Әлемде коронавирусты жұқтырғандар саны 1,6 млн адамға жетті. Кісі өлімі 95 мыңнан асты. Әзірге мемлекеттер қатаң карантин жариялап, науқастарды терапиямен, қолда бар дәрі-дәрмекпен емдеуде. Алайда вирусқа қарсы вакцина табылған жоқ. Онсыз COVID-19 дерті толық жойылды деп айту қиын. Ендеше әлем күткен жаңа вакцинаны кім, қашан ойлап табады?
Коронавирус алғаш Қытайда тіркелген соң оны осы елдің ғалымдары зерттеу мүмкіндігіне ие болды. Олар қаңтар айында COVID-19 дертіне себеп болатын Sars-CoV-2 вирусының геном құрамын анықтады. Міне, осыдан кейін ғана вакцинаны жасауға мүмкіндік туды. Бүгін әлемде 70-ке жуық мемлекет, 20-дан аса компания мен лаборатория вакцина жасауға кірісіп кетті. Қазіргі мәлімет бойынша 20 түрлі вакцина дайындалып жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцина биыл дайын болуы екіталай деп болжам айтады. Ал басқа мемлекеттердегі ғалымдар вакцина 2021 жылдың ортасында пайда болуы мүмкін дейді. Неге? Себебі вакцина жасап шығарылған соң оның қауіпсіздігі мен тиімділігін тексеру қажет. Ол үшін алдымен жануарларға, кейін ерікті адамдарға тәжірибе жүргізіледі. Осы тест сәтті өтсе ғана вакцина жаппай өндіріледі. Аталған процестің әрбір кезеңі ұзақ уақыт алуы мүмкін.
Коронавирус бүгінде ең кең тараған мемлекет – Америка Құрама Штаттары. Науқастардың саны 470 мыңға жуықтады. Сондықтан бұл ел вакцина жасап шығаруға қолындағы ресурсын аяп жатқан жоқ. Жалпы, АҚШ-та инфекционистер вакцинаны 2021 жылдың көктемінде жасап шығарамыз деп отыр. Қазірдің өзінде дәрінің бірнеше үлгісі сынақтың алғашқы кезеңдерінен өтіп жатыр. Мысалы, осы елдегі Inovio фармакологиялық компаниясы кандидат-препаратты адамдарға егіп, тексеруді бастап кеткен. Қазір сынаққа Филадельфия және Канзас-Сити қалаларында ерікті түрде 40 адам қатысып жатыр. Тәжірибенің нәтижесі тек жазда ғана шығады. Егер ол оң болса, вакцинаны 1 млн данаға дейін өндіре алады. Бұдан бөлек, АҚШ-та PittCoVacc препаратының сынағы аяқталды. Тәжірибені тышқандарға жасаған. Вакцинаны тышқандарға еккенде вирусқа қарсы иммуноглобулиндер 14 күн бойы өсіп отырған. Қазір ел басшылығының вакцинаны адамға тексеруге рұқсат беруін күтіп отыр. Оны жаппай өндіруге бір жыл қажет екен.
Дегенмен барлық зерттеушінің болжамы бірдей емес. Коронавирустан қатты зардап шеккен Еуропа елдері дерттің емін табуға барын салуда. Мәселен, Еурокомиссияның басшысы Урсула фон дер Ляйен Германиядағы CureVac компаниясының басшысымен келіссөз жүргізген соң алғашқы препаратқа биыл күзде қол жеткізе аламыз деп мәлімдеді. Осы мақсатта Еуроодақ аталған компанияға 80 млн еуро төлеп отыр. Әрине, фон дер Ляйен мәлімдемесі үміт ұялатады, бірақ қауіпсіз вакцинаны өндіруге одан да ұзақ уақыт жұмсалуы мүмкін. Ал Испанияда COVID-19 кеселіне қарсы вакцинаның прототипі мамыр айына жақын пайда болуы мүмкін деген болжам бар. Түркияда тышқандарға жасалған тәжірибе сәтті өткен. Енді онда ерікті азаматтарға сынақ жүргізбек. Австралияда препараттың қос түрін сынап жатыр. Оларды Оксфорд университеті мен Inovio Pharmaceutical компаниясы жасаған. Тәжірибені күзендерге тексеріп көрген. Нәтижесі жазда шығады. Тек содан кейін ғана билік рұқсат берсе, препаратты адам ағзасында сынайды. Германияда SARS-CoV-2 вирусының көбеюіне тосқауыл қоятын ингибиторды ойлап тапты. Оны да тышқанға тексерген. Алайда осы ингибитор негізінде вакцина жасауға жылдар қажет болуы мүмкін. Польшада коронавирустың белсенділігін бәсеңдете алатын дәріні жасап шығарды. HTCC деп аталатын препарат жануарларда оң нәтиже көрсеткен. Ал италиялық Takis компаниясы вирустың генетикалық материалының негізінде препарат дайындады. Алайда тек күзде ғана оны адамдарға егіп, тексере алады. Қазақстан ғалымдары да ай қарап отырған жоқ. Ұлттық биотехнология орталығы мен Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты осы бағыттағы жұмыстарды бастап кеткен. Ғалымдар бес кандидат вакцинаны жасап шығарады, алайда сынақтан өткізуге тек біреуін таңдамақ.
Нұрмұхамед БАЙҒАРА