Зәки Ахметовтың хаттары кітапқа жинақталды
Зәки Ахметовтың хаттары кітапқа жинақталды

Нұр-Cұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханасында әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, ҚР ҰҒА академигі Зәки Ахметовке арналған «ҒАЛЫМДАР және ХАТТАР» – «УЧЕНЫЕ и ПИСЬМА» атты кітаптың тұсаукесері болып өтті.

Жинаққа Зәки Ахметовтың ғалымдармен жазған хаттары мен құттықтау жеделхаттары берілген.  Атап айтатын болсақ, олардың арасында, С.Е. Малов, Г.И. Ломидзе, Н.Н. Тобуроков, З.С. Кедрина, А.А. Петросян В.М. Жирмунский, Ә.Марғұлан, М.Қозыбаев С. Бәйішұлы, В.А. Куманов және т.б. бар.  Сондай-ақ, жинақта академик Зәки Ахметовтың «Өмірде адамның бір тірегі болу керек қой. Менің тірегім – ғылым, әдебиетті тану, зерттеу, насихаттау (оқыту)» деген сөзі келтірілген.

Аталмыш жинақты ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы шығарды. Жоба жетекшісі – ҚР Ұлттық академиялық кітапхана директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Үмітхан Дәуренбекқызы Мұңалбаева, ал ғылыми кеңесшісі –фольклоршы ғалым, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі Сейіт Асқарұлы Қасқабасов. Құрастырушысы – әлеуметтік ғылымдар магистрі Мөлдір Төлепбайқызы Баймаханбетова болды.

Кітап ғалымдар мен оқытушыларға және студенттерге арналған.

Сондай-ақ, тұсаукесерде академик З. Ахметовтің өмірі мен творчествосына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Кітап түсаукесеріне әдебиеттану, фольклоршы ғалым, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академиктері – Сейіт Қасқабасов, Жабайхан Әбділдин, Мырзатай Жолдасбеков, Шәкір Ыбраев, Серік Негимов, филология ғылымдарының докторы, профессорлар – Әлібек Асқаров, Шерубай Құрманбайұлы, Болат Қорғанбеков, Айгүл Үсен, Марат Әбсеметов, Ербол Тлешов, Мақпал Оразбек және т.б. ғалымдар мен ЖОО-ның оқытушылары, магистранттары мен докторанттары қатысты.