Әлемдік пандемиядан сақтанудың бірден-бір жолы – карантинге жабу. Адамдарды бір-бірінен оқшаулау арқылы індет жұқтырудан аман алып қалуға болады. Ал абақтыда отырған азаматтарды вирустан құтқарудың жолы қандай? Қазақстан дүниежүзіне жайылған пандемияның таралуына жол бермеу үшін елде 16 наурыздан бастап төтенше жағдай жариялаған. Кейіннен вирус тіркелген жағдайларға орай үлкен калалар карантинге жабылды. 18 наурыз күні Қылмыстық атқару жүйесі комитеті республика аумағында орналасқан түзету мекемелерінде коронавирус дерегі тіркелген жоқ деп мәлімдеді. Мәлімдемеге сүйенсек, түрмелерде пандемияның таралуына жол бермеу шаралары жүргізіліп жатыр. Қамауда отырғандар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіліп, инфекциялық бақылау күшейтілген. Комитет елдегі төтенше жағдай режимі аяқталғанға дейін сотталғандар мен жақындарының кездесуін уақытша тоқтатып, тек телефон байланысына рұқсат етілгенін мәлімдеді. Яғни, Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ресми мәліметі бойынша, бүгінге дейін Қазақстан түрмелерінде коронавирус жұқтыру туралы ресми дерек тіркелген жоқ. Дегенмен алдағы уақытта ондай жағдай орын алмасына ешкім де кепіл бере алмасы анық. Себебі сотталғандар арасында инфекция жұқтыру бізде тіркелмегенімен әлемде көптеп кездесіп жатыр. Мәселен, наурыз айының соңында АҚШ-тағы түрмелердің бірінде коронавирус індетінен бір адам көз жұмды. АҚШ-тың федералды түрме Бюросы хабарлағандай, қайтыс болған 49 жастағы сотталушы есірткі сатқаны үшін 27 жылға кесіліп, жазасын өтеп жатқан. Онымен бірге түзету мекемесінде 60 адам отырған. Ал Франция түрмелерінде 48 сотталушы вирус жұқтырғаны тіркеліп, олармен байланыста болған 95 қызметкер арнайы карантинге жабылды. Осы оқиғалардан кейін еліміздің құқық қорғау саласының мамандары әлеуметтік желіде сотталғандардың қауіпсіздігі туралы мәселе көтеріп, түрмедегілерге қатаң бақылау керек деп дабыл қаға бастады. Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты, заң ғылымдарының магистрі Мұратқожа Амитовтың айтуынша, шетелдің түрме жүйесінде ашық ақпарат алуға мүмкіндік жасалған. Түзету мекемелеріндегі жазасын өтеп жатқандардың жағдайы туралы толық деректі біліп, бақылап отыруға болады. Ал бізде ондай деңгейде ашықтық жоқ. «Мәселен, Францияның Әділет министрлігі коронавирусқа байланысты түрмедегілерді мерзімінен бұрын босату туралы ұсыныс жасауға бастамашы болды. Ал АҚШ-тың федералды түрме бюросы індет жұқтырғандар барын ашық айтып отыр. Біздің елімізде де коронавирус дерегі барлық өңірде тіркеліп отыр. Түрлі жолмен жылдам тарап жатқан вирустың түзету мекемелеріне жетпесіне кім кепіл? Сондықтан ондай қауіптің алдын алып, осы бастан әрекет еткен жөн», – дейді М.Амитов. Қазақстан әлемдік эпидемиямен алғаш рет бетпе-бет келіп отыр. Бұған дейінгі дүниежүзіне тараған эбола, зика, құс тұмауы, шошқа тұмауы дегендердің атын естігеніміз болмаса, елімізде тіркелген жоқ. Алайда бұл жолғы COVID – 19 вирусының беті қатты. Сол себепті құқық қорғаушылар республикада жарияланған төтенше жағдайды пайдаланып, түрмедегілердің де мәселесін тезірек шешуді ұсынып отыр. Егер сотталғандарды босату ісін сот процессуалды шешімдер арқылы қарасақ, процесс ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Сондықтан жылдам арада Президенттің Жарлығы немесе Бас прокуратураның шешімі арқылы шұғыл әрекет жасалуы тиіс. Сонда ғана қауіптің