Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевтың төрағалығымен өткен комиссия отырысында Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Амангелді Таспиховты Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы қабылданды.
Қаулы жобасын Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафина таныстырды. Оның айтуынша, президенттікке кандидат Амангелді Таспихов Алматы мен Шымкенттен басқа еліміздің 15 өңірінен 122 770 азаматтың қолын жинаған. Тексеру нәтижесінде 119 577 расталған қол анықталды.А.Таспихов кандидат ретінде тіркелу үшін Орталық сайлау комиссиясына өзінің кірістері мен мүлкi жөнінде декларация, тіркеуге кедергі келтіретін аурулардың жоқтығы туралы медициналық қорытынды тапсырған. ОСК Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Амангелді Таспиховты Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы қабылдады.
«2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Амангелді Таспихов Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат ретінде тіркелсін; президенттікке кандидат Амангелді Таспиховқа тиісті куәлік берілсін; президенттікке кандидат Амангелді Таспиховтың «Халықтық Жинақ Банкі» акционерлік қоғамына арнайы уақытша шот ашу үшін тіркелуі туралы мәліметтер берілсін; бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Амангелді Таспиховтың тіркелгені туралы хабарлама жариялансын»,– делінген С.Мұстафина жариялаған қаулыда.
Орталық сайлау комиссиясының мүшелері қаулы жобасына дауыс беріп, құжатты бірауыздан қабылдағаннан кейін ОСК төрағасы Берік Имашев президенттікке кандидат Амангелді Таспиховқа тиісті куәлікті табыс етті.
Ал бұдан бұрын Орталық сайлау комиссиясының отырысында Сәдібек Түгелді де 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы қабылданды. Жиынға бірқатар саяси партия мен мемлекеттік орган өкілдері қатысып, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Бақыт Сәрсенбайұлының қаулы жобасы туралы баяндамасын тыңдады.
Баяндамада 2019 жылғы 22 сәуірде «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік бірлестігі Орталық сайлау комиссиясына Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат ретінде Сәдібек Түгелдің құжаттарын тапсырғаны айтылды. Жиын соңында Сәдібек Түгелді Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат ретінде тіркеу, «Халықтық Жинақ Банкі» акционерлік қоғамына арнайы уақытша шот ашу үшін кандидаттың тіркелуі туралы мәліметтер беру туралы қаулы қабылданды.
«Ақ жол» демократиялық партиясы атынан ұсынылған Дания Еспаева Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат ретінде тіркелді. Енді Дания Мәдиқызына кандидат куәлігі беріліп, «Халықтық Жинақ Банкі» акционерлік қоғамынан арнайы уақытша шот ашылады.
Айдана БЕГІМ