COVID-19 пандемиясының жаһанды жайлап кетуі түрлі сарапшылар мен ғылыми орталықтардың мамандарын әбден ойлануға мәжбүр еткен сыңайлы. Тіпті, саясаткерлердің алдында да нақты жауабы жоқ сұрақ тұр. «COVID-19 пандемиясынан кейін не болады?». Сауал – осы. Әрине, экономистер қазірдің өзінде пандемияның аса ауыр экономикалық дағдарысты «жетектеп» келе жатқанын айтып, дабыл қағуда. Оны біз, қазақстандықтар да сезіп отырмыз. Дегенмен өте қиын экономикалық дағдарыс әлемде қалыптасқан ережелерді бұзуы мүмкін екені де айтылып жүр. Өйткені қазірдің өзінде пандемия келтірген жалпы шығын 5 трлн долларға жетеді деген болжам бар. Әрі пост-пандемия кезеңі басқаша қалыптасады дейтіндер де кездеседі. Алайда футурологтар мен экономистердің болжамдары сан түрлі.
Restart жасала ма?
Кейбір сарапшылар пандемия әлемдік саяси-экономикалық, әлеуметтік құрылымға restart немесе «қайта қосу» жасағанын алға тартады. Әрине, жаһандағы қоғамдық құрылым бірден құбылып кетпеуі мүмкін, бірақ адамдардың санасында үлкен өзгеріс болатынын айтады. Айталық, қазақстандық Нархоз университетінің жанындағы Qazaq Research Institute for Futures Studies орталығының директоры, футуролог Джон Суини адам санасында өзгерістер болып, біздің болашақ ұрпақты көбірек ойлауға мәжбүр болуымыз мүмкін екенін айтады. Болашақты ойлау бола жатар, біздіңше өзгерістер адамның тұрмысынан басталуы мүмкін. Қазірдің өзінде әлеуметтік топтардың арасындағы қарым-қатынас, экономиканың түрлі саласындағы жаңа трендтер, технологиядағы өзгерістер байқалып жатыр. Карантин кезеңінде қала мәдениетіне үлкен өзгеріс кіргені аңғарылады. Өзге елдерді қайдам, Қазақстанда қалалықтардың бір-бірімен етене бола түскені, көрші-қолаңмен танысып-білісу, қарым-қатынас жақсарғаны байқалады. Бұл еріктілер қозғалысын, қайырымдылық шараларын арттыруы да ғажап емес. Дегенмен азық-түлік пен қаржы тапшылығы қатты сезілетін болса, адамның эгоистігі де көрініс беруі мүмкін. Футуролог, америкалық DaVinci Institute-тің директоры Томас Фрей карантин кезінде қалыптасқан оңашалану дағдысы пост-пандемия уақытында кәдімгі әлеуметтік құбылысқа айналуы мүмкін екенін айтады. Біздіңше, пандемия туғызған дағдарыс оның бұл болжамын растауы да мүмкін. Одан бөлек, наным-сенім мен діни, мәдени құндылықтарды да қайта қарау қажеті туындаған тәрізді. Бірқатар дінде күні бүгінге дейін қасиетті саналған орындардың тәуәп етуге жабылуы, діни ритуалдардың денсаулық сақтау саласына бейімделе бастауы діндердегі қасаң қағидаларды ысырып, балама жолдарды қарастыруға мәжбүр етті. Бұл, әсіресе ислам дінінің кейбір жағдайларға бейімделуге қолайлы тұстарын көрсетті. Алда келе жатқан оразаны ұстау-ұстамау мәселесінің көтерілуі, Мекке мен Мединенің жабылуы, жұма намазының тоқтатылуы аталған діндегі бірқатар құндылықты алға шығарды. Олар – адам өмірі мен денсаулығына қатысты қағидалар. Сол сияқты той-томалақ, карнавалдар, шоу өткізу тәрізді мәдени астары бар шаралардың да форматы өзгеріп келеді. Пандемия кезінде қалыптаса бастаған онлайн концерттер кейін де жалғасып, ірі стадиондарға адам жинау «сәннен» қалуы ықтимал. Дегенмен Қазақстан жағдайында той-томалақтың азая қоюы неғайбіл тәрізді. Өйткені біздің елде әлі де болса тойлатып жүргендер жетіп-артылады.Шығыстың айы оңынан туады
Футурологтар мен экономистердің бірқатары COVID-19 пандемиясынан кейін жаһандағы ықпал етуші күштердің ара салмағы өзгеретінін айтады. Яғни, бұдан былай құндылықтарды шығыс қалыптастыра бастауы мүмкін. Атап айтқанда, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапурдың пандемияны ауыздықтаудағы тәжірибесі бұл елдердің беделін өсіреді. Демек, Азияның алға шығуына саяси, моральдық һәм экономикалық та мүмкіндігі бар. Бірақ «Шығыс» ұғымының құрамдас бөлігі саналатын ислам әлемінің ықпалы өсуі екіталай. Мұсылмандар әлі де болса өзгерістер толқынына ілесе алмай келеді. Сонымен қатар шығыс