Қазақстанда төтенше жағдай және карантин режимі сәуір соңына дейін ұзартылды. Алайда біраз кәсіпорын қайта ашылады. Елде COVID-19 бойынша кең ауқымды тестілеу басталмақ. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қатаң сынға ұшырады және қайта қаралады. «Жұмыспен қамту жол картасының» әр жобасын арнайы топ бақылауға алады. Осы және басқа да мәселелер бойынша Президент Қ.Тоқаев өз шешімін жария етті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысына қатысып, сөз сөйледі.
– Коронавирустың таралуын барынша бәсеңдету үшін қажетті шараларды дер кезінде қабылдадық. 15 наурызда алғашқы науқастар белгілі болған сәттен бастап төтенше жағдай жарияладым. Бірден екі ірі қаламызда карантин енгізілді. Шын мәнінде, қазір – бүкіл әлем жұртшылығы үшін сын-қатерге толы уақыт. Осындай күрделі кезеңде Елбасымыз арнайы мақала жариялады. Бұл халқымыздың еңсесін көтеретін өте мазмұнды, маңызды үндеу. Береке-бірліктің арқасында Қазақстан бұл індетті артқа тастап, зор сеніммен алға басады, – деді ол.
Ел Президенті мемлекетіміздің шұғыл шаралар арқасында індеттің кең таралуына жол бермегенін нықтады. Тұрғындарға және бизнеске қолдау көрсету мақсатында дағдарысқа қарсы нақты шаралар қабылданды. Азаматтарға көмектесу үшін бұрын-соңды болмаған көлемде қыруар қаржы бөлінді. Көптеген мемлекеттер халқына осындай қолдау көрсете алған жоқ. Мемлекет басшысы Үкіметке сол қаражаттың сапалы әрі мақсатқа сай жұмсалуын қадағалауды жүктеді.
– Пандемия зардабын бүкіл дүниежүзі тартып отыр. Бұл індет ел экономикасына теріс ықпалын тигізуде. Дағдарысқа қарсы нақты шаралар қабылдадық. Карантин шаралары арқасында вирустың жаппай таралуын бәсеңдеттік. Тұтастай алғанда, жағдай бақылауда. Елорда мен Алматыда жағдай тұрақты. Бірақ Қарағанды, Ақмола, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарында ауруға шалдыққандар саны күрт өсіп кетті. Бұл атқарылған жұмыстың жеткіліксіздігін және қосымша шаралар қажетін көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.
Ол мемкомиссия аймақтардағы карантин шараларының орындалуын қатаң бақылауға алуы тиіс екенін баса айтты. Бұл ретте «полиция мен меморгандардың іс-қимылы тек қатаң шара түрінде емес, орынды әрі ақылға қонымды болуы» қажет. Жөнсіз әрекеттерге жол берілмеуі шарт.
Қасым-Жомарт Кемелұлы барлық медицина қызметкерлерінің қаһарман ерлігіне тәнті екенін атап өтті. Алайда коронавирустық пандемиямен күреске жұмылған ақ халатты абзал жандардың барлығына бірдей ТЖ кезіндегі үстемеақы төленбепті. Көптеген өңірде оны тек COVID-19 жұқтырған науқастарды емдейтін дәрігерлер ғана алған екен. Қалғандарына, мысалы, сол ауруханада карантинге жабылған мейірбикелер мен санитарларға тек аз мөлшердегі сыйақы берілген. Президент медицина мамандарының өз атына жолдаған осыған қатысты арыз-шағымымен таныс екенін жеткізді.
– Біз коронавирусқа шалдыққан сырқаттармен тікелей араласатын медицина қызметкерлеріне көмектестік. Олардың саны шамамен 30 мың. Сонымен бірге жергілікті билік медицина қызметкерлерінің басқа санаттарының мәселесін шешуден бойын аулақ салмауы қажет. Өңірлер өз мүмкіндіктері мен көзқарастарына қарай дәрігерлер мен мейірбикелерді материалдық қолдауы тиіс, – деді Қ.Тоқаев.
Ол медицина қызметкерлерінің індет жұқтырып жатқанына алаңдаушылық білдірді.
– Ауруға шалдыққан әрбір 5 адамның біреуі – медицина қызметкері. Бұған жеке қорғаныш құралдарының жетіспеуі және қауіпсіздік шараларының сақталмауы себеп. Дәрігерлеріміз онсыз да жетпей жатқанда, бұған мүлдем жол беруге болмайды. Науқастарды емдейтін медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын ерекше бақылауға алу керек. Олар жеке қорғаныш құралдарымен толық қамтылуы тиіс. Сондай-ақ дем алатын және уақытша тұратын жерлерін де мұқият ойластырған жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Ол полицейлерге, әскери қызметкерлерге, алдыңғы шептегі меморгандар қызметкерлеріне қамқорлық мәселесін көтерді. Волонтерлар қауіпсіздігіне де мән беру керек. Президент пандемиямен шайқастың барлық батыры – дәрігерлер, полицейлер, әскерилер және еріктілер жеке ескерткіш орнатуға лайық екенін жеткізді.
– Алдағы кезеңде тестілеу ауқымын айтарлықтай кеңейтуіміз қажет. Осы арқылы коронавирустың таралуына қатысты толық көріністі көре аламыз. Тәтті өтіріктен ащы шындық артық! Бұл бірінші кезекте, азаматтарымыздың денсаулығы үшін керек. Рас, коронавирус – ауыр дерт, оған қарсы әзірге бірегей дәрі-дәрмек жоқ. Дегенмен дер кезінде диагнозы қойылса және қолданыстағы медпрепараттармен көмектессе, емдеуге илігеді. Денсаулық сақтау министрлігі адам шығынын барынша азайтуға міндетті! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айхан ШӘРІП