Әуезов драма театры үздік деп танылды
Әуезов драма театры үздік деп танылды
238
оқылды

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры 22-29 сәуір аралығында Дағыстан Республикасының астанасы Махачкала қаласында өткен «Каспий жағалауы мемлекеттерінің ұлттық театрлары» арасындағы фестиваліне «Сүйікті менің ағатайым» спектаклімен қатысып, бас жүлдені қанжығасына байлады.

Ресейдегі театр жылын өткізу аясында жүзеге асырылған шараны Дағыстанның Театр Қайраткерлері одағы ұйымдастырды. Фестиваль бұл өңірде алғаш рет өтті. Оған 18 ұлттық театр қатысты. Олардың қатарында: Қазақстан, Әзірбайжан, Татарстан, Солтүстік Осетия, Кабардино-Балкария, Қарашай-Черкессия, Ингушетия, Қалмақия, Шешенстан, Дағыстан ұжымдары бар.

Қазылар алқасы қатысушылардың барлығына алғысын білдіріп, жақсы не жаман деген баға бермеді. Тек, Ноғай мемлекеттік драма театрының «Лавина» қойылымы мен М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік акдемиялық драма театрының «Сүйікті менің ағатайым» («Дядя Ваня»)  спектаклі туралы оң пікірлерін жеткізді.

18 ұлттық театрлар қатысқан фестивальде «Үлкен формадағы үздік спектакль» атауымен бас жүлдеге «Сүйікті менің ағатайым» спектаклі лайықты деп танылса, «Үздік әйел адам бейнесі» – Жанель Мақажан және «Үздік сценаграфия» аталымы бойынша – Тамара  Охикян (Грузия) жеңімпаз атанды.