Жүзге жуық вагонға тиелген 7 мың тонна бидай елімізден Орталық Азияға экспортталмай тұр, – деп хабарлайды КТК арнасы. Телеарнаның хабарлауынша, олар енді ең кемі мамырға дейін күтуі керек. Кәсіпкерлер қазірдің өзінде шығынға батқан. Мамырға дейін астық шіріп кетуі де мүмкін. Өйткені Ауыл шаруашылығы министрлігі астық экспортына шектеу қойды. Осы күндері бидайдың әлемдік бағасы әлдеқайда қымбаттаған. Содан күреп пайда таппақ болған отандық кәсіпкерлер енді опық жеп отыр. Орталық Азия елдеріне аттануы тиіс бидай тиелген 100-ге жуық вагон шекарадан аса алмай тұр. Нақтысы, министрлік тарапынан рұқсат жоқ. Енді шекарада шығындарын есептеуге мәжбүр.
Кәсіпкер Қанат Қабесов: «Экспортқа дайындаған бидай 16 вагонға тиеліп дайын тұр. Бірақ шетелге шығаруға рұқсат жоқ. Біз бұл бидайды квоталық шектеу енгізілмей тұрып тиеп, дайындап қойған едік. Енді мамырға дейін күтеміз бе сонда?» – дейді.Елдің ішкі азық-түліктік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бірінші кезекте деген министрлік 2 сәуірде шектеу енгізген. Ол бойынша 3-4 санаттағы бидайдың экспорты осы айда 200 мың тоннадан аспауы тиіс. Ал кәсіпкерлерді баға ғана қызықтырады. Мәселен, ішкі нарықтағы бидайдың 1 тоннасы 90 доллар болса, Ауғанстан, Өзбекстан мен Түркіменстанда 240 доллардан саудаланады екен.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Департамент директорының орынбасары Әкпар Мәуленов: «Өзіміз бидайсыз қалып қоямыз ба деп, басында тыйым салғанбыз. 22 наурыздағы бұйрықпен тыйым салынды да, одан кейін саралай келіп, бидаймен айналысатын шаруалардың бизнесін тоқтатпау үшін, тыйым салу емес шектеу қоюды ұйғардық», – дейді.Қазір шекарадан сыртқа өте алмай қалған 7 мың тонна бидайға рұқсат мамыр айында бір-ақ берілуі мүмкін. Шығынға батқан кәсіпкерлерге ешқандай көмекке келіп жатқан әзірге ешкім жоқ. Күткісі келмегендерге тиелген бидайды ішкі нарықта арзан бағамен саудалау ұсынылып отыр. Шектеу енгізілмей тұрып, сыртқы нарыққа айына 700-800 мың тонна бидай шығарылып тұрған екен. Министрліктің мәліметінше, бидай экспортын шектеу әр айда әр қалай өзгеріп тұрады. Бұл квоталардың күші осы жылдың қыркүйегіне дейін сақталады.