Екінші дүниежүзілік соғыста елімізден 1 миллионнан астам қазақстандық фашизмге қарсы күресті. Олардың жартысына жуығы ұрыс алаңынан қайтқан жоқ. «Ұмытылған қаһармандар» кітабы – ерліктері ел есінде қалған, ұмытылған батырлар туралы сөз қозғайтын құнды дүниелердің бірі.
– Берік мырза, Жеңістің 75 жылдығына орай «Ұмытылған қаһармандар» кітабы жарыққа шықты. Бұл кітап несімен құнды?
– Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихындағы ең үлкен және қантөгісті болды. Өткен жылдар мен онжылдықтар соғыс зардабының қиыншылықтарын бәсеңдеткенмен, оны тарихтағы жаңа кезеңдермен ұмыттырғанымен, статистикалық мәлімет былай дейді: «Ұлы Отан соғысындағы» шығын өте зор болды. 1 миллионнан астам, дәлірек айтқанда, 1 366 164 қазақстандық фашизмге қарсы күрес жүргізді. Олардың жартысына жуығы (602 928) ұрыс алаңдарынан қайтып оралмай, мәңгі бақи жас күйінде қалды. Түрлі дереккөздер бойынша, 1941-1945 соғыс жылдары қазақтардан 130 мыңнан астам адам ғана қаза тапты делінген. Бірақ бізде күмән бар, бұл ақпаратты қайта есептеу қажет. Себебі бізде сол соғысқа қатысы болмаған отбасыны табу қиын. Бүгінгі күні Ұлытау ауданы бойынша арнайы комиссия құрып, қайта есептетіп жатырмын. Сонымен қатар із-түссіз жоғалып кетті деген жерлестерімізді де іздеу жұмыстарына қолдау көрсетіп жатырмыз.
Байтақ жатқан далаға таң қылаң бере баса-көктеп кірген соғыс елдің бейбіт өмірін бұзып, тарихтың барысы мен елдің тағдырын түбегейлі өзгертті. Ата-бабаларымыз батылдық пен ерлік көрсетіп, жауға қаймықпай қарсы шығып, Ұлы Жеңіске қол жеткізді. Шеті мен шегі көрінбейтін майданның әр түкпірінде командирлер марапат қағаздарына жүгіне отырып, сарбаздардың ерліктері туралы жазды. Шайқастардың арасында асығыс жазылған әрбір жолда шындықтың даусы естіледі. Өйткені алдыңғы шепте өлім үнемі серік болған кезде өтірікке ешқандай жол жоқ. Алайда, өкінішке қарай, барлық құнды құжаттар бүгінге дейін жеткен жоқ. Бірақ біз Ұлы Жеңістің немерелері мен шөберелеріміз, бізді соғыс балалары тәрбиеледі. Олар жарақаттарымен қайтып келген, жарты ғасыр өтсе де соғыс кезінде алынған зақымның кесірінен түні бойы айқайлап, түстерінде фашистермен шайқасты жалғастырған әкелерді көрді. Өздерінің ұлы, күйеуі, әкелері майданнан оралмаған әйелдердің жылаған дауысын естіді. Олар әкелерінің жеңіске деген ерлігі үшін мақтаныш сезімін бізге жеткізді. Ондаған жылдар өтсе де, біз олардың ерліктеріне таңғалуды тоқтатпадық, ұрыс алаңдарынан қайтпағандардың қайтыс болуына өкінішіміз басылмады. Бұл кітап соған негіз болды. Ұмытылған қаһармандарды жоқтаған шығарма деп айтуымызға болады.
– Қазақта іс-түссіз кеткен жауынгерлер өте көп. Әжелеріміз «кебенек киген келеді» деп, өмірбақи күтті. Соғыста белгісіз кеткен жауынгерлердің нақты тізімін анықтай алдыңыздар ма?
