Сотталғандарды вирустан қалай сақтаймыз?
Сотталғандарды вирустан қалай сақтаймыз?
124
оқылды
Әлемдік пандемиядан сақтанудың бірден-бір жолы – карантинге жабу. Адамдарды бір-бірінен оқшаулау арқылы індет жұқтырудан аман алып қалуға болады. Ал абақтыда отырған азаматтарды вирустан құтқарудың жолы қандай? Қазақстан дүниежүзіне жа­йылған пандемияның таралуына жол бермеу үшін елде 16 наурыздан бастап төтенше жағдай жария­лаған. Кейіннен вирус тіркелген жағдайларға орай үлкен калалар карантинге жабылды. 18 наурыз күні Қылмыстық атқару жүйесі комитеті республика аумағында орналасқан түзету мекемелерінде коронавирус дерегі тіркелген жоқ деп мәлімдеді. Мә­лімдемеге сүйенсек, түрмелерде пандемияның таралуына жол бермеу шаралары жүргізіліп жа­тыр. Қамауда отырғандар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіліп, инфекциялық бақылау күшей­тілген. Комитет елдегі төтенше жағдай режимі аяқталғанға дейін сотталғандар мен жақындарының кездесуін уақытша тоқтатып, тек телефон байланысына рұқсат етіл­генін мәлімдеді. Яғни, Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ресми мәліметі бойынша, бүгінге дейін Қазақстан түрмелерінде корона­вирус жұқтыру туралы ресми дерек тіркелген жоқ. Дегенмен алдағы уақытта он­дай жағдай орын алмасына ешкім де кепіл бере алмасы анық. Себебі сотталғандар арасында инфекция жұқтыру бізде тіркелмегенімен әлем­де көптеп кездесіп жатыр. Мәселен, наурыз айының соңында АҚШ-тағы түрмелердің бірінде коронавирус індетінен бір адам көз жұмды. АҚШ-тың федералды түр­ме Бюросы хабарлағандай, қайтыс болған 49 жастағы сотталушы есірт­кі сатқаны үшін 27 жылға ке­сіліп, жазасын өтеп жатқан. Оны­мен бірге түзету мекемесінде 60 адам отырған. Ал Франция түр­ме­лерінде 48 сотталушы вирус жұқ­тыр­ғаны тіркеліп, олармен байла­ныста болған 95 қызметкер арнайы карантинге жабылды. Осы оқиғалардан кейін еліміз­дің құқық қорғау саласының ма­мандары әлеуметтік желіде соттал­ғандардың қауіпсіздігі туралы мәселе көтеріп, түрмедегілерге қа­таң бақылау керек деп дабыл қаға бастады. Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты, заң ғылым­дарының магистрі Мұратқожа Ами­товтың айтуынша, шетелдің түрме жүйесінде ашық ақпарат алуға мүмкіндік жасалған. Түзету мекемелеріндегі жазасын өтеп жатқандардың жағдайы туралы толық деректі біліп, бақылап оты­руға болады. Ал бізде ондай дең­гейде ашықтық жоқ. «Мәселен, Францияның Әділет министрлігі коронавирусқа байланысты түр­медегілерді мерзімінен бұрын бо­сату туралы ұсыныс жасауға бас­тамашы болды. Ал АҚШ-тың федералды түрме бюросы індет жұқтырғандар барын ашық айтып отыр. Біздің елімізде де корона­вирус дерегі барлық өңірде тіркеліп отыр. Түрлі жолмен жылдам тарап жатқан вирустың түзету мекеме­леріне жетпесіне кім кепіл? Сон­дықтан ондай қауіптің алдын алып, осы бастан әрекет еткен жөн», – дейді М.Амитов. Қазақстан әлемдік эпидемия­мен алғаш рет бетпе-бет келіп отыр. Бұған дейінгі дүниежүзіне тараған эбола, зика, құс тұмауы, шошқа тұмауы дегендердің атын естігеніміз болмаса, елімізде тір­келген жоқ. Алайда бұл жолғы COVID – 19 вирусының беті қатты. Сол себепті құқық қорғаушылар республикада жарияланған тө­тенше жағдайды пайдаланып, түрмедегілердің де мәселесін те­зірек шешуді ұсынып отыр. Егер сотталғандарды босату ісін сот процессуалды шешімдер арқылы қарасақ, процесс ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Сондықтан жылдам арада Президенттің Жарлығы не­месе Бас прокуратураның шешімі арқылы шұғыл