қоғамында ашықтықтың аздау екенін ескерсек, сөз бостандығы, демократия, адам құқы тәрізді бірқатар құндылыққа өзгеріс енуі ғажап емес. Гарвард университетінің профессоры Стивен Уолт даму тежеліп, ашықтық, еркіндік азайған әлем қалыптасады деген пікірде. Ал британдық ғалым Робин Ниблетт болса, әлем елдері өзара тиімді жаһанданудан бас тартады деген ой айтады. Өйткені Қытай ықпалын азайту маңызды болса керек. Сондықтан технология трансферті азайып, дамыған елдер позициясынан айырылмауды көздейтін болса керек. Дегенмен жаһандану Қытай ықпалымен жалғасатынын алға тартатындар да бар. Одан бөлек, антиглобалистік қозғалыс пен ұлтшылдық өсе түсуі мүмкін. Біздің пайымдауымызша, соңғы оншақты жылда ұлтшылдық көріністері жаһанда жиі байқалып жүрді. Дамыған батыс елдерінің өзінде оңшыл күштердің билікке келгеніне куә болғанбыз. Ал ұлтшылдыққа келсек, ол дамушы елдерде жиі көрініс береді. Алайда батыс елдері жаһандану процесінде тізгінді шығысқа бермеуге барын салары да сөзсіз. Ол үшін Қытайды әлсіретуге бағытталған түрлі тәсілге жүгінуі ғажап емес. Әсіресе, технологиялық тұрғыда көптеген кедергі келтіруі мүмкін. Тек әзірге оның нақты қалай болатынын болжаған ешкім жоқ. Бірақ пандемия бұған дейін басталып кеткен процестерді тоқтатады деу қиын. Неолиберализм әлсіреп, авторитарлық жүйелер нығая түсуі ықтимал. АҚШ пен Қытай текетіресі де жалғаса беретін шығар.Экономика ше?
Сарапшылар пандемияның экономикадағы тәсілдерге де әсер еткенін айтады. АҚШ-тың халықаралық қатынастар бойынша маманы Шеннон О'Нил бұдан былай бизнес мол табысты емес, тұрақтылықты басты стратегия ретінде ұстанатынын айтады. Яғни, пайда қуып, кәсіпорындарды молынан ашу, жұмыс күші арзан елдерге өндіріс орындарын алмастыру азаюы мүмкін. Бұл, әсіресе трансұлттық корпорацияларға тікелей қатысты болуы ғажап емес. Apple, Samsung тәрізді алпауыттар зауыттарын Азия елдерінен алып кетсе де таңғалуға болмайды. Өйткені біздің пайымдауымызша, өндірісте адамды алмастыратын роботтарға қол жеткізген елдер арзан жұмыс күшін іздеуді тоқтататын болады. Онсыз да роботтар көп салада адамды алмастырып жатқанын ескерсек, COVID-19 пандемиясы мұны жеделдетіп жіберуі ықтимал. Одан бөлек, шикізат бағасының төмен, жоғары технологиялы өнімдердің қымбат болуы сақтала береді. Айталық, қазір бір баррель мұнайдың құны 34 доллар шамасында тұр. Бұл дегеніңіз – 1 тонна мұнай бағасы 92 мың теңгеден асады деген сөз. Iphone 11 cмартфонының ең арзаны 370 мың теңге шамасында. Мұныңыз 4 тонна мұнайдың бағасымен тең. Біз Brent маркалы мұнайдың бағасымен есептегендіктен, Қазақстан жағдайында жоғары технологиялы өнімдер үшін төлейтін құнымыз тіптен жоғары болуы мүмкін. Мұндай жағдай дамушы елдің барлығында сақталады. Сондықтан көптеген мемлекет бизнесті қолдауды жалғастыруы мүмкін. Бизнес пен мемлекет ынтымақтастығының жаңа үлгілері пайда болады деген болжам да бар. Бұл өз кезегінде ДСҰ мен түрлі аймақтық сауда-экономикалық одақтың ережесін қайта қарауға мәжбүрлеуі ғажап емес. Өйткені олардың көбі бәсекелестіктің тең болғанын құп көретін. Пандемиядан кейін әр мемлекет өз экономикасын өзі сүйемелдеуге мәжбүр болатындықтан, халықаралық шарттар мен одақтық талаптарды бұзуға мәжбүр болады. Бұл интеграция шарттарын да қайта қарауға алып келуі ғажап емес. Одан бөлек, технологиялық алпауыттармен тіресе алмайтындар азық-түлік саласына ерекше көңіл бөлуі ғажап емес. Алайда оған да 3d, нано және робототехника тартылатындықтан, дамыған елдерде азаматтардың жұмыссыз қалып, басқа салаларға бейімделу үрдісі жеделдейді. Дамушы елдерде біраз уақытқа дейін түрлі салада адам еңбегі басты рөл атқара беруі мүмкін. Қысқасы, COVID-19 пандемиясы жаһанда түрлі өзгерісті бастаған сыңайлы. Бірақ адамзаттың өткеннен сабақ алуды жиі ұмытып кететінін ескерсек, індет жойылған соң бұрыңғы «әнін» қайта жалғастыруы да мүмкін. Уақыт көрсетер.Амангелді ҚҰРМЕТ