алдын ала аламыз. Бұл тұрғыда адвокат Мұратқожа Амитов ең алдымен жасы үлкен адамдарды босату керегін алға тартады. Сондай-ақ әртүрлі қылмыс жасап сотталған әйелдер мен жазасы ауыр емес қылмысы үшін қамалғандарды мерзімінен бұрын шығару керек. «Біздің түзету мекемелерінде қоғамға қауіп төндірмейтін баптар бойынша сотталғандар көп. Аз сомамен пара алып ұсталғандар, жол апаты секілді абайсызда жасалған қылмыстар бар. Міне, осыларды мерзімінен бұрын босату керек. Бәлкім, олардың кейбірін уақытша босату қажет шығар. Коронавирустың беті қайтқан соң жазасын қайта қарауға болады дегендей. Ең бастысы, біз жазасын өтеп жатқан қаншама адамды құтқарып қаламыз. Ол – жалғыз сотталушылар үшін ғана емес, оларды күзететін, бақылайтын қызметкерлерді де аурудан сақтап қалу жолы», – дейді адвокат. Бүгінде жазасын өтеушілердің ішінде жасы үлкен сотталушыларды босату шараларын бізбен теңіз арқылы шектесетін елдер де қабылдап үлгерді. Мысалы, Әзербайжан пандемияның жайылып кетпеуін бәсеңдету үшін жасы 65-тен асқан тұтқындарға кешірім беретінін мәлімдеді. 6 сәуірде ел президенті жарлық шығарып, 170-тен астам адам бостандыққа шығатыны белгілі болды. Коронавирус тіркелгелі Иран мемлекеті де 80 мың тұтқынды босатып, кейбірін үй қамаққа алуға шешім шығарды. Ал Францияда наурыз айының ортасынан бастап 1 сәуірге дейін 6 мың адамды босатты. Бахрейн королі де жарлық шығарып, 901 адамға кешірім жасаған. Мұндай шаралар Германия, Ұлыбритания, Ирландия, Канада және басқа да мемлекеттерде қолға алынуда. Коронавирус індетінен АҚШ түрмелеріндегі тұтқындар қатты зардап шегуде. WSJ ұйымының дерегіне сүйенсек, Американың түрмелерінде жасы 55-тен асқан 164 мыңнан аса адам жазасын өтеуде. Осыған байланысты елдің бірнеше штатында жедел шешім қабылданып, оларды үй карантиніне жатқызу қарастырылып жатыр. Себебі пандемия жұқтыру көрсеткіші жөнінен АҚШ бірінші орынға шықты. Джон Хопкинс университеті 10 сәуірде жариялаған мәліметке қарағанда, АҚШ-та 468 мың жұқтыру оқиғасы тіркеліп, 18 мың адам көз жұмған. Адвокат Мұратқожа Амитов қазіргі күні АҚШ үкіметі аса ауыр қылмыс жасағандардан басқаларын үй қамаққа алу ісін қарастырып жатқанын айтады. Яғни, тергеу барысында осындай шешімге келуде. Себебі әр сотталушының жағдайын бақылайтын медицина қызметкері керек, дәрі-дәрмекпен уақытында қамтамасыз ету қажет. «Түрмеде жазасын өтеушіні жеке қадағалау мүмкіндігі аз. Сондықтан босатып, үйде, стационарда арнайы бақылауға алған тиімді. Барлық мемлекеттің аса мән беріп отырғаны – жасы үлкен адамдар мен созылмалы сырқаты бар жандар. Себебі олардың вирус жұқтыру қаупі жоғары екені дәлелденіп отыр», – дейді ол. Жақында Ресейдің Мемлекеттік думасында эпидемияға байланысты амнистия беру қарастырылды. Мұндай ұсынысты жасаған ЛДПР фракциясы түзету колонияларындағы 60-тан асқандарға, мүгедектерге және туберкулезбен ауыратындарға жеңілдік жасауды сұрады. Айта кетейік, Қазақстанның қылмыстық атқару жүйесінде 82 мекеме жұмыс істейді. Жиыны 66 түзеу мекемесі мен 16 тергеу изоляторында 30 мыңға жуық адам жазасын өтеп жатыр. Иә, карантинде үйге қамалып, қоғамнан оқшаулану көп адамға оңай тиіп жатқан жоқ. Әрине, кітап оқуға, интернет арқылы байланыс жасап, алыс-жақындағы адамдармен тілдесе аласыз. Әйтсе де өзіңізді бөтен орта, бөгде жандармен бірге бостандығыңыз шектеліп, түрме камерасында отырғандармен салыстыра алмайтыныңыз анық.