Балық көбейеді, браконьерлер болмаса...
Балық көбейеді, браконьерлер болмаса...
158
оқылды
Атырау – қазба байлы­ғымен қоса су мар­жанының түр-түрімен танылған аймақ. Бүгінде өңірде көктемгі балық аулау маусымы жалғасуда. Балықшылар «халықтың нәсібі» деп мөлшерімен ау­лап жүрген балықтар аш­көз браконьерлердің де қар­мағына кетіп жататынына көз үйренді. Атырау қаласында және Құрманғазы ауданында балық аулау және оны қайта өңдеумен 16 өндірістік кооператив пен бекіре балығын өсіретін екі зауыт айналысады. Атырау об­лысы Балық шаруашылығы бас­қармасының басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, бүгінде балықшылар бөлінген лимиттен 1 мың тонна балықты аулап үлгерген. Жалпы, биыл көк­темгі лимит 7 мың тонна деп белгіленген. Кеше Жайық өзенінің төменгі жағындағы бірнеше өндірістік учаскені аралап көрген мамандар балықшылардың ау-құралдарына негізінен торта балық пен табан балықтар көп түскенін айтты. Ауланған балықтың бір бөлігін кооперативтер қала базарларына еркін сатылымға шығарады, қал­ған бөлігі түрлі өнімдер дайын­дап шығару үшін қайта өңдеуге жөнелтіледі.    width= Атырау облысы балық шаруа­шылығы басқармасы өкілінің хабарлауынша, Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданында жаңа ауланған 570 тонна балық қолжетімді бағада халыққа са­тылған. Атырау облысы орман шаруа­шы­лығы және жануарлар әлемі ау­мақтық инспекциясының ресми өкілі Олег Тушкановтың сөзіне сенсек, балық аулау маусымында өндірістік кооператив балықшы­лары жергілікті екі бекіре балы­ғы зауытының мемлекеттік тап­сырысын орындауға барынша көмектесіп жатыр. Кешегі соңғы мәлімет бойынша, балықшылар аталған кәсіпорындар үшін 27 асылтұқымды өндіруші балық аулаған. Бұл негізінен ақсерке, шоқыр және бекіре балықтарының аталығы мен аналығы. «Бекіре – 2020» шарасы аясында бірнеше тонна балық тәркіленді.Бекіре тұқымдас және бас­қа да балық түрлерін сақ­­тау ша­раларын күшейтуге бағыт­талған «Бекіре – 2020» кең ауқымды балық қорғау акциясы қоры­тындыланды. Акция басталғалы бері табиғат қорғау органдары мен шекара қыз­м­етінің қызметкерлері 97 та­биғат қорғау заңнамасын бұз­ған­дарды анықтаған. Айталық, Атырау облысы аумағында – 84, Маң­ғыстау облысында – 7, Батыс Қа­зақстан облысында 6 заңбұзу­шылық оқиғасы орын алған.    width= Әкімшілік жауапкершілікке 47 заң бұзушы тартылған. Ак­ция барысында балық қорғау заңнамасын бұзушыларға 921,2 мың теңге сомасында әкімшілік айыппұл салынды. Заңсыз айна­лымнан 1 тонна 103 кг балық алынды. Оның 61,1 килосы – бекіре тұқымдас балықтар. Бұдан басқа, 23 бірлік аулау құралы, 6 жүзу құралы және бір автокөлік алынған. Құзырлы органдардың берген мәліметіне сүйенсек, талдау көрсетіп отырғандай, 2019 жылмен салыстырғанда тыйым салынған уылдырық шашу кезеңіндегі құқық бұзушылық мемлекеттік органдардың алдын алу жұмысы нәтижесінде төмендеген. Жалпы, «Бекіре – 2020» ша­расы аясында өткізілетін іс-шараларды жүзеге асыру, бағалы балық түрлерінің уылдырық шашу орындарына кедергісіз өтуіне жағдай жасайды. Сайып келгенде, бұл бекіре тұқымдас балықтардың экспортқа шығып, ел экономикасына үлес қосуына мүмкіндік береді.  

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы