Биыл қасиетті Рамазан айы 25 сәуірде басталады, ал Құрбан айттың бірінші күні 31 шілдеге түсіп тұр. Ал 20 мамырдан 21 мамырға қараған түні барша мұсылман Қадір түнін қарсы алады. Алайда, мынадай дерт өршіп тұрған уақытта ораза рәсімдері қалай болатыны көпшілікті алаңдатып тұрған секілді. Біз осының жауабын іздеп көрдік.
Әлемді пандемия шарлап жүр, елімізде де төтенше жағдай жарияланып, карантин енгізілді. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев төтенше жағдай, карантин кезінде сәуір айындағы діни мейрамдар қалай өтетінін түсіндіріп өткен болатын. «Ораза, православтық және католиктік Пасха, яһудилік Песах және тағы басқа да діни мейрамдар бар. Олардың бәрінің көптеген азамат үшін маңызы зор. Біз дін ұстанушы азаматтарымыздың діни сеніміне зор құрметпен қараймыз. Алайда коронавирус індеті адамның денсаулығына, өміріне қауіп төндіруде. Сол үшін көптеген ел эпидемияға қарсы бұрын-соңды болмаған шектеулер енгізуде. Вирус таралмауы үшін адамдар жиналатын барлық шараға, оның ішінде діни шараларға да тыйым салынады», – деді ол.
Министр діни мереке барысында көпшілік жиналатын шараларға жол берілмеуін ескертті. Оларды мүмкіндігінше онлайн режимде өткізу қажет.
«Себебі бұл уақытта адамдар ғибадат орындарына барып, туыстарымен, жақындарымен бас қосады. Мазар басына барады. Одан да басқа мәдени көпшілік іс-шаралар болады. Сол үшін басты мәселе – адамның денсаулығы мен амандығы. Ешқандай дін адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргенді мақұлдамайды. Осы ретте, барлық діни, этномәдени ұйым басшылары мен азаматтарды түсіністік танытуға шақырамыз. Діни мейрам кезінде карантин режимін сақтауды сұраймыз. Діни бірлестіктерге мерекелік рәсімдерді онлайн режимде өткізуді ұсынамыз», – деді Абаев бұған қатысты.
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы да жұма намазына қатысты: «Соңғы уақыттарда жаман індеттің тез таралуына байланысты мешіттерімізде жұма, жамағат намаздары тоқтатылды. Мұндай шешімді Қазақстан ғана емес, Түркия, Сауд Арабиясы, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Кувейт, Мысыр сынды әлемнің көптеген мұсылман мемлекеттері қабылдады. Осы жағдайға байланысты жұма намазын тікелей эфир арқылы имамға ұйып оқуға бола ма деген сұрақтар жамағат тарапынан туындауда. Жалпы, тікелей эфир арқылы жұма, жамағат намаздарын үйде отырып соған ұйып оқуға келер болсақ, ілім иелері жұма намазы да, жамағат намазы да бұл жолмен оқылса, дұрыс емес екенін баяндаған. Егер кімде-кім бұл жолмен намаз оқыған болса, ол намаздарды қайта оқуы керек болады. Өйткені бұл жерде жұманың шарттары толық орындалып тұрған жоқ. Сондай-ақ көпшілік ғалымдар ұйюшы адамдар имамның алдына шығып кетпеуі керек және имам мен ұйюшы бір жерде болуы керек деп шарт қойған. Оған қоса имам мен ұйюшының арасын жол, өзен бөліп тұрса да ұйюшы адамның намазы дұрыс болмайды. Сондықтан жұма күні жұманың орнына төрт ракағат бесін намазы оқылады» дейді.
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты халыққа жолдаған үндеуінде: «Әрине, қалыптасып отырған жағдай оңай емес. Бұл – бүкіл әлем мемлекеттеріне түскен зор ауыртпашылық. Біз осындай сын сағатта септігін тигізетін халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз. Дәл осы тұста бәрімізге халқымыздың әрдайым үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор болатын абзал қасиеттері септігін тигізеді деп сенемін. Қиындыққа қайыспай, белімізді бекем буып, береке-бірлігімізден айырылмайық», – деп атап өтті. Расында, бірлік болған жерге береке орнайды. Адамзат тарихында қандай да қауым қиындық пен шиеленіске, соғыс пен тауқыметке тап болса өзінің сабырлығы мен бірлігінің арқасында жеңіп шыққан. Қасиетті кітабымызда жазылғандай, «Шын мәнінде қиындықпен бірге жеңілдік бар» («Шарх» сүресі, 6-аят). Жаратқан сынақтың жеңілдігін беріп, сол күнді тезірек жақындатып, барша жамағатымызбен сауаптар еселеніп жазылатын Рамазан айын мешітте қарсы алуды нәсіп еткей! Алла Тағала Отанымызды, күллі адамзат баласын жұқпалы індеттен аман етіп, өз панасында сақтағай. Әмин! Баршаңызға Алланың амандығы мен берекетін тілеймін», – дейді.
Сонымен бірге өз ойын да білдірген Сәрсенбек Бошанов: «Жыл сайын Рамазан айында ораза ұстаймын. Биыл да ауыз бекітемін. Бірақ сақтық шараларын жасап, ауызашарларға бармауға бекініп отырмын. Әрине, денсаулықты ойлауымыз керек. Бала-шаға да бар дегендей. «Сақтықта қорлық жоқ» дейді халқымыз», – дейді.
Иә, қасиетті Рамазан айы да келіп қалды. Әрине, бұл дертті бірлікпен ғана жеңеміз. Ол үшін сақтық шараларын жасағанымыз абзал.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