Ораза рәсімдері онлайн өтеді
Ораза рәсімдері онлайн өтеді
Биыл қасиетті Рамазан айы 25 сәуірде басталады, ал Құрбан айттың бірінші күні 31 шілдеге түсіп тұр. Ал 20 мамырдан 21 мамырға қараған түні барша мұсылман Қадір түнін қарсы алады. Алайда, мынадай дерт өршіп тұрған уақытта ораза рәсімдері қалай болатыны көпшілікті  алаңдатып тұрған секілді. Біз осының жауа­бын іздеп көрдік. Әлемді пандемия шарлап жүр, елімізде де төтенше жағдай жа­рияланып, карантин енгізілді. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев төтенше жағдай, карантин кезінде сәуір айындағы діни мейрамдар қалай өтетінін түсіндіріп өткен болатын. «Ораза, православтық және като­ликтік Пасха, яһудилік Песах және тағы басқа да діни мейрамдар бар. Олардың бәрінің көптеген азамат үшін маңызы зор. Біз дін ұстанушы азаматтарымыздың діни сеніміне зор құрметпен қа­рай­мыз. Алайда коронавирус ін­деті адамның денсаулығына, өмі­ріне қауіп төндіруде. Сол үшін көптеген ел эпидемияға қарсы бұрын-соңды болмаған шектеулер енгізуде. Вирус таралмауы үшін адам­дар жиналатын барлық ша­раға, оның ішінде діни шараларға да тыйым салынады», – деді ол. Министр діни мереке бары­сында көпшілік жиналатын шара­ларға жол берілмеуін ескертті. Оларды мүмкіндігінше онлайн режимде өткізу қажет. «Себебі бұл уақытта адамдар ғибадат орындарына барып, туыс­тарымен, жақындарымен бас қо­сады. Мазар басына барады. Одан да басқа мәдени көпшілік іс-шаралар болады. Сол үшін басты мәселе – адамның ден­сау­лығы мен амандығы. Ешқандай дін адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргенді мақұлдамайды. Осы ретте, барлық діни, этно­мәдени ұйым басшылары мен азаматтарды түсіністік танытуға шақырамыз. Діни мейрам кезінде карантин режимін сақтауды сұраймыз. Діни бірлестіктерге мерекелік рәсімдерді онлайн режимде өткізуді ұсынамыз», – деді Абаев бұған қатысты.    width= Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы да жұма нама­зына қатысты: «Соңғы уақыттарда жаман індеттің тез таралуына бай­ланысты мешіттерімізде жұма, жамағат намаздары тоқтатылды. Мұндай шешімді Қазақстан ғана емес, Түркия, Сауд Арабиясы, Өз­бекстан, Қырғыз Респуб­лика­сы, Кувейт, Мысыр сынды әлем­нің көптеген мұсылман мемлекет­тері қабылдады. Осы жағдайға байланысты жұма намазын тіке­лей эфир арқылы имамға ұйып оқуға бола ма деген сұрақтар жа­мағат тарапынан туындауда. Жалпы, тікелей эфир арқылы жұма, жамағат намаздарын үйде отырып соған ұйып оқуға келер болсақ, ілім иелері жұма намазы да, жамағат намазы да бұл жолмен оқылса, дұрыс емес екенін баян­даған. Егер кімде-кім бұл жолмен намаз оқыған болса, ол намаз­дар­ды қайта оқуы керек болады. Өйт­кені бұл жерде жұманың шарт­тары толық орындалып тұр­ған жоқ. Сондай-ақ көпшілік ға­лымдар ұйюшы адамдар имамның алдына шығып кетпеуі керек және имам мен ұйюшы бір жерде болуы керек деп шарт қойған. Оған қоса имам мен ұйюшының арасын жол, өзен бөліп тұрса да ұйюшы адамның намазы дұрыс болмайды. Сондықтан жұма күні жұманың орнына төрт ракағат бесін намазы оқылады» дейді. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Та­ғанұлы: «Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты халыққа жол­даған үндеуінде: «Әрине, қалып­тасып отырған жағдай оңай емес. Бұл – бүкіл әлем мемлекеттеріне түскен зор ауыртпашылық. Біз осындай сын сағатта септігін ти­гізетін халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз. Дәл осы тұста бәрімізге халқымыздың әрдайым үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор болатын абзал қасиеттері септігін тигізеді деп сенемін. Қиын­дыққа қайыспай, белімізді бекем буып, береке-бірлігімізден айырылмайық», – деп атап өтті. Расында, бірлік болған жерге бе­реке орнайды. Адамзат тарихында қандай да қауым қиындық пен шиеленіске, соғыс пен тауқыметке тап болса өзінің сабырлығы мен бірлігінің арқасында жеңіп шық­қан. Қасиетті кітабымызда жазыл­ғандай, «Шын мәнінде қиындық­пен бірге жеңілдік бар» («Шарх» сүресі, 6-аят). Жаратқан сынақ­тың жеңілдігін беріп, сол күнді тезірек жақындатып, барша жа­мағатымызбен сауаптар еселеніп жазылатын Рамазан айын мешітте қарсы алуды нәсіп еткей! Алла Тағала Отанымызды, күллі адам­зат баласын жұқпалы індеттен аман етіп, өз панасында сақтағай. Әмин! Баршаңызға Алланың амандығы мен берекетін тілей­мін», – дейді. Сонымен бірге өз ойын да біл­дірген Сәрсенбек Бошанов: «Жыл сайын Рамазан айында ораза ұс­таймын. Биыл да ауыз бекітемін. Бірақ сақтық шараларын жасап, ауызашарларға бармауға бекініп отырмын. Әрине, денсаулықты ойлауымыз керек. Бала-шаға да бар дегендей. «Сақтықта қорлық жоқ» дейді халқымыз», – дейді. Иә, қасиетті Рамазан айы да келіп қалды. Әрине, бұл дертті бірлікпен ғана жеңеміз. Ол үшін сақтық шараларын жасағанымыз абзал.  

 width=     Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