әрекет жасалуы тиіс. Сонда ғана қауіптің алдын ала аламыз. Бұл тұрғыда адвокат Мұратқожа Амитов ең алдымен жасы үлкен адамдарды босату керегін алға тартады. Сондай-ақ әртүрлі қылмыс жасап сотталған әйелдер мен жазасы ауыр емес қылмысы үшін қамал­ғандарды мерзімінен бұрын шы­ғару керек. «Біздің түзету меке­ме­лерінде қоғамға қауіп төндірмейтін баптар бойынша сотталғандар көп. Аз сомамен пара алып ұсталғандар, жол апаты секілді абайсызда жа­салған қылмыстар бар. Міне, осыларды мерзімінен бұрын босату керек. Бәлкім, олардың кейбірін уақытша босату қажет шығар. Коронавирустың беті қайтқан соң жазасын қайта қарауға болады дегендей. Ең бастысы, біз жазасын өтеп жатқан қаншама адамды құтқарып қаламыз. Ол – жалғыз сотталушылар үшін ғана емес, оларды күзететін, бақылайтын қызметкерлерді де аурудан сақтап қалу жолы», – дейді адвокат. Бүгінде жазасын өтеушілердің ішінде жасы үлкен сотталу­шы­ларды босату шараларын бізбен теңіз арқылы шектесетін елдер де қа­былдап үлгерді. Мысалы, Әзер­байжан пандемияның жайылып кетпеуін бәсеңдету үшін жасы 65-тен асқан тұтқындарға кешірім беретінін мәлімдеді. 6 сәуірде ел президенті жарлық шығарып, 170-тен астам адам бостандыққа шы­ғатыны белгілі болды. Коро­навирус тіркелгелі Иран мемлекеті де 80 мың тұтқынды босатып, кейбірін үй қамаққа алуға шешім шығарды. Ал Францияда наурыз айының ортасынан бастап 1 сәуірге дейін 6 мың адамды босатты. Бахрейн королі де жарлық шығарып, 901 адамға кешірім жасаған. Мұндай шаралар Германия, Ұлыбритания, Ирландия, Канада және басқа да мемлекеттерде қолға алынуда. Коронавирус індетінен АҚШ түрмелеріндегі тұтқындар қатты зардап шегуде. WSJ ұйымының дерегіне сүйенсек, Американың түрмелерінде жасы 55-тен асқан 164 мыңнан аса адам жазасын өтеуде. Осыған байланысты елдің бірнеше штатында жедел шешім қабылданып, оларды үй каран­тиніне жатқызу қарастырылып жатыр. Себебі пандемия жұқтыру көрсеткіші жөнінен АҚШ бірінші орынға шықты. Джон Хопкинс университеті 10 сәуірде жариялаған мәліметке қарағанда, АҚШ-та 468 мың жұқтыру оқиғасы тіркеліп, 18 мың адам көз жұмған. Адвокат Мұратқожа Амитов қазіргі күні АҚШ үкіметі аса ауыр қылмыс жасағандардан басқа­ла­рын үй қамаққа алу ісін қарастырып жатқанын айтады. Яғни, тергеу барысында осындай шешімге келуде. Себебі әр сотталушының жағдайын бақылайтын медицина қызметкері керек, дәрі-дәрмекпен уақытында қамтамасыз ету қажет. «Түрмеде жазасын өтеушіні жеке қадағалау мүмкіндігі аз. Сондықтан босатып, үйде, стационарда арна­йы бақылауға алған тиімді. Барлық мемлекеттің аса мән беріп отыр­ғаны – жасы үлкен адамдар мен созылмалы сырқаты бар жандар. Себебі олардың вирус жұқтыру қаупі жоғары екені дәлелденіп отыр», – дейді ол. Жақында Ресейдің Мемле­кеттік думасында эпидемияға байланысты амнистия беру қарас­тырылды. Мұндай ұсынысты жа­саған ЛДПР фракциясы түзету колонияларындағы 60-тан асқан­дарға, мүгедектерге және тубер­кулезбен ауыратындарға жеңілдік жасауды сұрады. Айта кетейік, Қазақстанның қылмыстық атқару жүйесінде 82 мекеме жұмыс істейді. Жиыны 66 түзеу мекемесі мен 16 тергеу изо­ляторында 30 мыңға жуық адам жазасын өтеп жатыр. Иә, карантинде үйге қамалып, қоғамнан оқшаулану көп адамға оңай тиіп жатқан жоқ. Әрине, кітап оқуға, интернет арқылы бай­ланыс жасап, алыс-жақындағы адамдармен тілдесе аласыз. Әйтсе де өзіңізді бөтен орта, бөгде жандармен бірге бостандығыңыз шектеліп, түрме камерасында отыр­­ғандармен салыстыра ал­майтыныңыз анық.  

 width=     Бауыржан БАЗАР