– Қазақстанда барлығы 12 атқыштар, 4 кавалериялық дивизиялары және 7 атқыштар бригадасы, 50 жеке полк, соның ішінде 2 артиллериялық дивизионы, 4 минометтік дивизионы, 3 авиациялық полкі, 14 жеке батальоны құрылды. Оның ішінде республиканың қаражаты есебінен екі атқыштар бригадасы (100-ші – Алматыда, 101-ші – Ақтөбеде) және үш кавалериялық дивизия (96-шы – Өскеменде, 105-ші – Таразда, 106-шы – Астанада) құрылған. Ресей, Беларусь, Украина және бүкіл Еуропа елдерінде миллиондаған белгісіз және аты сақталмаған жас батырлар мәңгілікке қалды! Соғыс алаңдарында іздестіру жұмыстары әлі күнге дейін жалғасуда, олар бүгінге дейін «жоғалғандар» тізімінде тұр. Олардың ерліктері туралы біз әлі білмейтініміз қаншама?! Он мыңдаған сарбаз бауырластар зиратта жерленбегендіктен іздеушілерін күтуде, жақындарына өздері жайлы хабар жетуін күтуде, ал олардың денелері барлық құрметпен жерленуі тиіс. Өйткені олардың барлығы есте сақталуға лайық, ұмытылып кетпеуі керек, олардың әрқайсысы нағыз қаhaрмандар.
«Ұмытылған қаһармандар» кітабына енгізілген қаhармандардың есімдері, өкінішке қарай, негізінен жақын туыстарынан басқа адамдарға таныс емес. Мектеп, көше мен ауылдарға аттары берілмеген. Шайқаста жасаған ерліктері, соғыста бірге болған жолдастарының арасында мойындалғанымен, партия бюрократтары мен штаб «бастықтары» тарапынан ескерусіз қалды. Тарихи әділеттілік үшін ұмытылған батырлар туралы айту – біздің міндет.
– Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылған қазақстандықтар өте көп, Батыр атағын бермеуінің сыры неде?
– Соғыс жылдарында біздің 497 отандасымыз Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды деп есептелді. Егер ұлты бойынша жіктесеңіз, олардың 280-і орыстар, 96-ы қазақтар, 86-ы украиндар, 45-і басқа ұлт өкілдері. 113 қазақстандық 3-дәрежелі Даңқ орденінің толық иегері атанды. Бірақ соңғы зерттеулер көрсеткендей, жаңартылған мәліметтерге сәйкес, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жасаған ерліктері үшін 103 қазақ – Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған. 1990 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы аты аңызға айналған атақты қолбасшымыз Бауыржан Момышұлына қайтыс болғаннан кейін берілді. Айта кету керек, екі Кеңес Одағының Батыры: Сабыр Рахымов пен Расул Исетов ұлты бойынша қазақтар, бірақ кезінде өзбек болып жазылып кеткен.
2007 жылы Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатының құжаттарынан «Жоғарғы құпия» грифы алынып тастағаннан кейін көптеген шындық ашылып, арнайы интернет-жобалар сайттарында орналастырылды. Ұрпақтары марапаттау қағаздарын көріп, аталарының, әкелерінің ерлігі туралы біле алды. Бұдан басқа, Кеңес Одағының Батыры атағына ерлігі үшін ұсынылып, бірақ белгісіз себептермен басқа марапаттау түрін алғандардың көбі анықталды. Осы жоғары атаққа ерлігімен лайықты болып, бірақ Кеңес кезеңінде оны алмаған кейбір батырлар тәуелсіз Қазақстанда «Халық Қаһарманы» атағына ие болды. Атап айтқанда, Сағадат Нұрмағамбетов (1994 ж.), Қасым Қайсенов (1995 ж.), Батыораз Бейсекбаев (1998 ж.), Рахымжан Қошқарбаев (1999 ж.), Хиуаз Доспанова (2004 ж.). Бақтыораз Бейсекбаевқа Ресейдің батыры атағы да берілді («Капитан Масловтың экипажы»). Өкінішке қарай, көпшілік жауынгерлерге Қаhарман атағы қайтыс болған соң берілді.
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС