Балық көбейеді, браконьерлер болмаса...
Атырау – қазба байлығымен қоса су маржанының түр-түрімен танылған аймақ. Бүгінде өңірде көктемгі балық аулау маусымы жалғасуда. Балықшылар «халықтың нәсібі» деп мөлшерімен аулап жүрген балықтар ашкөз браконьерлердің де қармағына кетіп жататынына көз үйренді.
Атырау қаласында және Құрманғазы ауданында балық аулау және оны қайта өңдеумен 16 өндірістік кооператив пен бекіре балығын өсіретін екі зауыт айналысады. Атырау облысы Балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, бүгінде балықшылар бөлінген лимиттен 1 мың тонна балықты аулап үлгерген. Жалпы, биыл көктемгі лимит 7 мың тонна деп белгіленген.
Кеше Жайық өзенінің төменгі жағындағы бірнеше өндірістік учаскені аралап көрген мамандар балықшылардың ау-құралдарына негізінен торта балық пен табан балықтар көп түскенін айтты. Ауланған балықтың бір бөлігін кооперативтер қала базарларына еркін сатылымға шығарады, қалған бөлігі түрлі өнімдер дайындап шығару үшін қайта өңдеуге жөнелтіледі.
Атырау облысы балық шаруашылығы басқармасы өкілінің хабарлауынша, Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданында жаңа ауланған 570 тонна балық қолжетімді бағада халыққа сатылған.
Атырау облысы орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының ресми өкілі Олег Тушкановтың сөзіне сенсек, балық аулау маусымында өндірістік кооператив балықшылары жергілікті екі бекіре балығы зауытының мемлекеттік тапсырысын орындауға барынша көмектесіп жатыр. Кешегі соңғы мәлімет бойынша, балықшылар аталған кәсіпорындар үшін 27 асылтұқымды өндіруші балық аулаған. Бұл негізінен ақсерке, шоқыр және бекіре балықтарының аталығы мен аналығы.
«Бекіре – 2020» шарасы аясында бірнеше тонна балық тәркіленді.Бекіре тұқымдас және басқа да балық түрлерін сақтау шараларын күшейтуге бағытталған «Бекіре – 2020» кең ауқымды балық қорғау акциясы қорытындыланды.
Акция басталғалы бері табиғат қорғау органдары мен шекара қызметінің қызметкерлері 97 табиғат қорғау заңнамасын бұзғандарды анықтаған. Айталық, Атырау облысы аумағында – 84, Маңғыстау облысында – 7, Батыс Қазақстан облысында 6 заңбұзушылық оқиғасы орын алған.
Әкімшілік жауапкершілікке 47 заң бұзушы тартылған. Акция барысында балық қорғау заңнамасын бұзушыларға 921,2 мың теңге сомасында әкімшілік айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 1 тонна 103 кг балық алынды. Оның 61,1 килосы – бекіре тұқымдас балықтар. Бұдан басқа, 23 бірлік аулау құралы, 6 жүзу құралы және бір автокөлік алынған. Құзырлы органдардың берген мәліметіне сүйенсек, талдау көрсетіп отырғандай, 2019 жылмен салыстырғанда тыйым салынған уылдырық шашу кезеңіндегі құқық бұзушылық мемлекеттік органдардың алдын алу жұмысы нәтижесінде төмендеген.
Жалпы, «Бекіре – 2020» шарасы аясында өткізілетін іс-шараларды жүзеге асыру, бағалы балық түрлерінің уылдырық шашу орындарына кедергісіз өтуіне жағдай жасайды. Сайып келгенде, бұл бекіре тұқымдас балықтардың экспортқа шығып, ел экономикасына үлес қосуына мүмкіндік береді.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Атырау облысы