын жүргізіп, тұрғындарға көгілдір отын жеткізеді.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы